«Маған келген әрбір адамның үміті мен сенімі – мен үшін аманат»
Қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – әділетті мемлекеттің басты қағидаларының бірі. Ал осы үдерісте қорғаушылардың, яғни адвокаттардың орны айрықша. Олар тек құқықтық кеңес беруші ғана емес, тағдыр таразыға түскен сәтте әділдікке жол ашатын сенімді тұлға. Қылмыстық істердегі күрделі жағдайлар, адам тағдырына әсер ететін шешімдер мен тергеу барысындағы түрлі түйткілдер – адвокат жұмысының күнделікті көрінісі. Осыған орай облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Әлия Арзымбетовамен қылмыстық істердегі қорғаушының рөлі, азаматтардың құқықтық сауаты мен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер туралы кеңінен әңгімелескен едік.
– Әлия Исмаділдақызы, айтыңызшы қылмыстық істерде қорғаушының негізгі рөлі қандай?
– Қылмыстық істе адвокаттың орны – айрықша. Бұл жай ғана кәсіби міндет емес, адам тағдырына тікелей әсер ететін жауапты миссия. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында әрбір азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға және білікті заң көмегін алуға құқығы бар екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Қорғаушы – сол құқықтардың орындалуына кепіл болатын тұлға. Ол тек заңды білетін маман ғана емес, қиын сәтте адамның жанынан табылатын тірек, үміт сәулесі. Кейде бір ауыз дәлел, бір дұрыс бағыт бүкіл тағдырды өзгертіп жатады. Сол сәтте қорғаушының кәсібилігімен қатар, адамгершілігі де сынға түседі.
– Сіздің тәжірибеңізде ең жиі кездесетін қылмыстық істер қандай?
– Өкінішке қарай, тәжірибемде жиі кездесетін істердің қатарында зорлау, бұзақылық, тонау, қарақшылық сияқты ауыр қылмыстар бар. Әсіресе зорлық-зомбылық сипатындағы істердің азаймай отырғаны жанға батады. Екі қыздың анасы болғандықтан, мұндай істерді қарау мен үшін тек кәсіби міндет емес, жүрекке салмақ салатын ауыр жүк. Әрбір жәбірленуші қыздың көзіндегі қорқыныш пен үмітсіздікті көргенде, барынша сабыр сақтап, оларға заң аясында ғана емес, адами тұрғыда да қолдау көрсетуге тырысамын. Себебі кейде бір жылы сөздің өзі үлкен демеу бола алады. – Қорғаушы ретінде ең басты қағидаңызды қалай сипаттар едіңіз?
– Менің басты қағидам – жауапкершілік. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Маған сеніп келген әрбір адамның үміті мен сенімі – мен үшін аманат. «Арық сөйлеп, семіз шығу» деген нақылды ұстанамын. Яғни, бос уәде бермей, нақты нәтижеге жұмыс істегенді жөн көремін. Себебі заң саласында артық сөз емес, дәлел мен әрекет маңызды. Әр істі жүрегімнен өткізіп, барынша әділ шешімге жетуге күш саламын.
– Күдікті ұсталған сәттен бастап қорғаушы қандай әрекеттер жасауы тиіс?
– Ең алдымен қорғауымдағы адаммен ашық, сенімді әңгіме жүргіземін. Оның жағдайын толық түсініп алмай, дұрыс бағыт ұсыну мүмкін емес. Содан кейін Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 70-бабына сәйкес қылмыстық іс материалдарымен танысуға өтініш білдіремін. Қажетті құжаттардың көшірмелерін алып, істің әрбір деталіне үңілемін. Тергеу әрекеттеріне қатысып, қажет болған жағдайда қосымша қорғаушы тағайындау туралы да өтініш жасаймын. Бұл – тек рәсімдік әрекет емес, адамның тағдырын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс.
– Тергеу барысында азаматтар жиі қандай қателіктер жібереді?
– Ең жиі кездесетін қателік – асығыстық. Көп жағдайда азаматтар қорғаушы келмей тұрып, құжаттарға толық таныспай қол қоя салады. Бұл кейін олардың өз құқықтарын қорғауына үлкен кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болса да, сабыр сақтап, әрбір қадамды ойланып жасау қажет. Заң – асығыстықты кешірмейді.
– Қорғаушының қатысуы істің нәтижесіне қаншалықты әсер етеді?
– Қорғаушы – істің әділ қаралуына ықпал ететін негізгі тұлғалардың бірі. Ол тергеу барысында қысымның болмауын қадағалап, дәлелдердің заңды түрде жиналуын қамтамасыз етеді. Көп жағдайда қорғаушының кәсіби жұмысы нәтижесінде жазаның жеңілдеуі, тіпті бас бостандығынан айырмау жазасының қолданылуы мүмкін. Яғни, оның әрбір әрекеті адам тағдырына тікелей әсер етеді.
– Айыпталушының құқықтары толық сақталмайтын жағдайлар кездеседі ме?
– Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жоқ емес. Кейде тергеу барысында заң талаптары толық сақталмай жатады. Осындай сәттерде қорғаушы ҚР ҚПК-нің 106-бабына сәйкес тергеушінің әрекеті немесе әрекетсіздігіне шағым түсіреді. Бұл – азаматтың құқықтарын қорғаудың заңды әрі тиімді жолы.
– Азамат қылмыстық іске тартылған жағдайда ең алдымен не істеуі керек?
– Ең бірінші – қорғаушы шақыру қажет. Бұл – ең дұрыс әрі қауіпсіз шешім. Қорғаушының қатысуымен ғана жауап беру – өз құқықтарыңызды қорғаудың негізгі кепілі. Себебі заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды.
– Қандай жағдайда үнсіз қалу құқығын пайдалану маңызды?
– Егер күмән туындаса, сенімсіздік болса немесе қорғаушы жанында болмаса, үнсіз қалу құқығын пайдаланған дұрыс. Бұл – заңмен берілген құқық. Кейде бір артық айтылған сөздің өзі жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін.
– Тергеу кезінде қысым көрсетілгенін қалай дәлелдеуге болады?
– Мұндай жағдайларды дәлелдеу үшін нақты айғақтар қажет. Мысалы, бейнебақылау жазбалары, ғимаратқа кіріп-шығу журналдары, уақыт белгілері – барлығы маңызды дәлел бола алады. Заң алдында әрбір әрекет дәлелмен сөйлейді.
– Жалған айып тағылған жағдайда өзін қалай қорғау керек?
– Мұндай жағдайда сабыр сақтап, нақты дәлелдерге сүйену қажет. Оқиға болған сәттегі өз орныңызды, кіммен болғаныңызды дәлелдеу – ең маңызды қадам. Телефондағы қоңыраулар, хабарламалар, геолокация, банк операциялары – барлығы ақиқатқа жетелейтін құралдар. Әрбір дерек – сіздің қорғаныңыз.
– Бүгінде қылмыстық істерде қандай өзекті мәселелер бар?
– Істердің кейде әдейі созбалаңға салынуы – өзекті мәселелердің бірі. Бұл азаматтардың жүйкесі мен уақытына, жалпы әділдікке деген сеніміне кері әсер етеді.
– Тергеу органдары мен қорғаушылар арасында түсініспеушілік бола ма?
– Иә, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Тергеуші көбіне айыптау бағытын ұстанса, қорғаушы керісінше жеңілдететін мән-жайларды іздейді. Бұл – екі тараптың да өз міндетін адал атқаруынан туындайтын заңды процесс.
– Цифрлық дәлелдер сотта қаншалықты маңызды?
– Қазіргі заманда цифрлық дәлелдердің маңызы өте жоғары. Бейнежазбалар, аудио, хат алмасулар – істің ақ-қарасын ажыратуда шешуші рөл атқарады. Кейде бір ғана видео бүкіл істің бағытын өзгертіп жатады.
– Сіздің тәжірибеңіздегі ең күрделі іс қандай болды?
– Әр іс – бір тағдыр. Бірақ отбасы ішінде орын алған ауыр қылмыстар ерекше ауыр тиеді. Мұндай істерде тек заңгер емес, адам ретінде де үлкен күйзеліс сезінесің. Туғандар арасындағы алауыздықты көру – жанға бататын жағдай.
– Есте қалған немесе қоғамға әсер еткен іс туралы айтып бере аласыз ба?
– Жасөспірімдерге қатысты ауыр істер әрдайым жүректе із қалдырады. Бір сәттік ойсыз әрекет қаншама тағдырды өзгертетінін көргенде, қоғам үшін үлкен сабақ екенін түсінесің.
– Қорғаушы ретінде қандай жағдайда ең қиын шешім қабылдайсыз?
– Кәмелетке толмағандарға қатысты істерде шешім қабылдау өте қиын. Себебі бұл жерде тек заң емес, баланың болашағы таразыға түседі.
– Азаматтар құқықтық сауатты болу үшін не істеуі керек?
– Көп оқу, іздену, заңды түсінуге ұмтылу қажет. Құқықтық сауат – кез келген адамның өзін қорғаудағы ең мықты қаруы. –
Қылмыстық жауапкершіліктен сақтану үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Адал болу керек. Ешкімнің ала жібін аттамау – ең үлкен қорған. Егер қылмысқа куә болсаңыз, бейжай қарамай, тиісті органдарға хабарлау – әр азаматтың борышы.
– Жастарға заң тұрғысынан қандай ескерту немесе кеңес айтасыз?
– Жастар ең алдымен өз ортасын дұрыс таңдауы керек. Ата-анамен сенімді қарымқатынас орнату – өте маңызды. Қандай жағдай болса да, заңға қайшы әрекеттерден аулақ болып, өз болашағы үшін жауапкершілікпен қарау қажет. Өмірдің кілті – өз қолымызда екенін ұмытпауымыз керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Мақпал СҮЙІНБАЙ