Кәсіпкер әйелдердің үлесі артып келеді
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бизнесмен әйелдердің үлесі статистикалық есеп бойынша 58,8 пайызды құрайды екен. Негізінен қыз-келіншектер сауда-саттық пен қызмет көрсету салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Оған қоса өндіріс, құрылыс кәсіпорындарында да оң нәтиже көрсетуде.
Ұлттық статистика бюросы келтірген дерегі бойынша еліміздегі әйелдер саны 10 миллион 488 мың 74 адам. Оның ішінде еңбекке белсендісі 55,5 пайызды құрайды. Жалпы жұмыспен қамтылғаны – 48 пайыз. Жалдамалы жұмысшылар арасындағы әйелдер үлесі – 50 пайыз, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасындағы үлесі – 45 пайыз. Тұрақты жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санындағы білім саласындағы үлесі 20 пайыз болса, сауда-саттықтағы үлесі – 19 пайыз. Денсаулық сақтау саласындағы әйелдер үлесі 10 пайыз екен. Жеке кәсіпкерлер арасындағы әйелдердің үлесі – 50,8 пайыз. Ал әйелдердің ең көп саны Алматы мен Астана қалаларында және Түркістан мен Алматы облыстарына тиесілі екен.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрліктің дерегіне сүйенер болсақ, елімізде бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқаруда. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,1 пайызын құрайды. Жалпы әйелдер сауданы, қызметтерді, сұлулық индустриясын, қоғамдық тамақтануды, білім беру жобаларын, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамаларды батыл дамытуда. Олар өңір экономикасын нығайта әрі заманауи даму трендін қолдай отырып, тұрақты, технологиялық және қоғамдастыққа бағытталған кәсіпорындар құруда.
Аталған министрліктің қолдауымен елімізде 20 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Олар арқылы ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 4 бағытта қолдау көрсетіледі. Орталық өкілдерінің айтуынша, бірінші бағыт – ақпараттықконсультациялық көмек. Мұнда орталыққа қайырылған 16326 әйелге 60249 қызмет көрсетілген. Екінші бағыт – жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, есептілік, «1С», бизнесжоспар мен ілгерілету стратегиясын әзірлеу. Бұл бағытта 6410 әйелге 7106 қызмет ұсынылған. Үшінші құрал – «Іскерлік байланыстар». Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, шетелде тағылымдамадан өтеді. Бағдарламаны 36 кәсіпкер бастаса, оның ішінде 10 әйел аяқтады. Төртінші құрал – жергілікті өндірушілердің әлеуетін ашуға көмектесетін және ауылдық жердің экономикалық дамуын күшейтетін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Бүгінгі таңда қатысушылардың 90 пайызы әйелдер. Бір мыңнан астам қатысушы кеңес алса, оның ішінде 742-сі әйел. 38-і финалға жетті. Жоба 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға және оқытуда, брендингте және өнімді жылжытуға қолдау алуға мүмкіндік береді.
Тағы бір бағыт – ЕҚДБ-мен бірлескен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы. 2015 жылдан бастап 565 консалтингтік және коучингтік жоба өткізілген. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 10 мыңға жуық кәсіпкер «Микробизнестегі әйелдер» бес модульді онлайн бағдарламасына қатысты.
Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.
Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы жанынан іскер әйелдер кеңесі құрылған. Ол шағын және орта бизнесте жүрген әйелдерге, кәсібін жаңа бастаған қызкеліншектерге және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жұмыс істеп жүрген нәзік жандыларға қолдау көрсетеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, өңірде өткен жылы әйел кәсіпкерлерді дамыту орталығы ашылған. Әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті арасында меморандумға қол қойылған. Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағытында іске қосылған «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы аясында 50-ге жуық әйел кәсіпкер жұмыспен қамтылған. Сондайақ «Мен кәсіпкер» жобасының шеңберінде 274 қызмет көрсетілсе, 698 азаматшаға кеңес берілген.
Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Фарида Жүнісованың айтуынша, өңірде кәсіпкерлік нысандарға басшылық жасап отырған әйелдер үлесі 40-тан асып жығылады. Ал палатаның Өңірлік кеңесі әртүрлі салалар мен аудандардан келген 16 кәсіпкерді біріктіреді, ал жеті салалық кеңес ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптен бастап құрылыс, көлік, білім беру, медицина, сауда және туризмге дейін барлығын қамтиды. Палата бизне с пен билік арасындағы көпір ретінде жұмыс істейді. Шешім қабылдауға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және шағын және орта бизнестің өсуіне жағдай жасауға көмектеседі. – Кәсіпкерлікті қолдау – «Атамекен» Ұлттық палатасының маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда бизнес саласында жүрген қыз-келіншектер аз емес. Облыста әйелдер басшылық ететін кәсіпкерлік субъектілердің үлесі 42 пайызды құрайды, – дейді ол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Журналист.