Спорт және туризм

Таразда велоспорттан республикалық ашық турнир басталды

Таразда велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының иегері әрі Азия чемпионы Дінмұхамед Ұлысбаевты еске алуға арналған I республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында тасжолдағы велосипед спортынан өтіп жатқан бұл додаға еліміздің барлық өңірлерінен, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 135-тен астам спортшы қатысуда.

Дінмұхамед Ұлысбаев өз мансабында велоспорттан 2016 жылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен. Сонымен бірге Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы атанып, Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жүлдеге ие болған. Жарыстың салтанатты ашылуында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұлов сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

Турнирдің ұйымдастырылуына мұрындық болған №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрлан Саурықовтың айтуынша, Дінмұхамед Ұлысбаев та сол мектептің түлегі болған.

Бес күнге созылатын бұл бәйгеде спортшылар түрлі дистанциялар бойынша бақ сынайды. Мәртебелі меймандар қатарында Дінмұхамед Ұлысбаевтың анасы Рабиға Әденова да болды. Ол ұлын сағынышпен еске алып, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, Дінмұхамед Ұлысбаев 2023 жылы АҚШ-та жүрек жеткіліксіздігінен 24 жасында қаза болған. Турнир жас жүйріктерге жігер беріп, қазақ спортының жаңа есімдерін танытатын өнегелі шараға айналмақ.