Жұрттың бәрі жүгері егуге жүгіруі мүмкін
Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл арнайы экономикалық аймақта ірі жобалар қолға алынып жатыр. Мәселен, соңғы жылдары мұнда 10 кәсіпорын бой көтеріп, 4 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Соның бірі – қытайлық «Shenqtai Biotech CO. LTD» компаниясы қолға алған жүгеріні қалдықсыз өңдейтін зауыт құрылысы.
«Shenqtai Biotech CO. LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Сю Цзин Чжаоның айтуынша, жаңа зауыт құрылысы қарқынды жүргізілуде. Зауыттың өнімділік қуаты жылына 500 мыңнан 1 миллион тонна жүгері өңдеуге дейін жетеді. Ал кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде бұл көрсеткішті 3 миллион тоннаға дейін жеткізу мүмкіндігі тумақ. Жаңа зауыт құрылысын жүргізуге шамамен 420 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Бұл жобаның жүзеге асырылуы үшін инвесторларға барлық жағдай жасалуда. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жаңа жоба оңтүстік өңірлердегі агроөнеркәсіп саласын дамытуға айрықша серпін береді. Өйткені мұнда жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Компания басшылығының айтуынша, серіктестік құрылыс жұмысы кезінде негізінен қытайлық технологияны қолданады. Сондықтан мамандар да аталған елден жұмылдырылатыны түсінікті. Алайда зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін жұмыстың басым бөлігін жергілікті мамандар жүзеге асырады.
Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, зауыт осы жылы жұмысты ішінара бастауға ден қойып отыр. Нақтырақ айтсақ, биыл 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге күш салмақ. Ал 2027 жылы серіктестік 1-1,5 миллион тонна көлемінде жүгері сатып алуға бекініп отыр. «Біз өзімізге қажетті жүгерінің бәрін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен алуға ниеттіміз. Әлбетте, мүмкіндік жетсе, елдің барлық өңірінен сатып алуға қауқарымыз жетеді. Сіздердің көмектеріңіздің арқасында оңтүстіктегі шаруалардың басым көпшілігі жүгері егеді деп сенемін. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бізге қолдан келгенше қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Ал жүгерінің сұрпына қатысты айтар болсам, біздің зауытқа жергілікті өнім жарайды. Қандай да бір талабымыз жоқ. Жұмсақ жүгеріні ғана қабылдаймыз. Шаруалар осыны назарда ұстаса дейміз. Ал жүгеріні сатып алу нарықтық баға жүйесімен жүзеге асырылады. Себебі бізде бекітілген нақты баға тарифі жоқ», – дейді компания өкілі.
Серіктестік басшысының орынбасары келтірген дерекке жүгінсек, отандық шаруалар жүгері алқабын кеңейтуге ниеттенсе, «Shenqtai Biotech CO. LTD» ЖШС тарапынан оларға техникалық көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Алайда жергілікті азаматтармен бірлесіп жүгері алқаптарын кеңейте алмайды. Өйткені еліміздің заңнамасында шетелдік компаниялардың Қазақстан аумағында мұндай жұмыс атқаруына тыйым салынған.
Компания басшылығының айтуынша, мұндағы қызметкерлердің еңбекақысы 200 мың теңгеден 1 миллион теңге аралығында болмақ. Жалақы көлемі қызметкердің функционалдық міндетіне байланысты тағайындалады. «Кәсіпорында жатып жұмыс істеуге ниетті азаматтарға арналған екі бірдей жатақханамыз бар. Олардың осында қалып қызметтік міндетін атқаруға ешқандай кедергі жоқ. Әрқайсысына 900-ден астам адам сыяды. Бұдан бөлек, отбасылы жұмысшыларға арналған пәтерлер де бар. Ал үйіне барып-келіп жұмыс істегісі келетіндерге арнайы көлік қарастырылған», – дейді серіктестік басшысының орынбасары.
Компания университеттермен келісім жүргізу аясында Қытайға оқуға жіберілген жастардың бәрін жұмысқа қабылдаған. Олар тек жұмыс істеу жүйесін толық меңгеру, кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында ғана арнайы курстарға жіберіледі. Зауыт маңайында орналасқан асханада қазақы мәзірге сай тағамдар дайындалатынын да айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, жүгеріні тереңдетіп өңдейтін зауытта жұмыс істеуге барлық мүмкіндік қарастырылғаны көңіл тоғайтады.
– Жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту туралы уәдемізге берік болуға мүдделіміз. Бұл өз кезегінде шығынымызды азайтатынын айта кеткен ләзім. Біздің жоспар бойынша басқару жүйесіндегі 50 маман ғана Қытайдан келеді. Қалған шаруаны жүзеге асыруға еліміздің азаматтары жұмысқа қабылданатыны анық. Біз қазір Алматы қаласы мен Жамбыл облысындағы университеттермен сөйлесіп жатырмыз. Олар бізге керек мамандарды даярлауға көмектеседі. Жергілікті 40 студентті жаңа технологияны меңгеру мақсатында Қытайға оқуға жіберіп, олардың біліктілігін арттырдық. Ал компания Жамбыл облысы аумағында тіркелгендіктен, салықтық түсімдер Жамбыл облысына төленеді, – дейді серіктестік басшысының орынбасары Сю Цзин Чжао.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Шу ауданы