Таза Қазақстан

Табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісі

Тараз қаласында облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының салтанатты ашылуы өтті. Игі шара тарихи орын – Қарахан кесенесі аумағында ұйымдастырылып, жас буынды еңбекке баулу мен елжандылық рухты нығайтуды көздеген маңызды бастамаға айналды.

Іс-шараны облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, «Жасыл ел» бағдарламасының қоғамдағы маңызына тоқталды.

– « Жасыл ел » – бұл отансүйгіштікпен жауапкершіліктің, табиғатқа деген жанашырлығы жарқын үлгісі. Сіздер еліміздің көркеюіне, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестеріңізді қосып, игі істің басында жүрсіздер. Туған жердің табиғатын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы», – деді ол.

Сондай-ақ жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Қадралиев және жас волонтер Болат Аққанат сөз алып, жастардың белсенділігі мен еріктілік мәдениетінің маңызын атап өтті.

Жиын барысында «Жасыл ел» бағдарламасының негізгі мақсаты – жастарды уақытша жұмыспен қамтып қана  қоймай, оларды еңбекке баулу, патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосу екені айтылды.

Ашылу рәсімінен кейін жасақ сарбаздары нақты іске кірісті. Олар қала аумағындағы бірқатар нысандарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Айша бибі кесенесі, Көне Тараз этномәдени орталығы, Талас өзені жағалауы және «Мамыр» саябағында абаттандыру және тазарту жұмыстары атқарылды.

Айта кету керек, «Жасыл ел» – еліміздегі жастарды біріктіретін, олардың белсенді  азаматтық азаматтық ұстанымын қалыптастыратын ірі қозғалыстардың бірі. Жоба аясында жыл сайын мыңдаған жас еңбек етіп, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып келеді.

Бүгінде экология мәселесі жаһандық деңгейде өзекті болып отыр. Осы орайда «Жасыл ел» сияқты бастамалар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Таразда өткен бұл іс-шара – тек еңбек маусымының баст а луы ғана емес, ол жастардың бірлігімен белсенділігін, туған жерге деген сүйіспеншілігін айқындайтын маңызды қадам болды.

Мадина МҰСАБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз университетінің

4-курс студенті.