Кез келген жағдайға дайын болу қажет
Облыста су тасқынына дайындық барысы пысықталды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық еткен кеңесте 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды.
Жалпы облыс аумағындағы 42 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан. Сонымен қатар елді мекендер мен шаруашылық нысандарына қауіп төндіруі мүмкін 12 су қоймасы бар.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекзат Қамбаров қазіргі таңда елді мекендерде қар жамылғысы мен топырақтың қату деңгейі жоқ екенін жеткізді. Гидрологиялық деректерге сәйкес өзендердегі су деңгейі тұрақты, күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Өңір басшысы ауа райының күрт жылынуы таулы аймақтардағы мұздықтардың еруіне әкеліп, көлбеу ағын қаупін күшейтуі мүмкін екенін атап өтті. Алдағы аптада жауыншашынның мол түсуі болжанып отыр.
Облыс әкімі кеңесте бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, осы аптаның сенбісінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында арық-атыздар мен су жүйелерін тазалау, автожолдар бойындағы көпірлер мен су өткізу құрылғыларының жай-күйін тексеру, сондайақ техникалардың дайындығын қатаң бақылауға алу міндеттелді.
Сонымен қатар су тасқыны қаупі бар елді мекендерде қажетті резервтер жасақталып, мобильді топтар құрылуы тиіс. Ауа райының өзгерісіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, гидротехникалық құрылыстарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуы қажет.
Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар алдын ала жоспарланып, жанар-жағармай, азық-түлік, медициналық және материалдық-техникалық қорлардың жеткілікті болуы қамтамасыз етілуі тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Алтай Әліге мәселені тұрақты бақылауда ұстау міндеті қойылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.