Қоғам

Жұмыс орны көп пе, әлде жұмыссыз жүргендер көп пе?

Қазіргі қоғамда еңбек нарығы қарқынды өзгерістерге ұшырап отыр. Технологияның дамуы, экономиканың жаңа бағыттарға бет бұруы және білім беру жүйесіндегі өзгерістер мамандарға деген сұранысты жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, салалық мамандардың тапшылығы байқалуда. Әсіресе техникалық, медициналық, IT және өндіріс салаларында білікті кадрлардың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Бұл жағдай экономикалық дамуға, кәсіпорындардың тиімділігіне және қоғамның жалпы әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Еліміздегі түрлі салалар бойынша білікті мамандардың тапшылығы мәселесі әсіресе облыстар мен өңірлерде айқын сезіледі. Көптеген жас мамандар ауылдық жерлерге, аудан және облыс орталықтарына баруға аса құлықты емес. Соның салдарынан өңірлерде кадр жетіспеушілігі күшейіп отыр. Әсіресе медицина мен білім беру салаларында сапалы мамандардың жетіспеуі өзекті мәселеге айналды. Бұл жағдай өңір тұрғындарының сапалы қызмет алу мүмкіндігіне әсер етіп, аймақтардың әлеуметтік дамуына да ықпал етуде.

Облыс бойынша еңбек нарығына жүргізілген талдау нәтижесінде өңірде жұмыс орындарына деген сұраныстың жоғары екендігі анықталды. Жалпы, портал деректері бойынша 700-ден астам вакансия тіркелген. Салалар бойынша, ең жоғары сұраныс «білім беру және тәрбие», «біліктілік санаты жоқ мамандықтар», « медицина және фармацевтика», «өндіріс», сондай-ақ « құрылыс және архитектура» бағыттарында. Сонымен қатар бухгалтерлерге, қаржыгерге және  құжат айналымы бойынша мамандарға да тұрақты түрде жұмыс орындары ашылып отыр. Кәсіпорындар мен мекемелердің көбі тәжірибелі есепші және бастапқы құжаттарды жүргізуші мамандарды жиі іздейді. Жамбыл облысында ақпараттық технологиялар, интернет және телекоммуникация салаларында да сұраныс өсіп келеді. Инженерлер, ITмамандар, жүйе әкімшілері мен бағдарламашыларға тұрақты түрде бос жұмыс орындары ұсынылуда.

Бұдан бөлек, маркетинг, PR , және жарнама салалары бойынша да кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе банктік секторда, инвестиция, лизинг және корпоративтік қызмет көрс ету с а ла ларында тәжірибелі менеджерлер қажет. Өңірдің өндірістік бағытында да маман тапшылығы бар. Әсіресе тамақ өнеркәсібі, жеңіл және ауыр өндіріс салаларында тәжірибелі технологтар, инженерлер және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сонымен бірге, құрылыс саласында жобалаушылар  мен сәулетшілерге, құрылыс инженерлеріне, дәнекерлеушілерге және жөндеу-шебер мамандарына сұраныс артып отыр.

Қызмет көрсету мен туризм саласында да бос орындар көбейіп келеді. Туризм, қонақ үй ісі, медицина, масс медиа, және іс-шараларды ұйымдастыру бағыттарында да жаңа мамандар қажет.

Сонымен қатар enbek.kz порталындағы бос жұмыс орындарын талдау бойынша наурыз айында мекемелер мен кәсіпорындардан 734 хабарламадан 1336 бос жұмыс орындары жарияланды. Порталда 23 түрлі мамандықтар бойынша, ұсынылған жалақының басым бөлігі 100000-200000 теңге аралығында және 200000 теңгеден жоғары жалақы ұсынатын жұмыс орындары бар. Жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған вакансиялардың басым бөлігі толық жұмыс күніне арналған. Сонымен қатар жартылай жұмыс күні, вахталық және ауысымдық жұмыс түрлері де ұсынылады, алайда олардың үлесі салыстырмалы түрде төмен.

Білім деңгейіне қойылатын талаптар бойынша, көптеген вакансиялар жоғары білімді талап етіледі, техникалық және кәсіптік білімге де сұраныс жоғары. Сонымен қатар орта білімді талап ететін жұмыс орындары да бар, бұл еңбек нарығына әртүрлі деңгейдегі азаматтардың қатысуына мүмкіндік береді.

Медицинадағы кадр тапшылығы 

Өңірде маман тапшылығы ең алдымен денсаулық сақтау саласында байқалады. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстағы мемлекеттік ұйымдарда дәрігерлер тапшылығы 2021 жылы 169 бірлікті құраса, 2022 жылы 108 бірлікті, 2023 жылы 80 бірлікті, 2024 жылдың қорытындысымен бүгінгі күнге өңірімізде дәрігерлер тапшылығы 70 бірлікті, оның ішінде 24 қала, 46 ауылды жерді құрайды.

Тапшы дәрігерлердің басым бөлігі Тараз қаласы бойынша жалпы практикалық дәрігер 1 және терең білімді анестезиолог-реаниматолог – 3, физикалық медицина және реабилитация – 3, психиатр – 3, клинфармаколог – 5, потологиялық анатомия – 2, пульмонолог – 2, терапевт, инфекционист, невролог, эпидемиолог, физикалық диагностика мамандықтары бойынша бір маманнан қажеттілік бар.

Ауылдық елді мекендерде тапшы дәрігерлердің басым бөлігі жалпы практикалық дәрігер 6 және терең білімді терапевт – 5 маман, педиатр – 2, акушер-гинеколог – 3, радиология (сәулелі диагностика) – 4, анестезиолог-реаниматолог – 4, кардиолог – 3, инфекционист – 3, невролог – 2, онколог – 2, отоларинголог, офтольмолог және балалар хирургиясы, неонатолог, нефролог, травматолог-ортопед, уролог, физикалық медицина және реабилитация, эпидемиолог, фтизиатр, функционалдық диагностика мамандықтары бойынша қажеттілік бар. Кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Оқу бітіргеннен кейін облыстық мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 53 дәрігер өңірге жұмысқа келген, ал 84 дәрігер резидентурада оқиды. Оқу бітіріп, жұмысқа келген дәрігерлер қажеттілікке қарай жұмыс орындарына бөлінеді. Тараз қаласындағы медицина қызметкерлерінің бірі бұл жағдайдың бірнеше себебі бар екенін айтады. «Жас мамандар көбіне үлкен қалаларға кеткісі келеді. Астана мен Алматыда мүмкіндіктер көп. Ал ауылдық жерлерде инфрақұрылым мен кәсіби даму мүмкіндігі шектеулі», – дейді дәрігерлердің бірі. Маман тапшылығы салдарынан кейбір тұрғындар күрделі медициналық тексеруден өту үшін басқа өңірлерге баруға мәжбүр.

Мектептерге мұғалім жетіспейді

Кадр тапшылығы білім беру саласында да байқалады. Жамбыл облысы білім басқармасының мәліметі бойынша, облыс бойынша бүгінгі күнге педагогикалық кадрларға жалпы 53 маман қажет. Мамандарға сұраныс пәндер бойынша әртүрлі: ең көп қажеттілік математикаға – 18, орыс тіліне – 9, химияға – 7, физика мен психологқа әрқайсысына 6, ағылшын тіліне 5, ал география мен АӘД пәндеріне әрқайсысына 1 маман қажет. Әсіресе Шу ауданында мұғалім жетіспеушілігі қатты байқалады екен. Жас мамандардың көпшілігі қалада жұмыс істеуді қалайды. Білім саласының мамандары бұл жағдай оқушылардың білім сапасына әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Ауыл шаруашылығында білікті маман аз

Жамбыл облысының экономикасында ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі болып саналады. 2024 жылғы ресми деректер бойынша, облыста ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 400 миллиард теңгеден астам болған. Соған қарамастан, салада агроном, ветеринар, агроинженер сияқты мамандар жетіспейді. Кейбір шаруашылықтарда заманауи техниканы пайдаланатын білікті кадрлардың тапшылығы байқалады. Сарапшылардың пікірінше, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жастардың аз болуы да мәселені күрделендіріп отыр.

Құрылыс пен өндірісте де маман тапшы

Соңғы жылдары Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылы өңірде 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – облыс үшін айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Дегенмен құрылыс компаниялары инженерлер, жобалаушылар, дәнекерлеушілер және техникалық мамандардың жетіспейтінін жиі айтады. Өндіріс орындары да осындай қиындыққа тап болып отыр. Жамбыл облысында химия, құрылыс материалдары және өңдеу өнеркәсібі дамып келеді. Алайда кейбір кәсіпорындар техникалық білімі бар мамандарды табуда қиындық көруде.

Неге жастар техникалық мамандықтарды таңдамайды?

Елімізге белгілі профориентолог Омарбек Көшкімбайұлы кадр тапшылығының басты себептерінің бірі – жастардың мамандық таңдауы екенін айтады. Соңғы жылдары мектеп түлектерінің көпшілігі құқық, экономика, менеджмент, қаржы сияқты мамандықтарды таңдауға бейім. Ал еңбек нарығында керісінше инженерлер мен техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Еңбек нарығын зерттеушілердің айтуынша, бұл – білім беру жүйесі мен экономиканың қажеттіліктері арасындағы сәйкессіздіктің бір көрінісі.

Маман тапшылығын азайту үшін мемлекет бірқатар бағдарламаларды іске асырып келеді. Соның бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Бағдарлама аясында ауылдық жерлерге барған жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі. Жамбыл облысында бұл бағдарлама арқылы жыл сайын жүздеген жас маман ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасады. Олардың басым бөлігі – мұғалімдер, дәрігерлер және мәдениет қызметкерлері. Дегенмен сарапшылар бұл бағдарламаның өзі мәселені толық шешпейтінін айтады. Себебі жас мамандардың бір бөлігі бірнеше жылдан кейін қайтадан қалаға көшіп кетеді. Мамандардың пікірінше, кадр тапшылығын шешудің маңызды жолдарының бірі – мектептен бастап кәсіби бағдар беру. Егер оқушылар еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс бар екенін ерте білсе, олар болашақ кәсібін саналы түрде таңдай алады. Сонымен қатар колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланыс күшейтілуі, студенттердің өндірістік тәжірибесі көбейтілуі, техникалық мамандықтардың беделі арттырылуы қажет.

Экономистердің айтуынша, кадр тапшылығы тек әлеуметтік мәселе емес, экономикалық фактор болып отыр. Егер өңірде білікті мамандар жеткілікті болмаса, инвестициялық жобалардың іске асуы баяулайды, өндіріс тиімділігі төмендейді, жаңа технологияларды енгізу қиындайды. Сондықтан адам капиталы – кез келген өңірдің дамуы үшін ең маңызды ресурс.

Облыста кадр тапшылығы мәселесі бірнеше салада байқалады. Медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы және техникалық бағыттарда білікті мамандарға сұраныс жоғары. Мемлекеттік бағдарламалар белгілі бір нәтижесін беріп жатқанымен, мәселені толық шешу үшін білім беру жүйесін еңбек нарығымен үйлестіру, техникалық мамандықтардың беделін арттыру және ауылдық жерлерде жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау сияқты кешенді шаралар қажет. Өйткені кез келген өңірдің дамуы ең алдымен білімді, кәсіби және жауапкершілігі жоғары мамандарға байланысты. Жамбыл облысының болашағы да дәл осы адам капиталына тікелей тәуелді.

Арна ЖҰМАТАЙ