Қоғам

Қағаз жүзінде ашылған мекемелер қашан жұмысын бастайды?

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Серік Жақсылықұлы алдымен өткен жылғы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде комиссия төрт рет бас қосып, он екі өзекті мәселені талқылаған. Нәтижесінде жауапты мекемелер мен тұлғаларға жалпы саны елу тапсырма жүктелген. Оның ішінде төртеуі ұзақ мерзімді, отызы қысқа мерзімде орындалуы тиіс, ал тағы төртеуі тұрақты түрде жүзеге асырылуы қажет.

Алайда қабылданған хаттамалардың орындалу барысын талдау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, облыстық  полиция департаментіне штат санын толықтыру және қажетті ақпараттарды ұсыну жөнінде жүктелген міндеттер әлі күнге дейін толық орындалмаған. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтерді кинотеатрлар мен әлеуметтік желілерде жариялау, сондай-ақ рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру бойынша берілген тапсырмалар облыс әкімдігі, ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отыр. Бұдан өзге, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті әкімдіктерге агрессорлармен медициналық ұйымдар деңгейінде жұмыс жүргізу тапсырылғанымен, бұл бағыттағы шаралардың сапасы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы тарапынан ат а-ана лар комитеттеріне нормативтік- құқықтық  актілерді жеткізу және түсіндіру жұмыстары да тиісті дәрежеде ұйымдастырылмай келеді. Бұған қоса, аталған екі басқармаға колледждер мен жалпы орта білім беру ұйымдарына ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында семинарлар мен кездесулер өткізу міндеттелген. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар да толық әрі жүйелі түрде жүзеге аспаған.

Серік Жақсылықұлы бұл тапсырмалар жекелеген тұлғаның емес, комиссия мүшелері мен қоғам өкілдерінің бірлескен шешімі екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол аталған шаралардың бір жолғы науқан емес, тұрақты бақылауды қажет ететін жүйелі жұмыс екенін ескертіп, жауапты мекемелерді бекітілген бағдарлама лар мен жоспарлар аясында өз міндеттерін сапалы орындауға шақырды. Кемшіліктерді түзету үшін бір ай мерзім белгіленді. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Диляфруз Кенжеханова баяндама жасады. Спикер отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар мен құқықбұзушылықтардың қазіргі ахуалын саралады.

Баяндамашының есебінен кейін бірқат ар аудандағы отбасын қолдау орталықтарының жұмысына қатысты түйткілді мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандары тарапынан орталықтардың жұмысы туралы нақты ақпараттың ұсынылмауы және полиция бөлімдерімен бірлескен профилактикалық ісшаралардың мүлдем жүргізілмеуі сынға алынды. Серік Сәлемов осы мәселелерге назар аударып, орталықтардың қағаз жүзінде ашылғанымен, ғимарат пен қаржыландыру мәселелеріне байланысты жұмыс істемей тұрғанын, сондай-ақ полиция қызметкерлерімен арадағы кері байланыстың жоқтығын қатаң ескертті. Мамандардың сигналдық хабарламалармен жұмыс істеуді әлі де толық меңгермеуі мен ведомствоаралық байланыстың әлсіздігі жұмыс с апасын тежеп отырғаны айтылды. Осыған байланысты Серік Жақсылықұлы бір аптада барлық аудандағы отбасын қолдау орталықтары мен жергілікті полиция қызметкерлерінің басын қосып, ортақ жұмыс алгоритмін түзу қажеттігі жөнінде тапсырма берді. 

Арна ЖҰМАТАЙ