Мәдениет

Ат тұяқты адам

Адам баласы бұл өмірге бір-ақ рет келеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмыры қуаныш пен қайғыдан, қателіктер мен тәжірибелерден тұрады. Әсілінде, әрбір жанның пешенесіне жазылған тағдыры бар. Десе де ойламаған жерден өліп-тірілген адам жайлы естімеген шығарсыз.

Жапон жазушысы Акутагава Рюноскэ «Ат тұяқты адам» новелласы арқылы сөнген рухқа жан бітірді. Ал басты кейіпкер Осино Хандзабуро адам мен табиғат арасындағы қарама-қайшылықтар мен өзгешеліктердің бар екеніне мызғымас дәлел болды.

Әріптестерінің алды да емес, арты да емес, не мақтау сөз, не даттау сөз естімейтін, әйтеуір өз тіршілігін жасап жүрген адамның жартылай жануарға айналатынын кім білген?! Әдеттегі күндердің бірі еді, ол жұмыс үстелінен бас алмай, қағазға көміліп отыр. Жанындағы достары да оғаш ештеңе байқаған жоқ. Бір мезетте жерге тарс еткен дыбыс естілді. Сөйтсек, Хандзабура жантәсілім етіпті. Өте түсініксіз және қайғылы оқиға орын алды. Алайда әріптестерінен жылау, қорқу, қайғыру сықылды сезімдер мүлде сезілмейді.

Ол өзінің тірі емес екендігін білмейді. Көзін ашса, таңсық әлем. Қасындағы адамдардың гу-гу әңгімесіне сүйенсек, ажал шатасып, басқа адамды әкетіп қалыпты. Өткен өмірі туралы дәптерінде оған әлі өмір сүру керектігі көрсетілген. Енді оны өз әлеміне жіберейін десе, қайтыс болғанына 3 күн өтуіне байланысты екі аяғы жарамсыз болып қалған. Содан алмастыратын аяқ табылмай, қанша жалынғанымен аттың аяқтарын салады. Ең қызық жері осы кезде басталады. Аяқтарым болса болды, жер басып жүре беремін деген кейіпкердің мінез-құлқы уақыт өткен сайын жануарға ұқсайды. Қара басына мәлім бұл құпияны тірі жанға білдірмеу өте қиын. Жұмыста тұяқтары қышу, ұйықтар алдындағы мазасыздық оның күнделікті әдетіне айналды. Табиғат пен адам байланысты болғанымен, жаратылысы екі түрлі. Нақтырақ айтқанда, бір-бірінің әлеміне баса-көктеп кіріп, иә болмаса біте қайнасып кете алмайды. Хандзабуроның өмірі де дәл сондай. Жұртты шошытып алмайын десе де тұла бойындағы хайуанның қаны өз болмысынан ажырамайды. Ақыр аяғында барлық құпияны жұбайы біліп қояды. Алғаш көргенде қатты шошығанмен, артынша сырласқысы келеді. Өкінішке қарай, аяқтары ғана емес, жан дүниесі тұяқтыға айналғандықтан күйеуі үйіне қайта оралмайды. Фантазия мен психологияның тоғысуынан туған көркем шығарма оқырманға үлкен ой салады. Әуелі біз «ажал» дейтіннің, о дүниенің, есеп дәптерінің шындыққа жанасатынына куә болдық. Шығармада автор адам мен жануар арасындағы шекараны символдық түрде көрсетіп, қоғамдағы жатсыну, жалғыздық және өзін-өзі қабылдау мәселелерін көтерді.

P.S: Кейде біз өзгелерден ерекше болудан қорқамыз. Бірақ шын мәнінде, адамның ең үлкен трагедиясы – өз болмысын жасырып, қоғамға ұнау үшін өзінен бас тартуы.

Әсем АСЫЛБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті.