Әдебиет

Аристократ ақын туралы айтар сөз

Нарша Қашағанов жайлы айтар сөз көп-ақ. Көп сөздің ішінен елге керек-ау деген тұсын айтсам деп отырмын. Нәкең жан-жағына жарық сәулесін шашып, сәуесін тигізіп жүретін нағыз зиялы жан еді. Сондай ақ оның сыршылдығы, сыншылдығы, шыншылдығы, сырбаздығы, ақпейілділігі, адалдығы, тағы басқа асыл қасиеттері оның тұлғасын ажарландырып, абыройын асқақтатып тұратын еді. Бір сөзбен айтқанда, ол «аристократ», яғни «ақсүйек» ақын болатын.

Нәкеңнің тілі балдай тәтті, удай ащы. «Ақын ағаның балдай тілі – оның жыр жинақтарында жиі байқалатын құбылыс» деуге болады. Ол елдік, ерлік, туған жер, атамекен, ана, достық және адамгершілік қасиеттері жөнінде жазғанда, талайды тамсандырған тамаша бір дәмді таңдайыңа татқандай боласың.

Ол удай тілін өмірде өте жиі қолданса керек. Ол жөнінде ел аузында жүрген аңыз көп. Ол удай ащы тілін кеудесі көк тіреген, елдің төбесінен қарайтын менмендерге, жұртты жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтын, дүмімен диірмен тартатын «мықтыларға» арнайтын. Ол біз тілін біз сияқты өзінен жасы да, дәрежесі де төмен боқмұрын інішектеріне сұққылай бермейтін. Бізге қарым-қатынасы бөлек болатын. Мейіріммен қарап, мерейімізді өсіретін. Үлкендігін пайдаланып, ірілігін көрсетпейтін. Кісімсуге жоқ, кішіпейілділік жасауға бар еді.

Сол тұста «Ленин жолы» газетінде Нарша Қашағанов, Серік Томанов, Көсемәлі Сәттібаев, Телғара Үсенбаев және мен бар, бесеуіміз де бір ауылдан шыққан әдеби қызметкер болдық.

Қазір Нарша ақынды біршама ел «ауылдан шыққан ақын-жазушылардың ағасы» деп айтып жүр. Ол – өте-мөте рас сөз. Біз журналистиканың да, ақындықтың да қыр-сырын Нәкеңнен үйренгеніміз өтірік емес. Ол кісі бізге еш уақытта: «Отырыңдар, ойымды ортаға салайын, білгеніммен бөлісейін» демейтін. Өзіміз үйірілген кезде ғана тәлімін үйретіп, үлгісін шашып қалатын. Нарша аға біздің назарымызды өзіне аудармай қоймаушы еді. Қарқылдап күліп қаратпаса да, жарқылдап жүріп, жанымызды баурап ала қоятын. Жарасымды киім киіп келсе де, біздің оның жанына жақын баруымызға себеп болатын.

Ол қандай әңгіме болса да, соңын өлеңге келіп тірейтін. Киім туралы сөзден сөз шығып, ақын Марат Отаралиевтің:

Ақындық маған дарыған,
Осынау жүдеу күйімде.
Ақындар қашан жарыған,
Ақша менен киімге?! –

деген өлеңін оқи қоюшы еді.

«Дүниенің кітабын оқып тастадық» деп, демімізге нан пісіп жүрген біздің Нәкеңнің үйіне барып, бір қабырғаны алып тұрған кітапханасын көргенде мысымыз басылып, мықшиып қалатынбыз. Ол Алматыдан, Мәскеуден дүниежүзілік әдебиеттің алтын қорына енген небір құнды кітаптарды тапсырыспен жаздырып алатын. Ол кітаптың ыстық-суығы басылғанша өзімен бірге алып жүруші еді. Біз әуестеніп: «Нәке, бұл не кітаптар?» деп сұрайтынбыз. Сонда Нәкең ол кітаптардың айтар ой-идеясы мен ақиқатты айтып жеткізудегі артықшылығын, ішкі мазмұнының ерекшеліктері мен ондағы оқиғаларды тартымды етіп тәптіштеп түсіндіріп бергенде, біз ол кітаптарға қатты қызығатын едік. Өзгені қайдам, өзім: «Бұл кітапты маған бере тұрыңыз, оқып болған соң өзіңізге қайтарамын» дейтін жағдайда емес едім. Оның көбі орысша, оған менің тісім бата қоймайтын еді. Дегенмен, Нәкеңнің әлгіндей әңгімесінің өзі бізге әдеби шығармаларды дұрыс танып-білуімізге көп септігін тигізгенін айта кеткен абзал шығар.

Бірде Нарша ағам екеуіміз Алматыда кездесіп қалдық. Ол мені қоярда-қоймай, өзімен сырлас, мұңдас болып жүрген Алпамыс деген журналист досының үйіне ертіп барды. Нәкеңмен өткен әр отырыс менің ойымды қозғап, қиялыма қанат бітіріп, шабытымның желкеніне жел беріп қоятын еді. Алпамыс ағаның үйінде де ол өлең өлкесіне ойша саяхат жасап, талантты ақындардың талайлы жырларын талқылап, талдап берді. Ара-тұра өзінің өлеңдерін де оқып отырды. Мұның бәрінің әсері мен үшін айрықша болды. Мұның бәрін Нәкең мені «үйренсін, үлгі алсын» деп айтып отырғанын ішім сезеді-ақ, бірақ ол үшін алғыс айтудың ретін таппай-ақ қойдым, сонда. Соңыра кезекті маған берді. Мен «Ай, осы өлеңдерім өтеді-ау» дегенін ортаға салдым. Нәкең оған өте жоғары баға беріп, менің көңілімді көтеріп қойды. Сол-ақ екен, үй иелерінің маған құрметпен қарай бастағанын байқадым. Сөйтсем, Нәкең мені бір жағы баулып, бір жағы насихаттап жүрген екен ғой.

Сол үйге қонып қалдық. Ертеңіне үй иелерімен қоштасып, сыртқа шыққалы тұрғанда, Нәкеңнің қырағы көзі менің үстімдегі мыж-мыж плащыма түсіп кетпесі бар ма? Сол-ақ екен:

Мен оның айтқанын екі ете қойған жоқпын. Нәкең плащты менен ала сала, табан астынан қажетті жабдықтарды тауып алып, үтікті токқа қоса қойды. Артынша менің плащымды үтіктей бастады. Менің есім ауып қалғандай болды. Өзім өзгеше сыйлайтын өр ағама киімімді үтіктетіп қою – ақтауға келмейтін айып, кешіруге келмейтін кінә еді мен үшін. Мен Нәкеңнің қолындағы үтікке жанұшыра жармастым. Бұл іске Нәкең шын пейілмен кірісіп кеткен-ау деймін, үтікті маған әрең берді.

Бұл Нарша ағаның ешқандай өлшемге сыймайтын ерекше қасиеті екені анық. Мақұл, мені ұялтып, маған сабақ болсын деп, сондай іске барды делік. Бірақ, қақыратып айтатын қабілеті, сүйектен өтетін сөзі, тіліп түсер тілі бар Нәкең берер тәлімін қолмен жасап көрсетіп жатуға мұқтаж емес еді ғой. Сондықтан да мен бұл іс жаны жайсаң жақсы ағаның тарапынан жасалған кішіпейілділіктің асқан үлгісі дер едім.

Негізі Нәкең өр басын өзінен жоғарыдағы кісілерге имей өткеніне көпшілік куә. Ал оның өзіне күні түсіп жүрген кішілерге құрмет көрсетуі – нағыз адамгершілік белгісі емес пе? Әйтпесе, ол кезде менің айтысқа да қатысып үлгермеген кезім. Өлеңдерім Нәкеңнің ықпалымен аудандық газетте ғана жарық көрген, басқа еш баспасөзде жарияланбаған. Нәкеңнің жетегімен елге енді-енді танылып келе жатқан жай әншейін біреу едім ғой. Сонда да мені қадірлей, қастерлей білген қайран ағамның қандай қасиетке ие адам болғанын шамалай беруге болатын шығар.

Ақын Наршаның жаны сұлу жан екені жазған жырларынан да байқауға болады. Ол ешқашан да желөкпе сезімнің жетегінде кетіп, жеңіл ой, жел сөзді суша сапырғандардың қатарынан табылған емес. Ол ондайларды «ақын емес» деп танитын. Өзі жаман өлең жазғысы келмегендіктен, аз жазатын, аз жазса да саз жазатын. Өзіне өте қатты әсер етіп, өзін толғандыратын жайтты ғана ақ параққа түсіретін.

Нәкең «ақындық» дегенді өзі «кірпік ілмей күзетіп, қазақы қасиетті қалғытпау» деп түсінетін секілді. Оның жазған жырларынан халық мұрасының қадірін қайта көтеру жолында қызмет етуге деген құштарлығы байқалады. Бұл оның көңілі ояу, көкірегі сергек екенін көрсетеді. Сонымен бірге оның туындылары асқақ азаматтық пафосқа толы. Ал азаматтық пафос ақынның атамекен, туған жер, Отан, халық, ана алдындағы перзенттік парызын терең сезіне білуінен туындаса керек.

Иә, оның елдік, ерлік, кісілік, достық, адамгершілік қасиеттер жөніндегі өлеңдері – ақын болмысын айғақтайтын айшықты туындылар. Мұның бәрі ақын Нарша Қашағановтың өз өлеңдеріне ұлттық рухты ұстын етіп алғанын дәлелдеп тұр.

Ақын ағамыз атақ-мансап қуған жоқ. Ол мансап қууды «майдалық», атақ қууды «арсыздық» деп танитын. Ол қызметте өршеленіп өскен жоқ, өлеусіреп өшкен жоқ, бұйырған қызметтің бұйдасын ұстап жүре берді. Бірақ бір нәрсе анық – ол қай жерде жүрсе де абыройлы болды, адамгершілік биігінен түскен жоқ, аристократ ақын қалпында қала берді.

Шорабек АЙДАРОВ,
айтыскер ақын.