Экономика

Қарызды уақтылы қайтару – садақа беруден де жақсы

Асыл дініміз Исламда адам баласының екі дүниесіне қажетті барлық мағлұмат қамтылған. Осындай қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде баяндалған мәселелердің бірі – қарыз алу және оны қайтарудың әдептері. Қарыз беру мен оны қайтаруға қатысты әдептерді білмегендіктен, кейде білсе де дұрыс амалға асырмағандықтан адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жатады. Осыны терең түсінген ата бабаларымыз: «Қарыз беру уайым емес, қайтарып алу – уайым», «Көшуден бұрын керуен басыңды сайла, қарыз алудан бұрын, береріңді ойла», «Қарыз қатынас бұзады» делінген даналық сөздерді айтқан.

Осы тұрғыдан біз облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпекпен сөйлескен едік. Қарыз беру және алу, оны қайтару мәселесі жайлы пікірін білдік. Мұсылман адам алушы қол, беруші қолдан төмен екенін есте ұстайды. Сол себепті де аса мұқтаждық көрмесе, тапқаны күнкөрісіне жетсе, өзгелерден жәрдем сұрамағаны дұрыс екендігін айтты. Бекерден бекер қарыз алу жақсы іс емес. Сондықтан қарыз сұраушы адамның себептері салмақты, яғни мұқтаждығы орынды болуы керек. Лұқман Хакім: «Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы», – деген екен. Сол себепті жаныңыз қиналып тұрса, аса қатты қажет болып тұрғанда ғана қайтарамын деген ниетпен алу керек екен.

Қарыз адамның жай-күйі белгілі ғой. Жүрек тыныштығын таппай,ойы мен ісінің берекесі кетіп, күні бойы қарызды қалай қайтарамын деген уайымға салынады. Сондайда бір сәт тыныштық тауып, Алланың құзырына қалдырып, қолын жайып Алладан сұраса, мұқтаждығы өтеледі. Дұға – мұсылманның қаруы, құлшылықтың өзегі. Алла қолын жайып сұраған пендесін бос қайтаруға ұялады. «Мен жауапты ойлап, уайымға салынбаймын, өйткені, менің ісім – Оған дұға жасау. Егер маған дұға жасау бұйырылса, жауап та онымен бірге келеді» деген екен Омар ибн әл-Хаттаб. «Алла Тағала сені сынаса – үніңді естігісі келгені, ал дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені». Ендеше, қиындықтарыңды дұға деген қарумен жеңіп шық! Алланың көркем есімдерімен дұға жасаған адамның дұғасының қабыл болу мүмкіндігі жоғары.

Сүннетке сай қарыз ауыртпашылығынан құтылуға жазсын баршамызды! Қарыз болмайық, ағайын!

Аружан СҰЛТАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті.