Аймақ

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?

Сәуірден бастап зейнетақы қорының шотта қалуы тиіс жеткіліктілік шегін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл шешім жинақтарды пайдалану көлемінің, әсіресе жастар арасында күрт артуымен байланысты болып отыр. министрдің дерегінше, бүгінге дейін халық 5 триллион теңгеге жуық жинағын алған болса, соның бестен бірі – 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтардың еншісінде. Сондықтан министрлік жинақтау жүйесін дамыту үшін талаптарды қайта қарауды жөн деп санайды.

Қазіргі таңда министрлік жаңа шектерді есептеу бойынша Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте министр жаңа есептеу формуласының жобасын да түсіндіре кетті.

Сонымен қатар министр зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі толық жойылмайтынын атап өтті. Жинағы жеткілікті азаматтар бұрынғыша емделуге немесе несиесін өтеуге пайдалана алады, бірақ талаптар бұрынғыдан қатаңдатылады.

Айта кетейік, Отбасы банк зейнетақы жинақтарын емделуге, соның ішінде стоматологиялық қызметтерге пайдалану мүмкіндігін қайта енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.

Aq jol-Аqparat.