Кітап оқитындардың қатары көбейіп келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Брифинг барысында кітапхана қызметінің негізгі бағыттары, заманауи жобалар мен көрсеткіштер кеңінен таныстырылды.
Кітапхана бүгінгі таңда өңір тұрғындарына сапалы кітапханалық қызмет көрсетіп, оқырмандардың ақпараттық сұранысын қанағаттандыру және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Есепті кезеңде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы қалыптастыру және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар мазмұнды жобалар жүзеге асырылған.
Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша кітапхана қоры 274261 дананы құраса, оның 96025-і мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Кітап қоры 2304 данаға толықтырылып, оның 2204-і қазақ тіліндегі басылымдармен толыққан. Мемлекеттік тапсырыс аясында 1786 кітап түссе, соның 1702-сі – мемлекеттік тілде.
Кітапханаға тіркелген оқырмандар саны 6251-ге жетіп, келушілер саны 54900-ді құрады. Ал кітап берілімі 117568 дананы көрсетіп, оның 95865-і қазақ тіліндегі кітаптар болды. Бұл оқырмандардың ана тіліне деген сұранысының жоғары екенін аңғартады.
Есепті кезеңде 67 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оның 51-і офлайн, 16-сы онлайн форматта өтті. Жалпы 66 мың 115 оқырман қамтылып, оның басым бөлігі онлайн аудиторияға тиесілі болды.
Брифинг барысында кітапхана директоры Aulieata library мобильді қосымшасының мүмкіндіктеріне де тоқталды. Өткен жылдан бері іске қосылған бұл қосымша оқырмандарға еркін түрде электронды кітап оқуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қосымшаға 127 автордың 328 кітабының электронды нұсқасы енгізілген.
Сонымен қатар кітапхана жұмысында жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Қазақ әдебиетінің көрнекті туындылары заманауи форматта ұсынылып, оқырманға жаңа тәсілмен жеткізілуде. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» сынды шығармалары көркем бейнеленіп, цифрлық мазмұнда ұсынылған.
Бұл бағыттағы жұмыстар ұлттық әдеби мұраны жаңа буынға жақындатудың тиімді жолы екенін көрсетеді.
Кітапхана базасында жүзеге асырылып жатқан жобалар да ауқымды. Атап айтқанда, «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» секілді жобалар арқылы сирек кітаптарды цифрландыру, өңірлік деректерді жинақтау жұмыстары жүргізілуде.
Мәселен, құнды кітаптарды сақтау мақсатында 363 сирек басылым цифрландырылса, жергілікті 86 ақын-жазушының 200 кітабы электронды форматқа көшірілген. Ал дерекқорға 1960 мақала мен 22217 газет нұсқасы жинақталған.
«Ел болып оқимыз» жобасы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған. Өңір бойынша 112 іс-шара өткізіліп, 2527 оқырман қамтылған.
Сонымен қатар «Жазушымен бір күн», «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында да түрлі кездесулер мен әдеби кештер ұйымдастырылып, оқырман мен қаламгер арасындағы байланыс нығая түскен.
Жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының тұсаукесері өтіп, рухани ортада жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік жасалған.
2026 жылы кітапхана ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында республикалық кітап фестивалі, «Жыл маманы – 2026» байқауы, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған облыстық байқаулар мен форсайт сессиялар бар.
Бұл бастамалар кітапхана қызметін жаңа деңгейге көтеріп, оқырман қауымның қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Брифинг барысында ұсынылған мәліметтер кітапхананың тек дәстүрлі қызметпен шектелмей, заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын көрсетті. Цифрлық технологияларды енгізу, жаңа жобаларды іске асыру және оқырманмен тығыз байланыс орнату – кітапхана жұмысының басты бағытына айналған.
Кітапхана – рухани құндылықтардың алтын қазығы. Ал оны заман талабына сай жаңғырту – бүгінгі күннің басты міндеті.
Мақпал СҮЙІНБАЙ