Суды ұтымды пайдалану – ең өзекті мәселелерінің бірі
Суды ұтымды пайдалану – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені су тек табиғи ресурс қана емес, ол ауыл шаруашылығының дамуы мен жалпы тіршіліктің негізгі тірегі.
Мемлекет басшысының аграрлық секторды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемін ұлғайту міндеті қойылып, 2030 жылға дейін нақты жоспарлар бекітілген.
Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2024 жылы су үнемдеу технологиялары 55,4 мың гектар алқапқа енгізіліп, 2023 жылмен салыстырғанда 15,4 мың гектарға артты. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 66,5 мың гектарға жетті.
2026 жылы көрсеткішті 76,6 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Ал алдағы жылдары 2027 жылы 103,6 мың гектарға, 2028 жылы 137 мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 234 миллион текше метр су үнемделетін болады.
Бұл ретте тамшылатып және жаңбырлатып суару, сондай-ақ лазерлік тегістеу сияқты тиімді технологиялар кеңінен қолданылуда. Мемлекет тарапынан шаруаларды қолдау мақсатында 50 пайыздық субсидия қарастырылған.
Сонымен қатар, су тапшылығын азайту мақсатында жер асты су ресурстарын пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 11 мың гектар алқап ұңғымалар арқылы суландырылып отыр. Бұдан бөлек, Талас, Шу және Байзақ аудандарында жалпы көлемі 37,5 мың гектарды қамтитын пилоттық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл шаралар өңірдің трансшекаралық су көздеріне тәуелділігін азайтып, болашақта оны 43 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, суды ұтымды пайдалану бұл тек экономикалық қажеттілік емес, бұл экологиялық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Сондықтан су ресурстарына жауапкершілікпен қарау баршамыздың ортақ міндетіміз.
Болат Сағынбеков,
Жамбыл облысы әкімдігінің
ауыл шаруашылығы басқармасы
басшысының орынбасар