Таразда моноспектакльдер байқауы өтті
А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Байзақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Әл- Фараби» атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған республикалық халық театрлары фестивалі өтті.
Фестивальге еліміздің әр өңірінен келген халық театрлары қатысты. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының «Ұштаған», Түркістан облысының «Келес», Абай облысының «Ақсуат», Батыс Қазақстан облысының «Тасқала», Қарағанды облысының «Ақтоғай», Қызылорда облысының «Шиелі», Алматы облысының «Кеген», Жетісу облысының «Мұқыры» халық театрлары, сондай-ақ облысымыздың Жуалы ауданынан «Мыңбұлақ» және Талас ауданынан «Талас» халық театрлары өнер көрсетті. Фестивальдің алғашқы күні қатысушылар көрнекті театр қайраткері А.Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Айтулы доданың ашылу салтанатын облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ақжарма тілегін ортаға салды.

Бұдан соң бағдарлама аясында әрбір театр ұжымы өздерінің моноспектакльдерін сахналап, көрерменге ұсынды. Абай облысынан келген «Ақсуат» халық театры алғашқылардың бірі болып өнер көрсетті. Бұл театр ұжымы өнерде өзіндік орны бар театрдың бірі.

Ал 2004 жылы құрылған батыс қазақстандық «Тасқала» халық театры Н.Гогольдің «Шинель» және «Жындының жазбалары» шығармаларының желісі бойынша «Жоғалу» мелодрамасын ұсынды. Маңғыстау облысынан келген «Ұштаған» халық театры Камшат Нармуханбетованың «Интернат наны» қойылымын қойды.
Сахна – олардың тағдыры, өнер – олардың ғұмыры. Қойылымдардан арнайы мамандар мен қазылар алқасы тарапынан кәсіби талқылаулар ұйымдастырылып, актерлік шеберлік, режиссура, сахналық шешімдер жан-жақты сараланады. Бұл қатысушылар үшін үлкен тәжірибе алмасу алаңына айналып отыр. Ал байқаудың қорытынды бөлімінде жан-жақтан келіп өнер көрсеткен өнерпаздар марапатталды.
Альмира КЕРІМБАЕВА,
Тараз университетінің 4-курс студенті.