144 шетелдік елден шығарылды
Өңірде көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Ауқымды рейдтік жұмыстар нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 399 шетелдік азамат пен азаматтығы жоқ тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі – 317 адам ТМД елдерінен келгендер болса, 83-і алыс шетел азаматтары.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 144 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Оның ішінде 133-і ТМД елдерінің азаматтары, ал 11-і алыс шетелден келгендер. Бұл – өңірде көші-қон талаптарының сақталуына ерекше мән беріліп отырғанының айқын көрінісі.
Сонымен қатар тек шетел азаматтары ғана емес, оларды қабылдаушы тараптардың да жауапкершілігі назардан тыс қалмады. Көші-қон заңнамасын бұзуға жол бергені үшін Қазақстан Республикасының 89 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 31 азамат шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жауапқа алынды.
Аталған іс-шара аясында заң бұзушылықтардың ауыр түрлері де тіркелді. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактілері бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзғаны үшін тағы 1 қылмыстық іс тіркелді.
Бұдан бөлек, соттың елден шығару туралы шешімін орындамаған 2 шетелдік анықталып, олар да Қазақстан аумағынан шығарылды.
Облыстық полиция департаменті көші-қон заңнамасын бұзу әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғатынын ескертеді. Осыған байланысты азаматтар мен жұмыс берушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға, барлық қажетті құжаттарды уақтылы рәсімдеуге шақырады.
Құқықтық тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі. Ал заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Мақпал СҮЙІНБАЙ