Әдебиет

Талқысына тағдырдың төтеп берген...

Аңыз Аға, абыз Аға, ардақ Аға! Міне, Сіздің де фәни дүниеден бақи дүниеге өткеніңізге де жүз күн толыпты. Бойында бұлықсыған қазақ қаны бар азаматтардың қабырғасын қайыстырып кеттіңіз. Өзіңізбен қоштасуға келген қалың жұрт атақты опера, балет театрының кең залына сыймады. Коридорда да, сырт алаңда да тұрған қарақұрым халықтың қарамы сананы таңдандырғандай еді. Өзіңізге деген халықтың ұлы сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін еместей.

(эссе-монолог)

Осы орайда, артқа шегініс жасамасқа болмайды. 2024 жылы өзіңіздің жарық көрген «Актермін мен мың өліп, мың тірілген...» кітабыңыздың атауы Сіздің кең өрісті, үлкен өнер жолында ақ тер, көк тер болып, жанкештілікпен еткен еңбегіңіздің шынайы шежіресіндей әсер етті. Атан түйеге жүк болардай атақ-даңқыңыз, алуан сипатты марапаттарыңыз сізге еш оңайлықпен келмегені әмбеге аян.

Сіздің театр, кино өнерінің Олимпіне көтерілуіңіздің бастауы сонау сырт көзге қораштау көрінетін, табиғат көркі былайғы жұртты тамсандырмайтын бұрынғы ІІІ Интернационал колхозында басталған болатын.

Сіздің бес томдығыңыздың 3-томының 127-бетінде басылған менің «Ұшқан ұя» атты мақаламда өзіңіздің құрдасыңыз марқұм Кәрішал Уызбаев пен жақын жеңгеңіздің естелігін келтіріппін. Кәрішал:

– Біз 1944 жылы бірінші сыныпқа бірге бардық. Осы күнгі мәдениет үйінің маңында Байлы деген кісінің ұстаханасы болатын. Маңында бөлек-бөлек ескі үйлер болды. Сонда тығылыспақты жиі ойнайтынбыз. Меніңше, Асанәлінің әртістік өнерінің алғашқы ұшқыны осы бір тұстарда көрінді-ау деп ойлаймын. Балалар «әртіс» ойнайтынбыз, тақпақ айтатынбыз. Ауылға өте сирек келетін әртістерге еліктейтін әдет бар-ды.

Асанәлінің құрдастары оның сол кезде өз жанынан шығарған «Он алты шал» деген өлеңінің бар екендігін жақсы біледі. Менің есімде жекелеген жолдары қалыпты. Соны бір білсе, Асекеңнің жақын жеңгесі Сәтжан білер...

Сәтжан Шүленбайқызы:

– Иә, иә, бәрі болмаса да біршамасы есімде бар. Кәдімгідей әлгі атақты «Он алты қыз» әніне салып айтқанда, мен орағымды ора алмай, күлкіден құлап қаламын. Осы бет-аузын құбылтып, даусын кенеп айтқанда, келістіреді. Кәрішал екеуі орақта үнемі маған көмектесетін.

Қызыл ту да біздің қолдан түскен жоқ. Мен өте жаспын. Он алтымда осы Асанәлінің жақын жеңгесі болған едім. Енді жандары жанната болғыр, атын атамайтын аталарым кешіре жатыр. Сен сұраған соң, түгелдей есімде қалмаса да, қайырмасын айтып көрейін. Асанәлі қолына қурай ма, таяқ па алып айтқанда, әлгі «Он алты шалы» құлпырып кетеді. «Астыма мінген атым гінадушка...» – деп айтып келеді де:

Молда атанған Тоғызақбай,
Маймаңдаған Тоқпанбай,
Кірпігі ұзын Ынтықбай,
Жуан сары Әлжекең,
Сырық бойлы Болтекең,
Құртақандай Құсекең,
Тәй-тәйлаған Қасекең,
Гүрілдеген Мұсекең,
Бәлекей шал Әлсекең,
Тентек мінез Тырнекең,
Арба айдаған Бәсекең,
Басын таңған Махажан,
Аумай қалған ападан, – деп шұбатып кете беретін. Осылай айтып-айтып алады да:

– Сәтжан, мұны ешкімге айтып қойма, – деп, мойныма асылып еркелейтін.

Міне, мен келтірген осы үзіндіден ақ сіздің тал бойыңызда әртістік өнердің жарқ-жұрқ еткен ұшқыны сол кезде-ақ бар екенін білгенбіз. Енді оның қайдан бастау алған жауабын да сіздің әкеңіздің замандасы, туысы, қан майданда етігімен су кешкен серігі, өзіңіз көрген соғыс ардагері Жарылқасын Сырттанбеков ағамыз былай деп еске алыпты:

– Асанәлінің әкесі Әшімнің бауырлары өте тату-тәтті, ұжымы ажырамаған, құдайына қараған жандар. Төрт үйлі жан қазақы қоржын тамда тұрып жатты. Барлығы бір самаурыннан шай ішеді. Ең кенже інісі Қасым екеуінің рең-жүзі, пішімі қатты ұқсайтын. Асанәлінің шешесі Тәжіхан да баласын өсіру үшін аз азап шеккен жоқ.

Әшім екеуміз, Амантайдың әкесі Серік, Смағұл, Жайлау, Ертай, Алыбай, Сексен, Мәмбет, Әбіш, Ақберген, Мәмбетбай деген жігіттер Челябіде 40 күн ойнадық. Сталинград шайқасына қатыстық. Қақаған қыста окопта жаттық.

Тіпті бірде Әшімнің шинелінің етегі тоңға қатып қалып, кесіп алғанымыз есімде. Мінезі жібектей, кісімшілігі жоқ, қатты сөзді білмейтін жан еді. Оның күлдіргі мінезі бәріміздің есімізде. Бірде ол махорка темекісін газетке ерекше ұзын етіп, шиыршықтай орап алды. Сөйтті де оны окоптан басын қылтитып, жоғары көтерді. Үстімізден оқ зулап өтіп жатыр. Біз шу ете қалдық.

– Өй, Әшім, не істеп жатсың?

– Мына шылымымды немістің оғына тұтатып алайын деп жатырмын, – деді аспай-саспай. Бәріміз күліп жатырмыз. Тамақ ішіп отырғанда да, ұрыстан аз-кем тыныс кезінде де, оның айтар әзілі, күлкілі сөзі таусылмайтын. Сол Сталинград маңында тоғыз ай жаттық. Қатты қырғыннан біздің топтан алты-ақ адам аман шықтық. Соның бірі Әшім еді. Кейін жолымыз екі айырылды.

Кейін естігенімде, Чехословакияда қару-жарақ қоймасында күзетте болыпты. Өкініштісі сол, Жеңіс күніне жақын қалғанда қазаға ұшырапты.

Міне, осы тұста сіздің бойыңыздағы әртістік өнердің тақыр жерге тамыр тартпағанын бағамдауға болады деп ойлаймын. Балалық шақтағы өзіңіз айтқан естеліктерде жеті қадам жерден қаздай тізілген асықтарды шірей атқанда, баудай түсіретін мергендігіңізге құрбыластарыңыз қызғана қарайды екен. Ал ләңгі тепкенде он екі мүшеңіздің бірі қалмай қимылдайтынын, аяқтағы киімнің жұлығы түтеленіп кететіндігін сүйсіне еске алатынсыз. Сиырдың не түйенің тобығын имек таяқ басымен қақпақыл қылып, қызмай деген ойынды ойнағанда да, алдан көрінеді екенсіз. Жан теріңіз шығып, ортадағы кішігірім кесе аузындай шұқырға түсіруге де шеберлік керек ететінін бала жастан бойға сіңіріпсіз. Ауылдың шығыс бетіндегі Шабақтының шыңылтыр көк мұзында жалпақтау ағаштың табанына қарындаштың жуандығынан сәл жіңішке қара сымды бекітіп, сыңар аяқпен сырғанағанда да, алдыңызға жан салмайды екенсіз. Нар қамыстың буылтық тұсын үңгіп, жұқа қаңылтырды қиғаштай кесіп, үшкірлеп, жіңішке қамыстың басына кигізіп, оны ұңғымаға орнатып, көкке ататынсыз. Сонда көк жүзінде күнге шағыла ұшқан оқтың көз ұшында сағымданып, жерге қайта оралып, қара жерге қадалғанын көргендегі балалық қуанышыңыз біздің де құлағымызға жаңғырып жеткендей. Тобылғы мен жыңғылдан садақ жасап, адырнасына салған үшкір қамыс жебенің ысқырған дауысына құлақ құрышын қандырдыңыз... Бала шақтан мерген едіңіз. Қызылкесік маңындағы Ақтөбе сіздер үшін «майдан» даласы болды. Сол жерде жыңғыл қылышпен талай «жекпе-жек» шайқастар өткіздіңіздер. Бозша талдың тік бұтақтарын найза қылып, «қарсы» топпен «қиян-кескі» ұрыстар өткіздіңіздер. Сіздің тіктей қарағанда мүлт кетпес мергендігіңіз өз құрбыларыңыздың есінен еш кетпеген еді. Өзіңіз бір сөзіңізде мергендігімнен мүлт кеткен жерім жоқ депсіз. Бірақ бүткіл өміріңізде бір-ақ рет киікті атып, қасына келгенде көзінен мөлтілдеп ағып жатқан жасты көргенде, өн бойыңыз тітіркеніп, бұдан былай тірі жәндікке мылтық көтермеспін деп іштей серт еткеніңіз құлағымызда жаңғырып тұр. Ол мергендігіңіз бильярд өнерінде кең өріс тапты. Шарларды сарт еткен сақпан оғындай атып, ұяшықтарға топырлататынсыз. Тирлерде атқан оғыңыз мүлт кетпейді екен. Студенттік шақта фехтование, рапираласудан бірінші дәрежелі ойыншы деңгейіне көтерілдіңіз. Бассейнде жақсы жүзе білдіңіз. Өз қатарларыңызбен жолақ боймен жүзе жарысқанда да, бәйге тізгінін бермеуді мақсат тұттыңыз.

Мерген болсаңыз да, тәуір деген аңшылардың «азғыруына» елікпедіңіз. Оққа байланған тіршілік иесі де өзіміз секілді өмір сүруге құқылы деп, тереңнен ой толғайтыныңызға ерекше сүйсінетінбіз. Соның өзінен өзіңіздің өмірге деген әрі кең, әрі оң көзқарасыңыздан ізгілік пен мейір астарласқан қатпарын айқын көретінбіз.

Сіздің осы мергендігіңіз, найзагерлігіңіз, әбжіл қимылға ерекше бейімділігіңіз ешқандай каскадерсіз-ақ «Қыз Жібекте» де, «Транссібір экспресінде» де, «Атаманның ақырында» да ерекше жарқылдап, жаңа қырынан көрінді.

Сіз жетімдіктің тақсіретін бір кісідей-ақ таттыңыз. Ауылдан едәуір қашықтағы мектепке күздің қара суығында жалаңаяқ барудың «тәжірибесін» бастан кештіңіз. Бір үзім нанның қадірін білдіңіз. Көзі тірісінде «апа» деп емен-жарқын айта алмай жүрген туған анаңыз Тәжіхан Новосібір облысына ағаш кесуге зорлықпен аттандырылғанда, сіз Байқадамдағы интернатта жаттыңыз. Әкеңіз Әшімнің туған ағасы Қойшыбайдың әйелі Алтынкүл туған анаңыздай болды. Күйеуінен он шақты перзент көрсе де, біреуін ұстап қала алмай, қара жер қойнына ерте тапсырған Алтынкүл пірәдар атаның кіндігінен өрген ұрпақтарға, олардың перзенттеріне ерекше адал, мейірбан ана болды. Өле-өлгенше қайнағасы Мәдікеннің Асқарәлісінің қолында болды. Келіні Рая екеуі сталиндік репрессияның қанды шеңгелінің қасіретін тартқан шаңырақты құт мекенге айналдырды.

Сіз де сол Алтынкүлді бар жан-тәніңізбен жақсы көрдіңіз. Байқадамдағы интернатта күніне беретін үш түйір қанттың екеуін сол Алтынкүлге сақтап, апарып беруші едіңіз. Ізгілік шуағымен, адал да ыстық ықыласпен апарып берген осы азғантай сыйды алған ананың төбесі көкке екі елі жетпей қалушы еді. Сіздің кіршіксіз, еш алауатсыз бала жүрегіңіздің шуағы өз кіндігінен тараған бес перзентін шашау шығармай, бір аулада тату-тәт-ті өмір сүргізген, жүзінен нұр төгілген, күмістей сақалы алдын жапқан, мейір шапағаты ұялаған, бүкіл болмысы адалдық пен ізгіліктің құрыш құймасындай, мұсылмандықтың ізгілікті арнасынан мейірін қандырған аяулы ата Ысқақ пірәдардың дегдар болмысынан бастау алғаны еш шүбәсіз еді.

Сіз өз еңбектеріңізде де, берген сұхбаттарыңызда да оның есімін үнемі тебірене отырып еске алып отырудан еш жаңылған емессіз. Пір тұттыңыз. Өмірдегі, өнердегі жетістіктеріңізді, табыстарыңызды сол кісінің әруағымен, «қызыл жолбарысымен» байланыстырдыңыз. Сөйтіп 2006 жылдың 8 мамырында туған топырағыңыз Жайылмада Ысқақ пірәдар ата атындағы келбеті келіскен мешіт аштыңыз. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Төрегелді Шарманов, Шота Уәлиханов, Әшірбек Сығай, Жүрсін Ерман секілді ұлт зиялылары сол салтанатқа қатысып, ізгі ниетіңіздің шынайы куәгерлері болды.

Кейініріктеу Ысқақ пірәдардың немересі Асқарәлі Мәдікенұлы екеуміз ол кісіге арналған кітап шығардық. Ол 1941 жылы дүние салған атасының бет-бейнесін біршама есте сақтаған екен. Мен сол кісінің айтуы бойынша пірәдар атаның болжамды портретін бояумен салдым. Барлықтарыңыз ұнаттыңыздар. Кітапқа пайдаландық. Үлкен іс-шара кезінде бүкіл тор қабырғаны алған билборд жасалынып, кештің ажарын кіргізді.

Сол іс-шара алдында менің «Егемен Қазақстан» газетінде «Асанәлінің атасы» деген көлемді мақалам жарияланған еді. Елге бет түзеп, жолда Құлан аулынан өте бергенде өзіңіз маған қуана телефон шалдыңыз. Қоғам қайраткерлері Әбіқай Нұртаев пен Зақаш Камалиденовтер материалды оқып, өзіңізге телефон соғып, құттықтап жатқанын мейірлене жеткіздіңіз. Ол сәтте өзіңіздің қолыңызға да, бізге де бас басылымның тие қоймаған кезі еді.

Сіз жұмыс кестеңіз тығыз болса да, бірде-бір рет өзіңіздің туған ауылыңызға жыл сайын соғуды еш есіңізден шығармайтынсыз. Ашаршылық кезінде сонау Арқа төрінен үдере көшіп келіп орнаған кезде ағайындылар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ сенегі бар қам кірпіштен соққан қоржын тамда тату-тәтті тұрдыңыздар. Ысқақ пірәдардың бәйбішесі Айбике апа да жан-жағына мейірім шуағын төккен жан болыпты. Оның үлкен перзенті Мәдікеннің әйелі Ұлтай, Қойшыбайдың зайыбы Алтынкүл, Әлжан атаның жұбайы Ұлбөбек, Әшімнің жары, Асанәлінің анасы Тәжіхандар қыс бойы бір шаңырақ астында ауызбіршілікте ғұмыр кешті. Көктем лебі біліне кең аула ішіне тіккен қоңырқай киіз үйлеріне ауысады екен. Бірақ пірәдар ата қалыптастырған тәртіп бойынша қысы-жазы бір дастарқаннан ас ішеді. Осы төрт абысын-ажындылардың татулығына айнала жұрт қызыға да, қызғана да қарайды екен. Қасым аға ол кезде үйленбеген болатын.

Менің кластасым, жолдасым, отыз алты жасында қаскөйлердің қолынан мерт болған Белетәлінің әкесінің қара шаңырағы осы күнге дейін сол құтты ауланың ішінде. Өзіңіз келгенде, ең алдымен, ибалы келініңіз Айбала отырған шаңыраққа соғып, әруақтарға құран оқытып жүргеніңізді жақсы білеміз. Ұлбөбек апаны келе құшақтап, бауырыңызға басып, бетінен емірене сүйгеніңіздің куәгері – мына біздерміз. Келген сайын аяулы, асыл, өзіңізге деген кіршіксіз жүрегімен берілген Бағдатыңызбен мешітте түнейтінсіз. Балалық шақта тай-құлындай тебісіп бірге өскен, бүгінде марқұм болып кеткен Кәрішал Уызбаев пен Октябрь Түсеновтермен кездесіп, мәре-сәре болатынсыз. Мен Жаңатас қаласынан кешігіп жетсем: «Сен осы уақытқа дейін қайда жүрсің?» – деп еркелете айтатынсыз. Сіздің елге келуіңіз ауыл үшін үлкен мереке болатын. Соңғы жылдары өзіңіздің атыңыздағы шахмат турнирлері ауқымды деңгейде өткізіліп жүрді. Жеткіншектер алдында құттықтау сөзіңізде үнемі салауатты өмір салтын ұстанудың, зайырлы білім алудың пайдасы туралы шегелеп айтатынсыз. Өзіңізбен суретке түсіп, авторлық қолтаңба алған жастардың қуаныштары қойнына сыймайтын.

Сонау 1958 жылы «Ботагөз» фильмі шығып, Калинин атындағы совхоздың клубына қойылды. Бала болсақ та, ұзынқұлақтан құлағдар болып, билет алып, киноны асыға күттік. Елдің аузында бір-ақ сөз: «Біздің ауылдан шыққан Асанәлі осы кинода ойнайды екен!»

Сонымен асыға күткен кино да басталды. Мұрты едірейген урядник Кошкиннің көшірі, яғни ат айдаушысы болған Кенжетайдың рөліндегі сізді көргенде клуб іші гулеп кетті. Қуанышымыз ұзаққа созылмады. Маңызды пакетті жоғалтып алған Кошкин Кенжетайға қарадай пәле салып, соққыға жығады. Ұлбөбек апаның шар етіп: «Ойбай, өлтірді-ау мына баламды!» – деп дауыстап жылағаны есімде. Қызба қанды бір-екі жігіттің «Өй, әкеңнің...» деп, шамырқанған дауыстары да естіліп қалды.

Міне, сол алғашқы тырнақалды рөліңізбен-ақ сіздің бейнеңіз біздің санамызда бедерлене бастаған еді.

Сіздің консерваторияның актерлік факультетіне түсерде төрде отырған комиссия мүшелері екіұдай пікірде болған ғой. Шәкірт шақтағы ұстазыңыз, құрбыңыз Райымбек Сейітметовтің «әртістік тәжірибесінен» өтіп келгенсіз. Тапсырмаларды барынша орындауға тырыстыңыз. Сенімсіздеу шықса керек. Сонда, өзіңіз айтқандай, «екі соқырдың» бірі әнші әрі профессор Бекен Жылысбаев сізді жаратпай, сол өзіңіз оқыған ауыл шаруашылығы институтында оқуын жалғастыра берсін деп кесім айтады. Екіншісі атақты композитор Ахмет Жұбанов оқуға қабылданғандар сапында үміткер, яғни кандидат болсын деп ұсыныс айтады. Ал режиссер Асқар Тоқпанов шыр-пыр болып, сіздің көзіңізде ерекше ұшқын, от бар екенін дәлелдеп бағады. Сөйтіп сіз бірінші курс аяқталғанда кандидаттықтан сәтті өтіп, барлығын үздік тапсырдыңыз. Екі Ақаңның үмітін толығынан ақтадыңыз. Сөйтіп Асқар Тоқпановтың тегеурінді тоқпағының «томпылының» арқасында өз курстарыңыздың алдыңғы легінен көріндіңіз. Асқар Тоқпанов сіздің көзіңіздің магиялық күшін ерте-ақ аңғарғанына тәнтіміз. Ол туралы кейін өзіңізбен етене араласып, актерлік өнеріңізге риза болған атақты орыс актері Олег Табаков былай деген еді:

«Асанәлімен иықтасып кино алаңына шыққанда, оның өңменіңнен өтіп кететін жанары алғашқыда абдыратып-ақ тастайды. Бірақ мұндай жанардың тұзағына бір іліксең болды, өзіңнің ойнап жүрген рөліңді тереңірек сезінесің».

Атақты режиссер Болат Мансұровтың жеті фильмнен тұратын «Көне болғарлар туралы сагасының» Шыңғысханға арналған екі сериясында ұлы ханның бейнесін кереметтей етіп сомдай білдіңіз. Ол туралы аса көрнекті кино қайраткері Никита Михалков: «Мен тура Асанәлі сомдағандай Шыңғысханды әлі көре қойған жоқпын», – депті. Ресейлік даңқты режиссердің сан жүздеген актердің ішінен таңдауыңыз сізге түсуі тектен-тек болмаса керек.

2012 жылдың қоңыр күзінде Астанада Жамбыл облысының күндері өтті. Облыстың делегация құрамында бармын. Ол күндерге республиканың әр өңірінен облыстың белгілі азаматтары да шақырылған еді. Алматыдан келгендердің сапында өзіңіз де болдыңыз. «Думан» қонақ үйіне орналастық. Күнделікті люкс бөлмеңізге ертерек барып, әңгімелесіп жүргенде мына бір жайды айтқан едіңіз. Әкем театрда жүргенде аяқтан шалып, бақастық танытқан бір әріптесін бұрышқа тығып қойып, оқты көзін өңменіне қадап, бес минут бойы тілсіз қалдырғанын әңгімелеген едіңіз.

Сіз бір сұхбаттарыңызда бата сұраған жас әріптестеріңізге: «Досың көп болсын, дұшпаның онан да көп болсын!» – дегенсіз. Осы құлаққа тосындау естілетін батаның астарында сұрапыл шындық жатқанын кеш аңғардық. Бұл өз өмір жолыңызда кездескен кедергілерді жігеріңізді қайрап, намыс туын бір сәтке де еңкейтпей, құлшына, қайраттана еңбек етуге деген батыл талпынысыңыздан туған толғамды ой екен де!

Осыдан 67 жыл бұрын «Асау Ертіс жағасында» деген фильмге түсіп, консерваториядағы сабаққа кеш оралдыңыз. Қолыңызда мөр басылған анықтама бар. Оқу орнының сол кездегі басшысы ұйғыр композиторы Құдыс Қожамияров сізді, көптеген белді азаматардың, тіпті Мәдениет министрінің араша түскеніне қарамастан, оқудан шығарып жіберді. Ол сол кезде республиканың бірінші басшысы Юсуповты бел тұтатын. Ақыр соңында әскерге әкетілетін болдыңыз. Бұйра шашыңыз сыпырылып, сәулеге шағылған жалтыр бас күйіңізде коридорда тұрдыңыз. Кенет... Иә, кенет... Сол оқу орнының оқу ісінің меңгерушісі, жігерлі, тегеурінді еврей ұлтының өкілі Елена Ильинична Масалович деген әйел сізге бұрылып келіп, жөн сұрайды. Жайыңызды білген ол дереу батыл қимылдап, былайша айтқанда, «ажалдан» арашалап қалады. Тәуекелге басып, 3-курс студенті деген жалған анықтама жазып береді. Қолындағы анықтама қағазды алған военком сізді боқтап: «Осы уақытқа шейін неғып елдің басын қатырып жүрсің? Бар оқуыңа!» – деп қуып шығады. Мен кезінде бұл туралы жаздым да. Сізге сол мейірбан, қамқор әйелдің деректерін, суретін табуыңызды өтіндім. Қағазбасты тірліктің тасасында қалған сұранысқа оқу орнының басшылығы немқұрайдылық танытқандай болды-ау деймін.

Сіздің өмір жолыңызда, тағдыр соқпағында ең бір нұрлы кезең – Шәкенқызы Майрамен шаңырақ көтеруіңіз. Ол орысша оқыса да, таным, пайымы қазақи салт-дәстүрдің шеңберінен алыстаған жан емес-ті. Періштедей пәк, айнала дүниеге мөлдір аппақ сезіммен қарайтын аяулы жан екендігін өз естелігіңізде, күнделік беттерінде сан мәрте қайталай, тебірене жаздыңыз. Жүрек түкпіріне ұялаған сезімдеріңізді «Майраның әні» еңбегіңізде тебірене сипаттадыңыз. Алғаш үйленген жылы елге, Әлжан қария отырған қара шаңыраққа әкеліп, елге таныстырдыңыз. Осы орайда әкеңіздің туған інісі Қасым ағаның сіздерге деген ұлы қамқорлығын еш естен шығармаймыз. Тойларыңыздың бар салмағын бір өзі көтерген еді. Жеңгеміз сізге алтын асықтай бірінен бірі өткен екі ұл сыйлады. Өрісіңізді кеңейтті. Өкінішке орай, тосыннан жабысқан, миллионда бір кездесетін ауыр кесел перизат жанды ажал тырнағына еріксіз іліктірді. Отыз жылға созылған жұптық өміріңіз ғұмырыңыздың ең арайлы шақтары болды. Бір-біріңізге деген ұлы сүйіспеншіліктеріңіз туралы атақты Илья Жақановтың лирикалық эссесінде жан тебірентерлік сезіммен, тілмен суреттелген ғой.

Шіркін, Майра! Жерлесіңіз, ғалым ініңіз Ахметов Аманбай бірде сіздің үйге тосыннан келген ғой. Аса қызу, аяғы батпақ. Ішке қарай өңмеңдей озып, артына аймандай батпақ ізін тастағанын кеш аңғарады. Кінәсін тез түсініп, кері шегініп, Майрадан кешірім сұрайды ғой. Сонда ол еш ренжіместен, емен жарқын күліп: «Сендердей сүйікті қайныларымыздың шалыс басқан іздерін сүртіп алу бізге мәртебе емес пе?» – деп, үстіндегі киімін шешіп, ілгішке іліп, еденді шүберекпен тазалауға кіріскен ғой. Тәжіхан апа: «Өмірге періште болып келіп, періште болып кеткен жаным-ау!» – деп аңырай қоштасқанда, қаумалаған қауымның қабырғасы қайыспай қалғаны жоқ. Оның аяулы, ғазиз апамен арадағы татулығына, сыйластығына сырт жұрттың барлығы таңданатын. Ол да «Майрашым босағама бақ боп қонды», – деуден бір жалыққан емес. Өмірден өткенше жалғыз ұлым жақсы болып өссін деп, соны ренжітпей өсірдім дейтін. Сөз арасында соңынан ерген Нұрила мен Балқия қарындастарының жетіге толмай, қызылшадан қаза болғанын өкіне еске алушы еді.

Сіз асыл ана тілегінің үдесінен шыға білдіңіз. Әлемдік деңгейдегі өнер қайраткерлерінің сапынан көрініп, халқымыздың мақтанышына айналдыңыз. Мұның барлығы табиғаттан бойға қонған таланттың тізгінін берік ұстап, оны ұйқысыз түндермен, ізденіске толы еңбекпен, санаға серпін беріп, ой салатын шығармаларды талдай оқып, шығармашылық шыңына жетелер жол табуға тынымсыз ұмтылыстармен келген еді. Сіз көп оқитынсыз. Шекспирді, Шиллерді, Әуезовті, Айтматовты, Қалиханды, Оралханды сүйсіне оқып, шабытыңызға шабыт қосып, қиялыңызды қиянға шарықтатқансыз.

Қазақ сахнасының туабітті «Самородоктары» Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, Бикен Римоваларды үлгі тұттыңыз, өнерін үйрендіңіз. Үлкен өнердің қалай болатын үлгісін бойыңызға сіңірдіңіз. Өздеріне жүктелген рөлдерді ойнағанда олардың ұмытылмастай етіп сомдайтынын үнемі тіліңізге тиек етіп отырдыңыз.

Сіздің ізіңізді басып келе жатқан біздер де сол кісілердің сахнада ойнағандарының біразын өз көзімізбен көрдік. Шәкен ағаның «Отеллода» Отеллоны, «Асауға тұсауда» Петруччионы ойнағанына риза болғанымыз сонша, курстастарымыз Әбдібай Қорғанбаев, Канал Бабақов үшеуміз екінші рет қайталай барып көргеніміз есімізде. Бейкүнә, пәк Дездемона рөліндегі Торғын Тасыбекова, басасаулығы бой бермейтін Катарина рөліндегі Хадиша Бөкеевалар осы күнге дейін есімнен еш кеткен емес. Не 1963, не 1964 жылы «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылуына орай бірінші күні аға буын тобы ойнағанда да еш қалмай қатысқаным есімде. Төлеген рөлінде ойнаған Қанабек Байсейітов, Бекежан рөліндегі Құрманбек Жандарбеков, би сценасында билеген Шара апамыз, Жібек рөліндегі Шаба Бейсековалардың ойындарын тамсана тамашаладық. Қыз Жібекті ойнаған Күләш 1957 жылы дүние салып кеткен еді. Әсіресе Құрманбек Жандарбековтің қарттықтың қақпасын кері серпіп тастап, құлшына ойнағанына кереметтей риза болған халықтың қошеметі ұзақ шапалаққа ұласты. Сонда осы алғашқы қойылымды адамның көптігі сонша, сіз де, мен де адам өтетін кілемді тепкішектің үстінде отырып көрдік.

Үшінші күнгі қойылымда сүйікті Майраңыз Қыз Жібекті келістіре ойнап, өзінің шын талант екенін көрсете білген-ді.

Сіздердің буындарыңыздағы Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева, Фарида Шәріповалардың да өнерлерін тамсана тамашалағанбыз. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзіндегі» басты рөлді ойнаған Фариданың шексіз шеберлігіне ерекше тәнті болғанбыз.

Сіздің есейіп, толысқан шағыңызда режиссер Рубен Андресиянның табанды ұсынуымен неміс драматургы Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектаклінде сомдаған Матнас Клаузеніңіздің рөлі талайларды таңғалдырып, талайларды тамсандырды. Қаншама рет қойылса да, зал лық толып, өз ойыныңызбен көрермендердің жүрегін де, сезімін де жаулап алғаныңыздың куәсі болдық.

Өзіңіз де атап өткендей, осы қойылымның өз тағдырыңызбен түйісетін тұстары бар екені ақиқат еді. Аяулы жарыңыз Бағдаттың да осы қойылым қанша қойылса да, сонша рет көруден жалықпауында да ерек сыр бар.

Бағдат өзіңіздің бағыңыз болып кездескенін ауызекі де, күнделік жазбаларыңызды жасағанына да сан мәрте айтып жүрсіз. Сізге тілектес халқыңыздың да көкейінде осы ой нық ұялаған. 23 жыл өмірінде Асекеңнің бетіне жел боп тимей, бар жағдайыңызды жасағанына біздердің де алғысымыз шексіз. Өткенде өзіңізді Кеңсайға, мәңгілік мекеніңізге алып бара жатқандағы ет жүректі елжіретер ұмытыла бастаған қазақи жоқтауды айтқаны көзімізге еріксіз жас ұялатты.

Бағдатыңыздың көрегендігіне, даналығына бәріміз ризамыз. Сіздің көкейіңізде армандап жүрген Шәкен Айманов пен өзіңіздің атыңыздағы мұражайдың болашағын болжап, бұрынғы екі қабат үйдің орнына ерекше пішімді, ішкі интерьердің жобасын өзі жасағанын маған сүйсіне баяндағаныңыз есімде. Ескі үйді де өзіңіз ұзақ сапарда жүргенде бұздырып тастағанын да айттыңыз. Өзіңіздің талантыңызға табынып, пір тұтқан бір азаматтың коттеджін жаңа үй біткенше тегін пайдалануға бергенінің өзі сізге деген, сіздің жарыңызға деген ұлы құрметі болса керек.

Сізге деген халқыңыздың шынайы сүйіспеншілігінің шексіздігінің талай куәсі болып жүрміз. 2022 жылы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданының Қадырқұл ауылының шығысында Орақ әулие мен Шағырай батырдың сәулетті кесенелері ашылғанда сіз бен халқының «Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешованы қалың халық алақанына салып, құрметтегенінің куәсіміз.

Астанада бірге болып, екеуміз қатар келе жатқанда, 11-12 жасар баланың алдымызды орағытып, бірнеше рет жүгіріп өтіп, кері қайырылып жүргеніне мен еріксіз назар аударған едім. Артыма қайырылып, назар аудардым. Жүзінен нұры төгілген жас әйел жасқаншақтай күлімсіреп, қатарына барып тұрған баласын нұсқады. Мен сәл аялдап, онымен басымды изеп амандастым. Ол ақырын ғана: «Аға, мына баламның аты Асанәлі. Сол кісінің құрметіне қойғанбыз. Атаға сәлем бермек еді. Батасын алса деп едім», – деді сыбырлай. Мен сізді тоқтатып, сүйкімді, ақсары баланы қасыңызға шақырдым. Сіз оның маңдайынан емірене сүйдіңіз. Қол жайып, бата бердіңіз. Қуанышында шек жоқ анасы суретке түсіріп жатты. Сіз қайда жүрсеңіз де, осындай құрметке ие едіңіз. Жүздеген емес, сан мыңдаған азаматтарымыздың альбомдарында, үйінің төрінде, ұялы телефондарының жадында, өзіңіз аса шеберлікпен салған графикалық бет-бейнеңіз бедерленген қолтаңбаларыңыз сақталған кітаптарда, ашық суретті открыткаларда сіздің рухыңыз үнемі жаңғырып тұратынына шүбәсіз сенеміз.

Сізге деген сондай ұлы құрметтің бірі сонау Грузиядан, Тбилиси қаласынан Александр Давыдович Дзебисашвили бастаған «Грузсельхозтехника» ұжымының «Атаманның ақыры» фильмін көрген сәттегі тебіреністі, толғана жазған хаттан айқын көреміз. Ізгі жүректі жазушы, сан мыңдаған қазақ жастарының жүректерін «Махаббат, қызық мол жылдар» романымен жаулап алған Әзілхан аға мен асыл жары Халима апайдың өзіңізге деген ұлы құрметпен жазылған хатын тебіренбей оқу мүмкін емес. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ақиқат пен аңыз» кітабын комиссияның қорытынды мәжілісінде тәуір деп жүрген бір азаматтың айналасындағыларға: «Сызып таста!» деген сыбырын естігенде, сіздің аюдай ақырып, әділетсіздікке, көреалмастардың күншіл күңкіліне төзбеген мінезділігіңіздің арқасында Әзілхан ағаның тағдыры оң шешілген-ді.

Сіздің жазған күнделіктеріңізді оқығанда, өзіңіз өмір сүрген ортаның сан қырлы болмысын, өнер ордасының, өзіңіз араласқан мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің хас суретшілердің шебер қолдары қас-қағым сәтте бейнелейтін этюдтік портреттеріндей бедерленген келбеттерін көреміз.

Осындағы әдемі әзіл, жеңіл юмормен әрленген тұстарды оқығанда, еріксіз езу тартамыз. Ара-тұра ащы мысқылдың уытты лебі бетімізді ғана емес, санамызды да солқ еткізетін импульстік қуатын еріксіз сезінеміз.

Небір игі жақсылармен дәмдес-тұздас болдыңыз. Сүйікті ініңіз Қали Сәрсенбай айтқандай, «алты академикті орап кететін» дегдар мінезді, бойы да, ойы да биік Ақселеу Сейдімбекпен ұлы достығыңыз қандай жарасымды еді?! Бір-біріңізге деген құрметтеріңізге былайғы жұрт қызыға қарайтын. Оның шарждық суретін келістіре салып, недәуір көлемді етіп жазған достық әзіліңізге еріксіз езу тартамыз. Екеуіңіз бірігіп халық ертегісінің ізімен «Күннің қызы Күнікей» атты бес суретті ертегі драма жаздыңыздар.

Әзірбайжан Мәмбетовке, Шота Уәлиханға жазған әзіл арнауларыңыз да көкейге қона кететін. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы бойынша инсценировка жасап, оны екі бөлімді драма етіп, сахнаға даярладыңыз. Жазушылық қарым-қабілетіңізге де тәнті болдық. Білімдар сыншы, эстет Әшірбек Сығайды, даңқты режиссер Сұлтан Қожықовты ерекше сыйладыңыз. Ол түсірген «Қыз Жібек» әлемнің алпыстан астам еліне прокатталғанын мақтан тұттыңыз.

Асыл Аға, Аңыз Аға! Сіз көзіңіздің тірі кезінің өзінде өзіңізге өлмес ескерткіш орнатып кеттіңіз. Қаншама мүсінші, суретшілер сіздің табиғат берген көркем келбетіңізді келістіре бедерледі. Атакент кешені маңындағы дүйім жұртқа қасқая қарап отырған, ел ықыласына бөленген кейіпкер келбетіндегі мүсініңізді кие тұтқан жастар сізді құшақтап, суретке түсіп атқанына талай жұрт куә. Қаншама ақын өзіңізге жыр жолдарын арнап жатты.

2002 жылы қарашада сіз ауруханада жатқанда көңіліңізді сұрап, өзіңізге соққан едім. Тура сол жолы бір сағаттан соң үйге шыққалы жатыр екенсіз. Сыртта күтіп тұрған Бейсенбай деген жүргізушіңіз бізді күтіп тұрды. Үйге келдік. Немере інісі, марқұм кластасым Белетәлінің үлкен қызы Салтанат үйде ас-су даярлап күтіп отыр екен. Үйде үшеуміз ғанамыз. Біраз әңгімелесіп отырдық. Шахматтан екі рет ұттыңыз. Мен сонау 1997 жылдан бастап, 1797 жылы батыс өлкеден Арқа алабына қоныс аударған Тама, Жағалбайлы, Алшын-Шеркештер тарихы мен шежіресін жинаумен айналысып жүрген кезім. Содан сөз арасында сіз: «Менде екі-үш қап дүниелер, материалдар жинақталып қалған. Соларды сен реттеп, жүйелесең, мен тиесілі ақыңды төлеймін», – дедіңіз. Сәл-пәл қолайсызданып қалдым. Аз-кем ойланып барып: «Асеке, өзіңіз білетіндей, мен мына бір ауқымды үлкен жұмыспен айналысып жүрмін ғой. Сіздің үдеңізден, көңіліңізден шығатындай жасай алмасам, ұятты болып қаламын ба деп қорқақтап отырмын. Архивпен жұмыс істеген соң жиі ақылдасар тұстары мол болады. Менің шалғай Жаңатаста тұруым да бұл іске салқынын тигізеді ғой», – дедім. Мен айтарын айтып алсам да, сіздің алдыңызда өзімді аз-кем қолайсыз сезіндім. Сіз үндемей қалдыңыз.

Содан 2007 жылы А4 форматындағы аса көлемді, сегіз жыл бойы еңбектенген 1024 беттік «Үркердей болып көшкен жұрт...» кітабының сүйінші данасын өзіңізге тапсырдым. Сіз риза болдыңыз. Мамыражай мамыр айының орта тұсында Қазақстан Жазушылар одағының акт залында үлкен тұсаукесер өткізілді. Өзіңіз басқардыңыз. Үлкен залдың пайдалану құқығын сол кезде Жазушылар одағының орынбасары қызметін атқарып жүрген ауылдасымыз, көрнекті жазушы Берік Шаханов алып берген еді. Қолтаңба беруден қол босағанша мені ерінбей-жалықпай күтіп тұрғаныңыз әлі күнге көз алдымда. Тура сол 2007 жылы сіздің кереметтей безендірілген, мазмұны аса бай бес томдық шығармалар жинағыңыз жарық көрді. Сол көп томдықты келістіре жүйелеп, тап-тұйнақтай етіп, баспаға әзірлеген менің сүйікті шәкіртім, қазақ журналистикасының тарланы, жазушы, қазақ өнерінің білікті шежірешісі, эстет Қали Сәрсенбай ініңіздің іскерлігіне, талғампаздығына өзіңіз де сүйсіндіңіз, біз де сүйсіндік. Сіздің шығармашылдығыңыздың бес саусақтай білгірі, көзіңіз тіріде «Тұлғатану» сериясымен «Абыз-аңыз», одан соң «Корифей» кітабын жарыққа шығарды. Екеуіңіздің ағалы-інілі сыйластық қарым-қатынастарыңызға сыртта жүрген біздер қатты қызығамыз. Кейініректеу мемлекеттік тапсырыспен жеті томдығыңыз жарық көрді. Бұл орайда да Қали редакторлық етіп, жинақтың сапалы шығуына көп еңбек сіңірді.

Ардақты да аяулы Асанәлі Аға! Міне, сіздің асыл бейнеңіздің көзімізден бұл-бұл ұшқанына, қара орман халқыңыздың қабырғасын қайыстырып, кеткеніңізге жүз күн толып отыр. Өзіңіз көзден кетсеңіз де, көңілден еш кетпейтініңіз ақиқат. Экранда бейнеленіп қалған образдарыңызбен талай беттесерміз. Көңілдегі көрікті, бедерлі ойларыңыз кестеленген күнделіктеріңізбен елгезек оқырмандар әлі-ақ талай сырласып, көкейлеріне кемел ойлар ұялатар. Қазақ өнер тарихында соңынан осыншалық мол әдеби мұра, жәдігер қалдырған өзіңіздей тұлға болған емес. Сондықтан да сіздің орныңыз ерекше.

Өмірде талай атақ, марапаттарға ие болып жатсаңыз да, даңққа мастанып, ешқашан даңғойлыққа, кеудемсоқтыққа жол бермедіңіз. Қашан да ойлы, сабырлы қалпыңыздан қылдай ауытқымадыңыз. Кей тұстарда кеткен пендешілік қателеріңізді ашық мойындап, ар алдында ақталып, кешірім сұрап, арылып жүрген табиғатыңызды түсіністікпен үғындық.

Ақтық деміңіз таусылғанша киелі өнерді пір тұттыңыз. Алуан қырлы, сырлы кейіпкерлерді кинода да, сахнада да өшпестей етіп сомдадыңыз. Рөлдерді жан-тәніңізбен беріле ойнадыңыз. Солар да сіздің жүрегіңізге көптеген салмақ салғаны ақиқат қой. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деген ұстанымды өмір бойы бағдаршам етіп ұстандыңыз.

Асыл Аға! Тағдырдың, өмірдің қатал заңына адамзат баласының қауқар қылар қайраты, айласы жоқ. Өзекті өртейтін өлшемді ғұмырының тар құрсауын кеңейтіп, өлмес өмірге өріс ашар айласы жоқ. Орныңызда қалған Кіші Асанәліңіз, Сағинаңыз, Олжасыңыз, қасиетті шаңырақтың ұстыны болып қалған Бағдатыңызға өмірдің бар жақсылығын тілейік. Өлмес рухыңыз пейіште шалқысын!

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.