Жаңару күні Үшаралда кең көлемде аталып өтті
Ұлыстың ұлы күні Үшарал ауы лында сән-салтанатымен, ерекше сипатта аталып өтті. Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде өткізумен қатар, халықтың мерекеге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйым дастырылған түрлі шараларға қомақты жүлде тіккен – «Harvest Grour» ЖШС. Серіктестік өңірде агроин дустриалды кластер құруды көздейді. Жалпы, компания – елімізде су үнемдеу технологиясын енгізумен қатар, агроөнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыратын инвестор. Серіктестіктің қатысуымен ауданда 40 000 гектар суармалы егіншілік, 656 орталық жаңбырлатқыш қондырғы, сонымен қатар астық инфрақұрылымын дамыту сынды тың жобаларды жүзеге асырмақ. Салынатын инвестиция көлемі 95 миллиард теңгені құрайды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 2029 жылы толығымен пайдалануға берілетін жоба аясында 170-тен астам жұмыс орны ашылмақ.
Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған мерекеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі және аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков көпшілікті мерекемен құттықтап жылы лебізін білдірсе, «Harvest Kazakstan» «Харвест агро Холдинг» ЖШС-нің директоры Дәулет Увашев:
– Біздің мақсатымыз – елімізді ауыл шаруашылығын тиімділік пен тұрақты дамудың үлгісіне айналдыру, – деп ақ тілегін арнады. Ал жасы тоқсаннан асқан ауыл қариясы Бекбосын Адбумалик ақ батасын берді.

Наурыз мерекесіне арнап тігілген киіз үйлерді бекітілген қазылар алқасы оның ұлттық нақышта безендірілуі мен мерекенің көрігін ашатын ұлттық тағамдарға назар аударды. Тігілген әр киіз үйге Үшарал ауылынан шыққан Социалистік Еңбек Ерлері мен елге танымал тұлғалардың есімі беріліп, ауыл аталды. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Ерғара Үдербаев, Ештайбек Шөмішбайұлы, Иманбек Амангелдиев, Жаңылдық Айтымбет және Күләш Ахметованың есімдері бар.
Мереке Жер-Ана мен Қызыр атаның сахналанған көрінісімен басталды. Мұнан соң шара елге белгілі тұлғалардың есімін иеленген киіз үйлердің шеруіне ұласты. Мерекеге қатысушылар ұлттық киім шеруі, киіз үйдің нақышы және ауылішілік көше тазалығы сынды кезеңдер бойынша сайысқа түсті.
Қазақ күресі, арқан тарту, қол күресінен ұйымдастырылған бәсекеде шын мықтыны танытқан шараға айналды.
Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.