Аймақ

Әз-Наурыз мерекесін ақ ниетпен қарсы алды

Ұлыстың ұлы күні – тек табиғаттың ғана емес, адам баласының да ішкі жаңаруына бастайтын рухани кезең. Ұлық мейрам күндері барша қазақстандықтар сырт қалмай, әз-Наурызды мерекелеген тойшыл қауымды құттықтауды дәстүрге айналдырып үлгерді. Ең маңыздысы, соңғы жылдары бұл дәстүр жаңа мазмұнмен толығып келеді. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген «Наурызнама» онкүндігі бұл мейрамды жүйелі түрде атап өтуге өзгеше жол ашты. 14-23 наурыз аралығын қамтитын бұл кезеңнің әр күніне арнайы мазмұн жүктеліп, ұлттық құндылықтарды жаңаша дәріптеу үрдісі қалыптасты. Көрісу, қайырымдылық, мәдениет пен салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару күндері халықтың дүниетанымы мен өмір салтын айшықтайды.

Наурыз – бүкілхалықтық мейрам. Дәстүрге сай Ұлыстың ұлы күнін әулиеаталықтар да ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұл күні Тараз қаласындағы орталық алаңға 15 киіз үй тігіліп, оның әрқайсысында қазақ халқының бай мұрасы мен тұрмыс-салты кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ алаңда ойын-сауық өткізіліп, жұрт шат-шадыман күйге бөленді. Жиналған қауым ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын тамашалады. Ел ішінде кейінгі уақытта Наурызды тойлаудың жаңа моделі қалыптасқаны белгілі. Мұндай үлгіде мәдени мұраны цифрлық форматта жаңаша ұсынудан бастап, инновациялар арқылы азаматтарды тарту және заманауи ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға дейінгі үдерістер қамтылған. Жамбыл жерінде өткен іс-шара барысында да халқымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері сахналық қойылымдар арқылы дәріптелді. Ақсақалдар батасын беріп, ақ жаулықты әжелер тұсаукесер, бесікке салу секілді тағылымы терең рәсімдерді көрсетті. Мерекенің ажырамас бөлігіне айналған ұлттық спорт түрлері де ерекше қызу өтті. Әулиеата өңірінің тұрғындары қазақ күресі, арқан тарту, асық ату секілді сайыстарда бақ сынап, өзара мықтыларды анықтады. Думанды мерекелік іс-шараға қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев ақшаңқай киіз үйлерді аралап, цифрландыру және жасанды интеллект жобаларымен танысты. Сондай-ақ барша жамбылдықты ынтымақ пен бірліктің, береке мен ырыстың символына айналған Наурыз мейрамымен құттықтады.

Сонымен қатар өңір басшысы Президенттің сындарлы саясатының арқасында облысымыздың республикада бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша көшбасшы болып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, аймақ тұрғындарының бірлігі мен татулығының нәтижесінде барлық салада оң өзгерістер мен даму қарқыны байқалып отыр. Мәселен, бұл күнде ауыл шаруашылығында көктемгі дала жұмыстары басталып, ел ырысын еселеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бастысы, инвестиция тарту ісі де қарқын алып келеді. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидалары, сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мен Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жобалар да өңірде жүйелі түрде іске асуда. Еске салайық, биылғы жыл егемен еліміздің тарихындағы маңызды кезең. Осы жылы тәу етер Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы мен ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі деп күтілуде.

Есен ӨТЕУЛІ