Мыңнан астам мал дәрігеріне қосымша ақы неге төленбеді?
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген түсінік бұрыннан бар. Дегенмен кешеге дейін ветеринария саласына дұрыс көңіл бөлінбей келгені рас. Соңғы жылдары салаға көзқарас өзгеріп, материалдық базасы нығайтылып, қызметкерлердің жалақысы өсті. Бөлініп жатқан қаражат та қомақты. Оның барлығы ұлт болашағы үшін жасалуда. Әйткенмен жалақысы төмен, жұмысы ауыр салада маман тұрақтамайтыны белгілі. Қала берді, ел ішінде «ішіп қойды, жеп қойды» деген түсінік қатар жүретіні тағы бар. Ал жұмысшылар «тиісті төлемді бермеді» деген күңкіл тиісті құқық қорғау органдарына да жеткен.
Облыстық прокуратураның мәліметіне қарағанда, өңірдегі мыңдаған ветеринарлар қауіпті жұмысы үшін өтемақы ала алмаған. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімдігінің аймақтық ветеринариялық станциясының мал дәрігерлері аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеген, бірақ еңбек келісімшарттарында олардың жұмысы қауіпті деп танылмаған. Осылайша қауіпті аурумен жұмыс істеген мамандарға тиесілі қосымша ақы төлемдері төленбеген деп дабыл қақты прокуратура.
Мемлекеттік қолдаудың аясында соңғы жылдары елімізде мал басының едәуір артқаны байқалады. Әдеттегідей мал басына қарай оның ауру түрлерінің де артатыны бесенеден белгілі. Осыған сәйкес бүгінгі күні мал ауруына қатысты қауіпті жұқпалы дертпен күрес жалғасуда. Дәлірек айтсақ, бүкіл әлемде пастереллез ауруымен күрес күшейтілген. Ауру малдардың көзі жойылуда. Ал біздің елде ет, жем және мал өнімдерін импорттауға уақытша тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы бір ауруға, яғни аусылға қарсы вакцинаны шұғыл түрде сатып алуда.
«Компания 1010 қызметкерге қауіпті жағдайларда жұмыс істегені үшін қосымша төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз етпеді», – дейді бұл жөнінде прокуратураның баспасөз қызметі. Олардың айтуынша, прокуратураның араласуымен ветеринарлардың төленбеген қосымша ақылары төленіп, кінәлілер жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының өтініші бойынша ветеринариялық станция қызметкерлерінің еңбек келісімшарттары заңға сәйкестендірілген.
Ал облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов бұл жағдайдан хабардар екен. Дегенмен аталған мәселе заң органдары тарапынан тергеліп, тексеріліп жатқанын айтты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ