Әдебиет

Қонаев пен Қашағанов

Ұлы адамдардың дүниеге келуі де, дүниеден өтуі де алабөтен болатыны туралы оқығаным бар еді. 1 сәуір – Күлкі күні менің ағам Нарша дүниеге келіпті. Алматыда азды-көпті араласып жүргенде «туған күнімді айтсам әзіл деп ешкім сенбейді, сыйлық бермейді» деп қалжыңдайтын. Өмірден озғаны да кездейсоқ, адам сенбейтіндей оқыс өлім. Сырбаз, сыршыл тұлғалы ағамыз ешкімге ауырлық салмай кетті.

Бірде Болат екеуіміз сырқаттанып қалған Болған жеңгеміздің көңілін сұрай барғанда, «мына жеңгелерің менің жарамды кезімді пайдаланып, енді алпыстан асқан шағымда тастап кеткелі отыр, енді маған кім қарайды?» деп қалжыңдаған. Сыпайы ғана жеңгеміздің сырқатына деген мұңын әзілмен өрнектеген деп түсіндік.

Бірақ жеңгемнің алдынан кетті. Ұлылар үндестігі деген бар ғой, мысалы ұлы Абай:

Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме, – десе, Нарша:

Қайғы шексең қапаланба жасыма,

Бақыт қонса ұшпайтындай тасыма.

Екеуі де еншің сенің ей пенде,

Кезек-кезек келіп тұрар басыңа, – дейді.

Мен Абай мен ағамды теңестіруден аулақпын, бірақ жоғарыдағы, философиялық өлшемнің қисынына қылыштай кіретін ойтолғаудың адамзаттың ақыл-ой жадында сақталып қалатынына күмәнсізбін. Өйткені екі ойдың да салмағы бір-бірінен алшақ және тереңдігімен таңқалдырады. Наршаның ақындығы туралы айтылып та жазылып та жатыр, сондықтан оның ұлыларға деген ұлағатты тірліктерін еске алсам деп едім.

Заманымыздың заңғар тұлғасы Д.А.Қонаевтың қайраткерлігін болашақ ұрпаққа жеткізу – баршаның ісі екені белгілі.

Атышулы Желтоқсан оқиғасынан соң нақақ жалаға ұшырап, біраз уақыт жүрістұрысына шектеу қойылған ардақты атамызбен алғашқылардың бірі болып жүздескен әйгілі ақын ағамыз Нарша Қашағанов «Үлкен кісінің үйіндегі сұхбат» деп аталатын мақаласында Димаш атамыздың бес қасиетін атап көрсеткен еді.

«Ең ерекше есімде қалғаны – қазақтығы. Тегін, тамырын, тілін жақсы білетіндігі. Жеті атасын жетік білетіні өз алдына, олардың тарихы мен тағдырынан мағлұматы мол екені бірер сөзден-ақ байқалып қалады. Мақалдатып, мақамдап, таза сөйлейді екен. Не орысша, не қазақша білмейтін шалағай-шатпақ, дүбәра әкімдер алатын бір үлгі осы екен-ау деп ойладым.

Екінші әсер еткені – қарапайымдылығы, кішіпейілділігі. Алды тар емес. Еркелеп, еркін отыруым да сол кеңдігінен шығар. Қарапайымдылығына бір мысал. Қонаевты пайғамбар деп пір тұтатын шет жердегі қазақтар ол кісінің ауласына кіре еңкейіп, иіліп тәжім етеді екен. Димекең соған кәдімгідей қысылып, ренжитін көрінеді. Немесе кішіпейілділігі де кіршіксіз. Сан адамның есімін санасында сақтаған. Бәріне мән береді. Әнуарбек Тәжімбетов туралы айта келіп: «Жақсы адам еді, оның балаларына бас-көз болып жүріңдер» – деді.

Үшінші байқағаным – қайраткерлігі. Енді маған неге керек демей, ел қамын ойлап отырады екен. Біздің елдің жағдайын тәптіштеп сұрады. Сөз арасында шетелде тұратын қандастарымызды үлгі етті, салтымызды сақтағандарын, бірнеше тіл білетіндіктерін, баюға, әрекетке бейімділігін қазір ойлап отырсам, әдейі әңгіме еткендей.

Төртінші – ірілігі. Ол кісіге қарап отырып «Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық» деген Бауыржан Момышұлының сөзі есіме түсті. Ешкімге өкпем жоқ дейді. Табаламайды, кекшілдік көрсетпейді. Кеңдік танытады. Әр нәрсеге бір зауал бар екеніне о баста-ақ сенген секілді.

Бесінші байқағаным – мықтылығы. Қиянат, ғадауат көбейіп, дос азайған қиын күндерде мойымай, өзін, қасиетін сақтауы, биігінен төмендемеуі ердің ерінің ғана қолынан келетін мықтылық. Қаумалаған қалың қошеметші шілдің боғындай шашырап, бас сауғалап кеткенде, жанына сая болған жары Зухраны да тағдыр көп көрді. Перзенті жоқ адамға бұл оңай соққы емес. Соған қарамастан, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнар» дегендей, жапқан жала мен жаққан күйе де жанға батпай ма?! Бірақ мықтының аты – мықты. Сыр бермеді. Димекеңнің әзілдеп айтқан бір астарлы сөзі есімде. Күлімсіреп қойып: «Биік ағашты жел қатты шайқайды. Мен дәу адаммын ғой» – деген еді». (Нарша Қашағанұлы, «Шапағат» газеті, 1992 жыл, қаңтар.)

Ұлы адамға ғана тән қасиеттерді дер кезінде байқап, қорытынды жасау философиялық ой-сана өрісінде еркін жүзіп, кісі танудың сыр-қырларын меңгерген ұлы ақынға тән байқампаздық болар. Ұлылықты ұлы ғана көріп сезе алады ғой. Дегенмен кең бөлменің төрінде ілулі тұрған абыз ата портретінің алдында, баспаға басылмайтын ел мен жер туралы Қонаев пікірлерін Қашағанов өз жанынан шығарып айтқандай сезімде болдым. Себебі ел мен жерге деген Наршаның махаббаты мен қайраткерлігі еңбектеген бала мен еңкейген қарияларға дейін белгілі. Оның үстіне мақаладағы НАРША пайымдары осыған меңзейді.

2007 жылы «Сібедегі сойқан» атты кітабыма алғысөзінде Нарша ағам:

«Біздің кіндік қанымыз тамған базарлы бал дәуреніміз өткен топырақтың адамдарын үш ақ топқа жатқызуға болады. Біріншісі – батырлар. Алпыс үйлі алақандай ауылдан 12 Социалистік Еңбек Ері шықты. Оған қадау қадау қайраткерлерді қосыңыз. Екіншісі Таласты Алашқа танытқан ақынжазушылар. Ондаған оқымыстылар. Ал енді үшінші топ-туған жерге қазық болып қағылған, тағдыр құрсауы, тұрмыс тұсауы шідерлеген тұлпарлар» – депті. Ендеше сол тұлпарлардың қазанаты, қалың қауым құрметтеген Қашағанов Нарша көзі тірі болғанда 75 жасқа толатын еді, ешқандай атақ дақпыртсыз-ақ ағамыз НАРША деген ұлы атымен халқы мен ұрпағының есінде қалатыны сөзсіз.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,

прокуратура ардагері.