Экономика

Шалғай ауылдар заманауи интернет желісіне қосылады

Digital Kazakhstan халықаралық форумы аясында ауылдық елді мекендерді Fixed Wireless Access (FWA) технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасы көрсетілді. Жобаны «Ауыл Телеком» ЖШС жүзеге асыруда. Бастама еліміздің шалғайдағы және экономикалық тұрғыдан жетуі қиын аймақтарында заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Тұсаукесер барысында желінің қазірдің өзінде 120 ауылда іске қосылғаны және 120 базалық станция орнатылғаны айтылды. Бұл жоба 67 мыңнан астам үй шаруашылығын немесе 260 мыңға жуық тұрғынды қамтып отыр. Интернеттің орташа жылдамдығы — 50–80 Мбит/с.

Шараның ең маңызды сәті министрдің қатысуымен желінің символикалық түрде іске қосылуы болды. Интерактивті картадағы нүктелер белсенді күйге ауысқан соң, желіге қосылған 10 ауылдың тұрғындарымен тікелей бейнебайланыс орнатылды. Байланыс сапасының тұрақтылығы нақты уақыт режимінде дәлелденді.

Жиын соңында Телекоммуникациялар комитеті мен «Ауыл Телеком» ЖШС арасында ауылдық аймақтарда цифрлық инфрақұрылымды одан әрі кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.