Батагөйлер байқауының жеңімпаздары анықталды
Ұлтымыздың сан ғасырлық рухани мұрасының бірі – бата беру дәстүрін жаңғырту және кеңінен насихаттау мақсатында «Ауыл» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Батамен ел көгерер» республикалық батагөйлер байқауының Жамбыл облысы бойынша кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Аталған байқау қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бата дәстүрін дамыту және оның қоғамдағы тәрбиелік маңызын арттыру мақсатында өткізілді.
Облыстық кезеңге өңірдің 10 ауданынан және Тараз қаласынан барлығы 18 қатысушы қатысып, 24 бата ұсынылды. Қызығы сол, қатысушылардың басым көпшілігі ер адамдар.
Қазылар алқасының шешімімен жүлделі I орынды тараздық Болат Тулеуишов иеленді. Ал, жүлделі II орынға Жуалы ауданының тумасы Сейітқазы Медетбеков тұрақтаса, III орынды Тараз қаласынан Нурайдар Төленді місе тұтты.
Сонымен қатар байқауға белсенді қатысқаны үшін арнайы сыйлықпен Меңдібай Әбілов пен Мұрат Жұмаділдаев марапатталады. Мұнымен қоса байқауға қатысқан 10 аудан мен Тараз қаласынан келген қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталады.
Айта кетейік, «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген халық даналығына сай бұл байқау ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі болып табылады.