Жамбылда не жаңалық?

Жамбылдықтар «Мөлдір бұлақ» акциясына белсене атсалысты

Наурызнаманың «Тазару күніне» орай ұйымдастырылған республикалық «Мөлдір бұлақ» акциясына жамбылдықтар да белсене атсалысты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

«Бұлақ көрсең, көзін аш» қағидасына негізделген шара Жамбыл ауданының Қаратау бөлімшесі аумағында жүзеге асырылды. Акция барысында бұлақтың көзі ашылып, айналасы қоқыстан тазартылды.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков қатысты. Іс-шарада 400-ге жуық тұрғын табиғатты қорғау ісіне белсене атсалысты.

Шара барысында қатысушылар бұлақ маңын абаттандырып, экологиялық тазалықтың маңыздылығын көрсетті. Бұлақ көзі ашылып, оның айналасына тал көшеттері отырғызылды. Мұндай игі бастамалар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген жанашырлықты арттыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта да осындай экологиялық акциялар жалғасын тауып, кең көлемде ұйымдастырылмақ. Бұл – елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.