Мәдениет

Әулиеата төріндегі әз-Наурыз!

Биыл жаңаша сипат алған Наурыз мерекесіне орай Таразда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың легі «Әулиеата төріндегі әз-Наурыз» деген атаумен «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі маңында өткен мерекелік шарамен жалғасын тапты.

Мұнда көрме ұйымдастырылыпты. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, дамып келе жатқан өнер, нақты айтқанда салт-дәстүрлер, әдетжоралғылар көрсетілуде. Әжелер таба нан жауып, күбі пісіп, ерлер атәбзелдерін дайындап, жігіттер жағы атбегілік, құсбегілік өнерлерін паш етуде. Жиырма жастағы егіздер Ерлан мен Дарын Жамантай Тайсон есімді бүркіттің иелері. Бұл мерекеге құмай тазысы мен қыран бүркітін әкеліпті.

Ғасырлар бойы қалыптасқан мұраның бүгінгі күнге дейін жетуіне халық шеберлерінің қосқан үлесі айтарлықтай. Шеберлер қолынан шыққан көзтартарлық өнер туындыларының эстетикалық маңызы, тәрбиелік мәні зор. Көрмеге шеберлер әр ауданнан келіпті. Әрқайсысының Сұлт анмахмұт Торайғыровша айтқанда, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп өз көрсетері бар. Бәрінің алдында, құрақ көрпелер, қазақы шапандар, оюлы жастықтар. Қолдан шыққан бұйымдарын елге көрсетіп, шаттанып тұр. Жалпы, ою-өрнек өнері әлімсақтан бері халқымызбен бірге жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен де астасып жатыр. №64 мектептің ұжымы тұсаукесер рәсімін көрсетті. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ізгі тілегін жеткізді.

Мереке мезіреті сенбі-жексенбі күндері бар шырайымен тойланбақ.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА