Ұлық мерекені қалай тойлап жүрміз?
Наурыз мейрамы – тамыры тарихтың қойнауынан басталатын көктемгі жаңару мерекесі. Ол жаңа жыл мен жаңа өмірдің басталуын білдіреді, жақсылыққа үміт артады. Жалпы, Наурыз атауының шығуы туралы нақты дерек жоқ. Тек пайым мен болжамдар ғана бар. Әр тарихшы, әр ғалым сан тұрғыдан қарап, талдап, дыбыстық жүйеден бастап, түрлі қоғамдық кезеңдермен байланыстырып өз дәлелдерін ұсынуда. Қалай дегенмен олардың көпшілігі ел аузындағы аңыздарға жүгінеді.
Аңыздың өзі сан алуан. Кейбір ғалымдар мұны зороастризм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Кейбіреулер Парсы патшасының жорықтарымен байланыстырғысы келеді. Бұл әлі де көп зерттеуді қажет ететін тақырып. Ежелгі жыл санағы бойынша 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, әз-Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған. Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.
Уақыт көші бір орнында тұрмайтыны сияқты бүгінгі күні Наурыз мейрамын тойлау үрдістері жаңарды. Бұрын ауылдарда Наурыз салты бойынша жеті нәрседен наурыз көже дайындалып, ауылдастар арасында тойланатын. Бұл біздің бала кезімізде көргеніміз. Жаппай тойлау, үлкен той-думанға айналдыру 1989 жылдан басталды. Аллаға шүкір, қазір ауылдарда да, қаланың шағын аудандары мен әрбір көшесінде жиналып ел болып Наурыз мерекесін атап өтетін үрдіс жалғасын табуда.
Ал Наурыз мерекесінің маңызы мен мазмұнын арттыру мақсатында Мәдениет министрлігі тарапынан жылда дәстүрлі түрде жалғасатын тойлау күнтізбесі бекітілген. Осылайша салтымызға айдың 14- 22 наурыз аралығы Наурызнама – ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін онкүндік ретінде өткізіліп келеді. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, қоғамдағы бірлік, мәдениет және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Атап айтсақ, 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Қазір бұл мерекені барлық аймақта тойлау үрдіс алып келеді. 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі. 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18 наурыз – Ұлттық киімдер күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өткізіледі. 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрі басталады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурызды – Ынтымақ күні. Оның басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сыйқұрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдениспорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этно ауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. 14- 23 наурыз аралығында «Наурызбазарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді. 23 наурыз – Тазару күні. Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Қарап отырсақ, Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл – бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесіне айналған. Осы мейрамда бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би билеп, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді. Ғажап емес пе? Ұлтымыздың осындай бай салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танып өскен ұрпақ үшін де Наурыз мерекесінің берері көп.
Марат Құлибаев