Қоғам

Елімізде Наурыз есімді 1453 адам бар

Перзентіне жарасымды есім беру – ежелден келе жатқан халықтың игі дәстүрі. Әрбір ата-ана баласына мағынасы айқын, айшықты ат қоюды қалайды. Бір қызығы, есімдер де заман ағымына қарай жаңарып әрі ескіріп отырады. Тіршілікте адамның өзімен бірге өмір бойы жасайтын мәңгілік ескірмейтін есімдер де бар. Сондай есімдердің бірі – Наурыз. Біз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Наурыз есімді жандарды іздестірдік.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда Наурыз есімді 1453 адам бар екен. Оның 1417-сі ер адам, 36-сы әйел. Біздің бірінші кейіпкеріміз – ақын, республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Наурызбек Саршаев. Жерлесіміз бүгінде Астана қаласында тұрады. Ол халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Оның «Қара түн», «Шайырлар өлімі», «Жыла, жаңбыр», «Жетім бақ» атты өлеңдерін қалың көпшілік жатқа біледі.

Наурызбек Саршаев 1991 жылы 21 наурызда Жамбыл ауданының Шайдана ауылында дүниеге келген.

Екінші кейіпкеріміз – кәсіпкер Наурызбек Шуақбаев. Наурызбек Жұмабайұлы 1960 жылы 13 наурыз күні Түркіменстанда дүние есігін ашыпты. 1990 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында тұрады. Үш ұл, екі қыздың әкесі. Жеке кәсіпкердің иелігінде қазір мейрамхана, техникалық жөндеу орталығы, жанармай құю бекеті, автобөлшектер дүкені және қонақ үй мен бассейн, монша бар. Ол өз кәсіпкерлігімен отбасын асыраумен қатар, бірнеше азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүр.

Адам есімі оның тағдырына жасырылған. Екі кейіпкеріміз де өз есімдерімен мақтанатындарын айтты. Екеуі де атына заты сай, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар. Халыққа пайдасы тиген біртуар жандар.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА