Кірлетпей кетті жүректі...
Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзін басшылыққа алып, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыған жөн. Бұл қасиеттерді санасына сіңіріп өскен жастардың ертең ұлт мүддесін қорғау жолында табандылық таныта алатын тұлғаға айналары сөзсіз. Жұртқа қызмет ету үшін қажет қайсар мінез адамға ананың сүті, атаның өсиеті арқылы берілсе керек. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қанша айтылса да жауыр болмайтын жақсы сөз бар. Ұяда көрген өнегең мол болса, елге тиер пайдаң да зор болмақ.
ӘҢГІМЕНІҢ ӘЛҚИССАСЫ
Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бос сандалып жүрген кезін көрмеппіз. Ол ханға да, қараға да бірдей берілетін уақытты текке өткізуді ауыр күнә деп санады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген сөздерді өлең деп емес, Ұлы Абайдың жас ұрпаққа айтқан өсиеті деп түсінді. Осы өсиетке адал болуды қазақ баласының парызы деп білді. Өзі де бұл қағиданы қатаң ұстанып, тынымсыз еңбек етті. Кейіпкеріміз туралы сөз қозғамастан бұрын мынадай бір аңыз-әфсанаға тоқтала кетуді жөн көрдік.
Бағзы заманда үш дос бақыт іздеп, сапарға аттанады. Ауылдан ұзап шыққан соң жол үшке айырылады. Бірінші жолдың жиегінде «Біреу», екіншісінде «Тілеу», үшіншісінде «Тіреу» деген сөздер жазылған екен. Жігіттер қай жолмен жүрерін білмей, дал болады. Сөйтіп, сол маңда бір талдың түбінде дамылдап отырған ақсақалға барып, жөн сұрайды. Көпті көрген қария: «Шырақтарым, бұл жолдар үш зәулім сарайға апарады. Көбі бірінші жолды таңдайды. Екінші жолмен жүретіндер де бар. Ал үшіншісін таңдайтындар тым аз», – дейді. Үш жігіт көп ойланбастан түрлі үш сүрлеуге түсіп, адымдай жөнеледі.
Бірінші жігіт жолым болды деп қатты қуанады. Себебі, оның алдынан жадырап жеңге шықпаса да, сылдырлап теңге шығады. Нақты айтсақ, іші ақшаға толы әмиян тауып алады. Бірақ бұл пақыр әмиянның иесін іздеп, басын ауыртпайды. Жол бойы әлдекімнің тапқантаянғанын оңды-солды шашады. Армансыз ішіп-жеп, қызыққа батады. Қайыр-садақа сұрап келген кедей-кепшікке көп ақшадан көк тиын бермейді. Осылай біраз жыл сауықсайран құрып, ақыры ақсақал айтқан сарайға да жетеді. Бірақ бұл ғимаратты зәулім сарай деп әспеттеуге ауыз бармайды. Бар болғаны – маңдайшасында «Жүрген біреу» деген жазуы бар құлайын деп тұрған шағын үй.
Екінші жігіттің де асығы алшысынан түсті. Ол ұзақ сапар шегіп, қалың елге тап болады. Бұл жұрттың ханы қатты науқастанып қалыпты. Емші-балгерлер қанша тырысса да, қағанның беті бері қарамапты. Халық емінен хабары бар жолаушы оны емдеп, аяғынан тік тұрғызады. Өлімнен аман қалған хан жігітті алтынмен аптап, күміспен күптейді. Сөйтіп, ол бір күнде байып шыға келеді. Ақшаның буымен бұл сабаз да біраз талтаңдайды. Бірақ досы секілді сараңдық танытпай, жоқ-жетімдерге қарайласады. Ел-жұртының тілеуін тілеп өмір сүреді. Сапарының соңында өзі іздеген зәулім сарайды ақыры табады. Бұл бірінші сарайдан әлдеқайда жақсы ғимарат еді. Маңдайшасына «Жақсылық тілеу» деген сөз жазылыпты.
Ал үшінші жігіттің жолы бұралаң болды. Ол әбден шаршап-шалдығып бір ауылға келеді. Бұл қонақты құдасындай күтетін көргенді жер екен, жолаушыны жас бағланның еті мен сары қымызға әбден тойдырады. Сөз арасында ауыл ақсақалдары балаларға ұстаз таппай, қиналып отырғандарын тілге тиек етеді. Білімсіз босып жүрген жеткіншектерге жаны ашыған жігіт, сол ауылда біраз жыл тұрақтап, жастардың сауатын ашып, үлкендердің сауабын алады. Білім берумен шектелмей, кәсіптің қырсырын үйретеді. Біраз жыл еңбек еткен соң елдің батасын алып, сапарын жалғастырады. Өмірдің даңғыл жолында адаспай, тура жолдан таймайды. Талай адамға қамқорлық жасап, шапағаты тиеді. Ақыры, оған да арман болған сарайды көру бұйырады. Бұл – адам айтса нанғысыз ғажайып ғимарат еді. Оның маңдайшасында «Елге тіреу» деген жазуы бар екен.
Айтпақшы, бірінші жігіттің есімі – Пенде, екіншісі – Кісі, үшіншісі – Тұлға еді. Анығында, адам баласын шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – пенде. Ол қара басының ғана қамын ойлап, өзі үшін өмір сүреді. Екіншісі – кісі. Оның жақсылығы мен жамандығы қатар түсіп жатады. Үшіншісі – тұлға. Ол жан-жағына шарапатын тигізіп, ел-жұрттың қошеметіне бөленіп жүреді. Тарихта пенде мен кісінің емес, тұғырлы тұлғалардың есімі қалары анық.
Бүгінгі эссеміздің қаһарманы, мәнді де мағыналы қырық бір жыл өмір сүрген Асқар Айтбаевты тұлға десек, артық айтқандық емес. Ендеше, Асқардың өнегелі өмірінің сәулелі сәттерінен аз-кем сыр шертейік.
БОЛАМ ДЕГЕН БАЛАНЫҢ...
Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірі еді. Күйбең тіршілік қамымен жүрген көпшіліктің көңіліндегі кірбіңді жібіткісі келгендей, күн де жылуын аямай төгіп тұр. Табиғат-ананың мейірімі түскенде көңілсіз жүрудің өзі де күнә сияқты. Содан болар, бұл күні Жамбыл шаһарында жайдары жүрген жандардың қарасы көп. Әсіресе, ел аузында «Өнерпаз» аталып кеткен қала іргесінде орналасқан елді мекендегі Ахмет атаның шаңырағына жиналған жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі. Бақсайыс қожаның ұрпағы Ахмет атамыз елге сыйлы, абыройлы азамат болған. Туғантуыстарының қабырғасын қайыстырып, 1962 жылы мәңгілік мекенге аттанып кеткен. Қазақта «Орны бар оңалар» деген сөз бар. Атамыздың ұлдары ұяға, қыздары қияға қонды. Міне, 1981 жылдың 21 наурызында, Ахмет ақсақалдың ортаншы ұлы Күмісханның тұңғышы дүние есігін ашты. Әулеттің үлкендері ақылдаса келе, сәбидің есімін Нағашбек құда қойсын деп шешті. Шын мәнінде, бұл құдаға деген үлкен құрмет болатын. Сол арқылы «Сендер де біз секілді сыйласып жүріңдер» дегендей, жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Көзі ашық, көкірегі ояу Нағашбек қария балаға ат қою мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарады. Он ойланып, тоғыз толғанды. Ақыры Асқар деген әдемі атқа тоқтады. Ол кезде ел ішінде Асанбай Асқаровтың аты дүрілдеп тұрған. Халыққа қалтқысыз қызмет еткен азаматтың ата тегін немересіне беруді ұйғарды. Асанбай атасы сияқты елге пана болсын деп жүрекжарды тілегін айтты.
Көпті көрген Нағашбек атамыздың айтқаны келіп, Асқар зерек бала болып өсті. Үлкендердің айтқанын екі етпеді. Балабақшада жүргенде барлық іс-шараға белсенді атсалысты. Тәрбиешілер осы бір сүп-сүйкімді, ақылды балақайды ерекше жақсы көрді. Ол өте бауырмал еді. Кішкентай кезінен артынан ерген қарындасы Әселге қамқор бола білді. Әдетте аралары бір-екі жас бүлдіршіндер тете болғандықтан әңгімелері жараспай жатады. Бірақ Асқар қарындасына қамқор болып, балдырғанның да аға бола білетінін дәлелдеп бақты. Бір жастан енді асқан кезде балабақша табалдырығын аттаған Әсел басында бөтен ортаға бой үйрете алмай жүрді. Анасы қалдырып кеткен соң, кейде жылап отырып алатын кездері көп болды. Сонда екі жарым жасар Асқар қарындасын жұбатып, оның көз жасы тыйылған соң ғана өз тобына барады екен. Неткен қамқорлық десеңізші!
Кейіпкеріміз алты жасқа толғанда Райхан жарық дүниеге есігін ашты. Ес біліп қалған Асқардың кіші қарындасына деген ықыласы ерекше болды. Үнемі айналып-толғанып жүретін. Тіпті, Райхан бойжеткен қыз болғанда да, оны сәби сияқты еркелететін. Екі қарындасы ата-анасы мен ағасының атына кір келтірмей, ақылына көркі сай, инабатты қыз болып өсті.
Асқар білім жолын 1987 жылы Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектептен бастады. Кейін Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектепте оқуын жалғастырды. Ол мұғалім мақтаған, оқушы жақтаған шәкірт болды. Сабақты жақсы оқыды, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысты. Әсіресе, гитарамен ән салғанда, әдемі қоңыр даусы құлағыңнан кіріп, бойыңды да, ойыңды да баурап алатын.
Сондай-ақ Асқардың спортқа бір бүйрегі бұрып тұратын. Грек-рим күресімен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер атанды. Боксқа да барды, самбоға да қатысты, теңбіл допты да тепті. Ол спорттың бірнеше түрімен айналысып, тән саулығына ғана емес, жан саулығына да қатты мән берді.
Асқар озық ойлы, саналы жігіт еді. Бұл әуелі Алланың, содан соң ата-анасының арқасы. Оның адал азамат болып өсуіне нағашы көкесі – елге еңбегі сіңген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының докторы, академик Меркіжан Қошаевтың да ықпалы көп болды. Асқар ел аузынан түспейтін Меркіжан ағасындай болсам деп армандады. Болмасам да ұқсап бағайын деп, тынбай әрекет етті. Ақыры дегеніне жетіп, парасатты перзент бола білді.
Елге қызмет – ерге сын Мына қамшының сабындай қысқа бес күн жалғанда білегіне емес, біліміне сенген адамдардың бәсі артық болатыны ақиқат. Ұлы Абай: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп бекер айтпаған. Асқар әуел бастан осыны жете түсінді. Білсем деген таудай талабы болды. «Сұраған ұят емес, білмеген ұят» деген қағиданы қатаң ұстанды. Бозбала шағынан кітап оқуды сүйікті ісіне айналдырды. Ол тұғырлы тұлғалардың өнегелі өмірі мен ізгі өсиеттеріне баса мән берді. Мектепті бітірген соң «Қайнар» университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Ол кезеңде профессор Сағат Жүнісбеков басқаратын университеттің тасы өрге домалап тұрған. Кейіпкеріміз жастайынан ғылым бар екенін ескеріп, қолын дөп әрі көп сермеді. Қала кітапханаларынан шықпай, өз бетінше көп ізденді. Университеттегі қоғамдық ісшараларға белсенді атсалысып, оқытушылардың ризашылығын алды. Қалалық пікірсайыс турниріне қатысып, жеңімпаз атанды. Осылайша, студенттік өмірді мәнді де мағыналы өткізіп, білікті әрі білімді маман болып шықты. Асқар университетті бітірген соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына оқуға түсті. Аталған білім ордасында бар ынтаықыласымен күрделі кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Оқуда озат болып, дәріскерлердің алғысына бөленді. Курстастарының арасында сыйлы болды. Қазір сол жігіттер Қазақстанның әр аймағында ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Ол еңбек жолын Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай аудандық бөлімінде қатардағы қызметкер болып бастады. Онда біраз жыл жұмыс істеп, жоғары жетістіктерімен көзге түсті. Кейін облыс орталығына ауысып, департаментте бірқатар жауапты лауазымда қызмет етті. Өз жұмысын адал атқарып, зор абыройға бөленді. 2011 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментіне қарасты Бурабай аудандық бөлімнің басшысы болып тағайындалды. Жамбылдың жампоз жігітінің Көкшедегі қызметі өте табысты болды. Ақпан айында жұмысқа білек сыбана кіріскен Асекең жыл соңында өз бөлімін барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы орынға шығарды. Кейін сол қарқыны үдей түспесе, бәсеңдеген жоқ. Кейіпкеріміз басқарған жылдары Бурабай бөлімі үлгілі құрылым ретінде танылды. Сонымен қатар Асқар бөлімнің материалдықтехникалық базасын нығайтуға зор үлес қосты. Аудан орталығы Шучинск қаласынан жаңа еңселі ғимараттың салынуына мұрындық болды. Оның ашылу салтанатына сол кездегі Комитет төрағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаевтың өзі келіп қатысты. Кейіпкеріміз 2014 жылы туған жерге оралып, облыстық департаменттің басқарма басшысының орынбасары қызметіне кірісті. Асқар әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, таңғаларлық, таңдай қақтырарлық жетістерге жетті. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңірді.
Осы орайда Асқардың мықты маман болып қалыптасуына оң ықпал еткен генерал-майор Қосбасар Нұрбеков ағамызды ерекше атап өткен жөн. Білікті басшы, парасатты тұлға Қосбасар Болатбекұлы жас Асқардың әлеуетін байқап, білгенін үйретіп кетті. Сондықтан елге сыйлы азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
АЗАМАТТЫҚҚА АДАЛДЫҚ
Асқар атына заты сай жігіт болды. Өмірге адам болып келіп, азамат болып кетті. Көп жанға қол ұшын беріп, шапағаты тиді. Жақсылық жасаудан жарыс болса, оза шауып, бәйге алар еді. Бірақ ол игі істерін жарнамалағанды суқаны сүймейтін. «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» деген қағиданы берік ұстанды. Асқар балалар үйіне тұрақты түрде көмектесіп тұрды. Құр жәрдем берумен шектелмей, біраз баламен тығыз қарым-қатынас орнатты. Оларды Рамазан айында үнемі шайға шақырып, ағалық ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп отыратын. Асқар қайтыс болғанда балалар үйінің тәрбиешісі естелік айтқанда, жиылған жұрттың көзіне жас тығылды. Кейіпкеріміз адамзаттың бәрін бауырым деп сүйді. Тіпті, көңілі құлаған адамға шекпенін шешіп беруден тайынбайтын жомарт еді. Бірде Асқар облыстың бір ауданына дәм-тұз айдап бара қалды. Сол сапарда көптен бері хабарошарсыз кеткен досын тауып алды. Қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай, алға басқан аяғы кері кетіп жүрген жолдасына жаны ашыды. Сөйтіп, оны өзімен бірге Таразға алып келді. Дүкенге апарып, киім-кешегін жаңалады. Базарға барып, шаруасын дөңгелетіп әкетуге қажетті заттарды алып берді. Ақ дастарқанын жайып, адал асы мен ақ көңілін алға тартты. Осылайша, досының бір кәдесіне жарап, көңілін демдеді. Айтпақшы, осы тұста мынадай мәселеге тоқтала кеткен жөн. Біз қанша жақын дос болсақ та, Асқардың жұртқа жасаған жақсылығын біле бермейді екенбіз. Ол қайырымдылықты жақсы адам атанып, ел алдында ұпай жинау үшін жасаған жоқ. Мәселен, облысқа қарасты Жамбыл ауданына қарасты Еңбек ауылындағы құрылысы тоқтап қалған мешітке көмек көрсетіп, шырағын жаққанын сол мешіт имамының өз аузынан естігенде таңғалдық. Себебі, Асқар «мешіттің құрылысына жәрдемдесіп едім» деп ешқашан айтқан емес. Сөйтсек, асыл досымыз үндемей жүріп, үйдей тірлік бітіріп жүрген екен. Бұл Асекеңнің көлдей көңілін танытатын бір-екі мысал ғана. Мұндай мысалдар өте көп. Оның елге жасаған жақсылығын айтсаң, бір кітапқа жүк болады.
Асқардың ата-анасына, бауырларына, асыл жарына, балаларына және достарына деген махаббаты мен қамқорлығы шексіз еді. Алланың қалауымен, ол Күмісхан әкеміз бен Күләш анамызды қасиетті мекен – Меккеге алып барып, перзенттік парызын өтеп кетті. Кейіпкеріміз келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекенге аттанып кетсе де, артында өшпес із, өнегелі іс қалдырды. Асқардың ардақты ата-анасы, асыл жары, ұл-қыздары, туыс-бауырлары, дос-жарандары және мықты әріптестері оны ешқашан естен шығарған емес. Арамызда жүргенде Асқар биыл 21 наурызда 45 жасқа толар еді. Осы орайда, ата-анасы арнайы ас беріп, Құран оқытпақ. Әріптестері де спорттық іс-шара ұйымдастырып, игі іске мұрындық болуға бел буып отыр.
Сөз соңында эссені жазудағы басты мақсатымызды айта кетейік. Бұл – Асқардың болмыс-бітімін аша түсіп, оның шынайы азаматтық бет-бейнесін көрсету. Қолдан батыр жасап, жоқты бардай, барды Құдай ұрғандай етіп жеткізу ойымызда жоқ. Асекең ондай жалған жарнаманы жек көретінін айттық. Жерлеу рәсімінен кейін берілген ас кезінде біраз адам ортаға шығып, Асқардың жасаған өнегелі істерін тілге тиек етті. Бұл осындай сәтте айтылатын жаттанды сөздер емес, жүрекжарды шынайы лебіздер еді. Сонда Асқардың талай жанға қол ұшын беріп, елдің ыстық ықыласына бөленген азамат екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Қорыта айтқанда, Асқар Айтбаев өзінің азаматтық парызын адал орындап, жүрегін кірлетпей кетті.
Руслан ЖҰМАН,
мемлекеттік қызметкер.