Жаңалықтар

Жас мамандарға жағдай жасалуда

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» ШЖҚ РМК Жамбыл филиалы өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын тиімді басқарумен қатар, жас мамандарды тарту және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Бүгінгі таңда Жамбыл филиалының теңгерімінде 575 су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде: 7 су қоймасы, 12 су торабы, 2 бөгет, 426 канал, 46 ұңғыма, 81 коллектор және 1 сорғы стансасы бар. 2025 жылғы суару маусымында филиал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналар арқылы қызмет көрсетіп, 3906 келісімшарт жасасты. Жалпы 75430,3 гектар егістікке 535 058,623 текше метр су жеткізілді. Жыл сайын келісімшарттар саны артып келе жатқаны су пайдаланушылардың сенімін білдіреді. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы ғылыми-зерттеу қызметі мен білім беру саласындағы ынтымақтастықтарын нығайту мақсатында жыл сайын бірқатар жоғары оқу орындарымен «Ғылымизерттеу жұмыстарын жүргізу үшін мамандандырылған базаны бірлесіп пайдалану туралы» екіжақты шарттар жасасып келеді. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті КЕАҚ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті КЕАҚ, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті КЕАҚ сынды жетекші жоғары оқу орындарымен тұрақты әріптестік байланыс орнаған. Сонымен қатар Қазақ Ұлттық су шаруашлығы және ирригация университетінің оқу-әдістемелік кабинеті «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалында ашылып, жұмыс жасайды. Аталған жоғары оқу орындарымен кәсіби тәжірибеден өткізу жөнінде ынтымақтастық шарттары жасалып, білім алушыларға филиалдың өндірістік құрылымдарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі. Бұл тәжірибе студенттердің теориялық білімдерін практикамен ұштастыруына, су ресурстраны басқару және ирригациялық жүйелер саласындағы кәсіби дағдыларын дамытуға оң әсерін тигізеді. Аталған ынтымақтастық ғылымизерттеу әлеуетін арттыруға, сала үшін білікті кадрлар даярлау сапасын жетілдіруге, сондай-ақ су ресурстарын басқару саласының заманауи талаптарына сай кәсіби мамандар қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар кадрлық әлеуеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қайрат Амановтың саланы кадрмен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауында. 2025 жылы Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін Су ресурстарын басқару мамандығы бойынша тәмамдаған 5 жас маман – Жамбыл ауданына А.Сабитов, Байзақ ауданына Е.Зейнолаев, Талас ауданына А.Әлжаппар және Қордай ауданына Ә.Құтжанов өндірістік бөлімшелерге жұмысқа қабылданды. Аталған мамандар мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік қолдауға ие болып, өңірлік су шаруашылығы нысандарында тұрақты еңбек жолын бастады. Бұл шаралар өңірдегі су шаруашылығы саласының кадрлық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жас мамандарды тарту арқылы өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға және саладағы сабақтастықты сақтауға оң әсерін тигізуде. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК Жамбыл филиалы жас мамандарды қолдау мен тұрақты кадрлық саясатты жүзеге асыру бағытында мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Мысал ретінде, 2023 жылы Тасөткел су қоймасына инженергидротехник ретінде жұмысқа қабылданған Елнұр Халыққа бағдарламаның қатысушысы ретінде бір реттік көтерме төлем беріліп, тұрғын үй сатып алды. Бұл бастама су шаруашылығы саласына жаңа буынды тартуға, ауылдық жерлерде кәсіби мамандар санын арттыруға және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға үлкен серпін беріп отыр. Салада еңбек етіп жүрген жас қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында, Отбасы банк ұсынған «Наурыз жұмыскер» және «Концепция» тұрғын үй бағдарламаларының мүмкіндіктері тиімді пайдаланылуда. Нәтижесінд филиалдың 3 қызметкері аталмыш бағдарламалар арқылы жаңа баспаналарға қол жеткізді. Бұл – тек жеке жетістік қана емес, мемлекет тарапынан жастарға көрсетілген нақты қолдаудың жарқын көрінісі. Тұрғын үй мәселесінің шешілуі жас мамандардың ауылдық жерлерде тұрақтап, саланың дамуына өз үлесін қосуына ықпал ететіні сөзсіз.

Сонымен қатар өңірлердегі мектеп оқушылары арасында су шаруашылығы мамандықтарына қызығушылықтарын ояту мақсатында, филиалдың өндірістік бөлімшелеріндегі жұмыс процестерін таныстыру үшін экскурциялар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Одан бөлек « Сушылар әулеті» дәстүрін жалғастыру мақсатында филиал қызметкерлерінің ұрпақтарын (балаларын, немерелерін,туыстарын) су шаруашылығ мамандықтарына тарту бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Жамбыл филиалы ұжымы осындай игі бастамалардың жалғасын тауып, болашақта су шаруашылығы саласында еңбек ететін жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады деген сенімде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

 

Айтолқын ТЮЛЯПОВА,

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы «Су пайдалану» бөлімінің бас маманы,

І дәрежелі гидротехнигі.