Шектен шыққан ысырапшылдықты тоқтатудың жолы бар ма?!
Қоғамда адамгершілік пен жауапкершілікке негізделген көптеген құндылықтар бар. Солардың ішінде «обал» мен «ысырапшылық» ұғымдары ерекше орын алады. Ата-бабаларымыз әрбір нығметтің қадірін біліп, оны орынсыз жұмсамауды, табиғат пен ризыққа құрметпен қарауды өсиет еткен. Өйткені ысырап – тек материалдық шығын ғана емес, ол адам бойындағы қанағатсыздық пен немқұрайлылықтың көрінісі. Ал обал ұғымы адамды әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Өкініштісі сол, бүгінгі күні қазақ қоғамында ысырапшылық пен дарақылықтың белең алып тұрғаны қатты байқалады. Бұл көріністі әсіресе той-томалақтардан, тіпті қаралы жиындарда жайылатын аста-төк дастарқандардан анық көруге болады. Алайда сол молшылықтың біразы желінбей, ысырап болып жатады. Осындай құбылысты ауызашар дастарханынан да көруге болады.
Обал дегеніміз – тіршілікке, табиғатқа, адамға немесе берілген несібеге немқұрайлы қарап, зиян келтіру. Қазақ халқы «обал болады» дегенді бала кезден ұрпағының санасына сіңіріп отырған. Мысалы, «нанды жерге тастама», «суды босқа ағызба», «құсқа тас атпа» деген сияқты тыйым сөздер арқылы адамдарды мейірімділікке, ұқыптылыққа тәрбиелеген. Бұл тыйымдардың барлығы табиғатты, тіршілікті және адам еңбегін құрметтеуді үйретеді. Ал ысырапшылық – бар нәрсені қадірлемей, оны шамадан тыс немесе орынсыз пайдалану. Бүгінгі күні ысырапшылықтың түр-түрі кездеседі. Мысалы, тамақты артық дайындап, кейін тастап жіберу, суды немесе электр қуатын босқа жұмсау, қажетсіз заттарды сатып алу – мұның бәрі ысырапшылыққа жатады. Мұндай әрекеттер тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғам мен табиғатқа зиян келтіреді. Қазақ халқы қашанда қанағатшылдық пен үнемшілдікті жоғары бағалаған. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар», «Қанағатсыздықтың көзі үлкен, ақылсыздың сөзі үлкен» деген мақалдар осыны дәлелдейді. Сондықтан әр адам қолындағы барды бағалап, оны орнымен пайдалануы керек. Бұл – тек үнемшілдік қана емес, жоғары мәдениеттілік пен жауапкершіліктің белгісі. Бір сөзбен айтқанда, обал мен ысырапшылық мәселесі әрқашан маңызды. Әр адам табиғатты, тағамды, суды және басқа да игіліктерді қадірлеп, оларды босқа жұмсамауға тырысуы тиіс. Сонда ғана біз ата-бабамыздың аманатын сақтап, болашақ ұрпаққа таза әрі бай табиғат қалдыра аламыз.
Ислам дінінде де ысырапшылдық (исраф) өте жаман іс ретінде қарастырылады. Құранда да, хадистерде де адамға бар нәрсені үнемдеп, шектен шықпау керектігі айтылған. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді.» (Ағраф сүресі, 31-аят) Бұл аятта адамдарға Алланың берген нығметтерін пайдалану рұқсат етілгені, бірақ шамадан тыс жұмсау немесе босқа шашу дұрыс емес екені ескертіледі. Тағы бір аятта: «Шашпаңдар. Шашушылар – шайтанның бауырлары.» (Исра сүресі, 26–27 аяттар) Бұл жерде ысырапшылдықтың өте жаман іс екені анық көрсетілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те үнемшіл болуды үйреткен. Бір хадисте ол: «Ағын судың жағасында тұрсаң да, дәрет алғанда суды ысырап етпе.» деп айтқан. Бұл сөз ресурстар көп болса да, артық пайдаланбау керек дегенді білдіреді. Бұдан біз Ислам дінінің де адамдарды қанағатшыл, үнемшіл және жауапкершілікті болуға шақыратынын білеміз. Тамақты, суды, уақытты, ақшаны босқа жұмсамау – мұсылманның жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан әр адам Алланың берген нығметтерін қадірлеп, ысыраптан аулақ болуы керек. Мұсылман елдерінің ішінде ысырапшылықтың жоғары деңгейі кейде біздің қоғамда қатты байқалатындай әсер қалдырады. Бұған күнделікті өмірде кездесетін кейбір мысалдар дәлел бола алады. Бірде құрылыста еңбек етіп жүрген өзбек жұмысшылары қазақтардың бір тойға тұтас бір жылқы соятынын естігенде таңқалғаны туралы әңгіме естіген едім. Олар өз елдерінде бір жиынға көбіне бір қойдың еті жеткілікті болатынын айтып, қарапайымдылық пен қанағатты алға тартқан. Сонымен қатар, көпшілігіміз сүйіп тамашалайтын түрік сериалдарынан да дастархан мәдениетінің өзгеше екенін байқауға болады. Олардың той көріністерінде дастархан аста-төк тағамға толып тұрмайды. Көбіне ортада бір-екі түрлі ас пен сусын ғана қойылады. Қонақтар соның ішінен қалағанын алып, соны қанағат етеді. Ал тойдың негізгі сәні мен қызығы – мол тағам емес, адамдардың көңілді бас қосуы. Қонақтар ойнап-күліп, би билеп, бір-бірімен әңгімелесіп, қуанышты сәтті бірге бөлісуге мән береді. Тіпті қаралы күндердің өзінде де қарапайымдылық сақталады. Адам қайтыс болғанда келген жұртқа көп тағам жайып, даңғойлыққа бармай, көбіне әр адамға бір-бір кесе халва тәттісін таратады. Осы арқылы олар марқұмды еске алып, сабыр мен сыйластықты басты орынға қояды. Мұндай қарапайым әрі мағыналы дәстүрлер адамды еріксіз ойландырып, дастарханның молдығынан гөрі ниет пен мәдениеттің маңызын аңғартатындай. Қазақ халқы ежелден қонақжай, жомарт халық болған. «Қонақ келсе, құт» деп дастарханын жайып, келген адамды барымен күткен. Бұл – халқымыздың жақсы қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы жылдары осы жомарттық кейде шектен тыс жарысқа, мақтанға немесе бедел көрсетуге айналып бара жатқандай. Той жасау кезінде кейбір адамдар қарызға батып, несие алып болса да үлкен мейрамхана жалдап, жүздеген қонақ шақырып, аста-төк дастархан жаяды. Одан қала берсе, қытайдың түрлі заттарынан тойбастар беріп, тілек айтқан топ пен билегендерге қырғыздың шапанын жауып, орамалын таратады. Шыны керек, тойдан алған сол заттарды ешкім киім қылып киіп, бұйым қылып пайдаланбайды. Құр босқа далаға кеткен шығын десе болады.
Тойдың мақсаты – қуанышты бөлісу болғанымен, кейде ол байлық пен атақ көрсету жарысына ұқсап кетеді. Осындай жағдайды адам қайтыс болған кездегі ас беруден де көруге болады. Қайғы үстіндегі отбасына ауыр болғанына қарамастан, кейде олар да көңіл айтып келгендерге мол дастархан жайып, түрлі тағам әзірлеуге тырысады. Кейбір жағдайларда дастарханға қойылған тамақтың едәуір бөлігі желінбей қалып, кейін тасталып жатады. Бұл – тек материалдық шығын ғана емес, сонымен қатар тағамға, еңбекке және табиғаттың берекесіне құрметсіздік болып саналады. Жоғарыда Ислам діні қарапайымдылық пен үнемшілдікті насихаттайтыны туралы айттық. Соңғы кездері дін өкілдері де тойларда, әсіресе ас беруді қарапайым етіп жасауды насихаттап жүргенімен, өкінішке орай оған құлақ асып жатқан адам санаулы. Ең бастысы – ниет, адамдардың бір-біріне қолдау көрсетуі және жақсы тілек айтуы емес пе?! Ал шамадан тыс шығын, дарақылық немесе мақтан үшін жасалған іс дін тұрғысынан да құпталмайды. Сондықтан бүгінгі қоғамда бұл мәселе туралы ойлану маңызды. Әр отбасы өз мүмкіндігін ескеріп, артық шығыннан аулақ болса, әрі тағамды, еңбекті қадірлей білсе, ысырапшылдық азаяр еді. Өкінішке орай, осылайша бүгінгі күні еліміздегі тоқшылық пен молшылық заманымыздың арты бей-берекет ысырапшылық пен дарақылыққа әкеп соғып отыр. Шынайы байлық – аста-төк дастархан емес, адамдардың бірлігі, сыйластығы және қанағатшылдығы. Осындай құндылықтарды сақтай алсақ, халқымыздың жақсы дәстүрлері де өз мағынасын жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалар еді.
Арна Жұматай