Еңбек адамы

18 жастағы миллионер студент

Кәсіпкерлік – бүгінгі қоғамның қозғаушы күші, экономиканың тірегі әрі жастардың өзін-өзі дамыту жолы. Адал еңбекпен басталған әрбір іс қашанда берекелі болады. «Еңбек түбі – береке» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Шынайы табыс тек маңдай термен келеді, ал табандылық пен сенім – кез келген жетістіктің негізгі кілті. Осындай ұстанымды өміріне серік еткен жас кәсіпкердің бірі – Қайырбек Байғабыл.

Бұл кәсіп осыдан 12 жыл бұрын отбасылық бастамадан өрбіді. Анасы үй жағдайында 500-ге жуық гүл өсіріп, шағын саудамен айналыса бастаған. Сол уақыттан бері гүл өсіру мен сату отбасының негізгі табыс көзіне айналады. Ал Қайырбектің кәсіпке деген қызығушылығы 9-сыныпта басталып, атаанасы оның ынтасын байқап, сенім білдіріп, отбасылық істі табыстаған. Ол сол сәттен кейін ата-анасының жолын жалғап, кәсіпті әрі қарай дамытуға бел байлады. Өзінің айтуынша, алғашқы қадамын 8-сыныпта, карантин кезінде медициналық бетперде сатудан бастаған. Сол кезең оның жауапкершілігін арттырып, сауда саласына деген қызығушылығын арттыра түскен. Кейін үйдегі кәсібі болған гүл өсіру ісін толық қолға алып, оны жүйелі кәсіпке айналдырды. Қарапайым отбасынан шыққан Қайырбек бүгінде 18 жаста, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық университеті заң факультетінің 1-курс студенті. Жастығына қарамастан, ол жеке бизнесін жүргізіп, табыс тауып отыр. Оның табысының ең қарқынды кезеңі мерекелерге тұспа-тұс келеді. Әсіресе наурыз айында гүлге сұраныс бірнеше есеге арта түседі. Осы кезеңде айналым көлемі 15 миллион теңгеге дейін жетсе, табыс шамамен 10 миллион теңгеге дейін өседі.

Сонымен қатар мерекелік күндердің бірінде 5 миллион теңге табыс тапқан сәттері де болған. Бұл көрсеткіштер жас кәсіпкердің еңбегімен дұрыс ұйымдастырылған жұмысының нәтижесі екендігінің дәлелі. «Еңбектің наны тәтті» деген сөз осындайда ойға оралады. Қайырбек мемлекет тарапынан ешқандай қаржылай көмек алмайтынын айтады. Барлығы ата-анасының сенімімен өз еңбегінің жемісі. Ол кәсіпті жүргізуде тәуекелден қорықпау керектігін, ең бастысы өзіне деген сенімнің мықты болуы қажет екенін ерекше атап өтті. Әкесінің ақыл-кеңесі мен анасының қолдауы оған үнемі мотивация береді. Отбасылық сенім мен рухани демеу оның алға қарай нық қадам басуына себеп болып отыр. Ол гүлдердің ішінде күтімі жеңіл түрлерін ғана таңдап, шығынды азайтып, табысты тұрақты ұстауға мән береді. Бұл оның бизнесті саналы түрде жоспарлап жүргізетінін аңғартады. Жас кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Ол жылыжай ісін кеңейтіп, кәсіпті басқа қалаларда дамытуды, болашақта франшиза жүйесін енгізуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар көгалдандыру бағытында жұмыс істеп, қоршаған ортаны жасылдандыруға үлес қосуды көздейді. Оның тағы бір маңызды мақсаты – кәсіпке қызығушылығы бар жастарға нөлден бастап бизнес құру жолын үйретіп, өзінің тәжірибесімен бөлісу. Ол өз ісінің тек табыс көзі емес, өзгелерге жол көрсететін мүмкіндікке айналуын қалайды.

Қайырбектің өмірлік ұстанымы қарапайым әрі нақты: ештеңеден қорықпау, тәуекел ету, өз-өзіне сену және үздіксіз еңбек ету. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, талап пен табандылық бар жерде мүмкіндік те көп. Оның ісі өзі құралпы жастарға үлгі көрсетуде. 18 жасында жеке бизнес жүргізіп, тұрақты табысқа жету – тек батылдықтың емес, жүйелі еңбектің нәтижесі. Бұл оқиға қарапайым отбасынан шыққан жас та өз күшіне сенсе, биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдейді. Қайырбек Қалдыбекұлының жетістігі – жастарға мотивация, кәсіп-керлікке ынта, ал ата-ана сеніміңіз маңызын көрсететін жарқын мысал. Оның өмір жолы адал еңбек пен дұрыс бағыттың нәтижесінде үлкен табысқа жетуге болатынын айқын аңғартады.

Мақпал СҮЙІНБАЙ