«Дер кезінде айтылған ақпарат үлкен қылмыстың алдын алуы мүмкін» – Қайсар Сұлтанбаев
Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – кез келген мемлекеттің дамуының берік негізі. «Тәртіпке бағынған елдің ырысы мол» дейді дана халқымыз. Расында да, заң үстемдік құрған жерде ғана әділет салтанат құрып, халықтың ертеңге деген сенімі нығаяды. Ал бұл жауапкершілік жүгін арқалап жүрген – құқық қорғау органдары. Бүгінде облыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау, заманауи технологияларды енгізу және халықпен ашық диалог орнату полиция қызметінің басты басымдығына айналған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда өлшеусіз. Осы орайда өңірдегі ахуал, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Қайсар Әбілекұлы, қазіргі таңда өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік жағдайы қалай?
– Жалпы жағдай тұрақты деп айтуға болады. Дегенмен қауіпсіздік саласында «жақсы» деген бағаға тоқмейілсуге болмайды. Себебі қоғамдық тыныштық – күн сайынғы жүйелі еңбектің нәтижесі.
Мәселен, 2026 жылдың алғашқы екі айында қоғамдық орындардағы қылмыстар 26 пайызға азайды. Көшедегі қылмыстар да 11,5 пайызға төмендеді. Бұл – қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсететін нақты нәтиже. Дегенмен біз үшін ең бастысы – құр статистика емес, әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі. «Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз. Сондықтан кез келген мәселені дер кезінде анықтап, алдын алу – біздің басты міндетіміз. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін кешенді іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Түнгі уақытта ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында арнайы жасақтар жұмыс істеуде. Біздің негізгі ұстанымымыз – қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу. Өйткені «сақтықта қорлық жоқ».
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жол қауіпсіздігі – баршамызға ортақ мәселе. Бұл жерде тек полиция ғана емес, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жауапкершілікті сезінуі тиіс. «Жол ережесін сақтаған – өмірін сақтайды» деген қағиданы әркім жадында ұстауы қажет. Нәтиже жоқ емес. Биылғы жылдың алғашқы екі айында жол апатынан қаза болғандар саны 28 пайызға азайды, жарақат алғандар саны да төмендеді. Бұл – жүйелі жүргізілген алдын алу шараларының жемісі. Алайда құқық бұзушылықтар әлі де кездеседі. Жалпы 134 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 66 мыңнан астамы – жылдамдықты асыру деректері. Мас күйінде көлік жүргізген 207 жүргізуші ұсталды. «Асыққан – шайтанның ісі» дейді халқымыз. Жолдағы әрбір асығыстық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біз тек бақылауды күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға да мән беріп отырмыз. Қазіргі таңда облыста 224 автоматтандырылған бақылау жүйесі мен 65 мобильді кешен жұмыс істейді. Бұл – жолдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған нақты қадамдар.
– Қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қандай жаңа тәсілдер енгізілуде?
– Бүгінгі заман жаңа тәсілдерді талап етеді. «Заманға қарай амалы» деген сөз бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз тек дәстүрлі әдістермен шектелмейміз.
Біріншіден, бейнебақылау жүйелерін көбейттік.
Екіншіден, патрульдік қызметтің тиімділігін арттырдық.
Үшіншіден, цифрлық жүйелер кеңінен енгізілді. «Қауіпсіз қала» қағидаты аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, жедел әрекет ету және қоғамдық тәртіпті бақылау жүйелері жетілдірілуде.
Негізгі мақсат – адамдардың өздерін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру. Себебі, халыққа қызмет ету – абыройлы міндет. – Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесіне тоқталсаңыз.
– Бұл – аса маңызды бағыт. Себебі, жастар – еліміздің болашағы. «Бала – елдің ертеңі» дейді халқымыз. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен 13 қылмыс тіркелді. Бірақ олардың барлығы 2025 жылдан жалғасып келе жатқан істер. Бұл – қазіргі таңда алдын алу жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Облыстағы мектептер мен колледждерге 730 полиция қызметкері бекітілген. Олар жасөспірімдермен және ата-аналармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде 205 бейресми көшбасшы анықталды, 9 жасөспірім арнайы ұйымдарға жіберілді. Сонымен қатар 159 кәмелетке толмаған және 61 ата-ана профилактикалық есепке алынды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Сондықтан біз жазалаудан бұрын тәрбиелік бағыттағы жұмыстарға басымдық береміз. Жастарға дұрыс бағыт көрсету – қоғам алдындағы ортақ міндет.
– Цифрлық технологиялардың енгізілуі полиция жұмысына қалай әсер етті?
– Қазіргі таңда цифрлық технологиялар полиция қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Мысалы, бейнебақылау жүйелері арқылы жыл басынан бері 37 қылмыс ашылды. «QyzmetPolice.kz», «Қорғау», «Сандық учаскелік» сияқты платформалар енгізілді. Дрондар мен электронды білезіктер де қолданылуда. «Көзбен көрген – анық» дейді халқымыз.
Осындай жүйелер нақты дәлелге сүйеніп, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл ашықтықты арттырады, екінші жағынан, халық сенімін күшейтеді. Ал сенім – кез келген мемлекеттік орган жұмысының басты көрсеткіші.
– Бейнебақылаудың тиімділігі қандай?
– Бейнебақылау – қазіргі қауіпсіздік жүйесінің ең тиімді құралдарының бірі. Көптеген құқық бұзушылық дәл о сы камералардың арқасында анықталып, жедел ашылады. Сонымен қатар камера орнатылған жерлерде адамдардың тәртіпке деген жауапкершілігі де арта түседі. «Қорыққанға қос көрінеді» дейді, бірақ бұл жерде мәселе қорқынышта емес – тәртіпке деген құрметте. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
– Қоғамдық тәртіпті сақтауда тұрғындардың рөлі қандай?
– Қауіпсіздік – баршамызға ортақ іс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз осыны білдіреді. Қазір облыста 321 қоғамдық көмекші полициямен бірге жұмыс істейді. Олар құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және ақпараттық қолдау көрсету бағытында нақты көмек көрсетуде. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғындардың белсенділігі артқан сайын құқық бұзушылықтар да азаяды. Сондықтан қоғам мен полицияның бірлескен жұмысы өте маңызды.
– Әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа қандай шаралар қабылдануда?
– Қазіргі ақпарат ғасырында жалған мәліметтер өте жылдам таралады. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Біз тұрақты мониторинг жүргізіп, ресми ақпаратты уақытында жариялаймыз. Егер жалған ақпарат анықталса, заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
– Кабинетте ішімдік ішіп ұсталған орынбасарға қатысты не айтасыз?
– Қандай жағдайда да полиция қызметкері ең алдымен қоғам алдындағы жауапты тұлға екенін бір сәт те ұмытпауы керек. Бұл қызмет – тек лауазым емес, бұл – халық сенімі. Ал сенімге селкеу түсіру – ең үлкен қателік. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді дана халқымыз. Сол тәртіп ең алдымен полиция қызметкерінің өзінен басталуы тиіс. Этиканы сақтау, қызметтік тәртіпті бұзбау – бұл талқылауға жатпайтын талаптар. Аталған қызметкердің жұмыс орнында масаң күйде болғаны анықталды. Қызметтік тексеріс жүргізіліп, заң аясында тиісті шешім қабылданды – ол жұмыстан шығарылды. Мұнда ешқандай жеңілдік жоқ, болмайды да. «Заң бәріне ортақ» деген қағида – біздің басты ұстанымымыз. Лауазымы мен атағына қарамастан, тәртіп бұзған әрбір қызметкер жауапқа тартылады. Өйткені бір адамның қателігі бүкіл жүйенің беделіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз үшін әр қызметкердің тәртібі мен абыройы – ортақ жауапкершілік.
– Тұрғындарға қандай үндеу айтар едіңіз?
– Ең алдымен барлық тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпке бейжай қарамауға шақырамын. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы көптеген қауіптің алдын алуға болады. Қауіпсіздік – тек полицияның міндеті емес, бұл – баршамызға ортақ іс. Әрбір азамат өз ауласынан, өз ортасынан бастап тәртіпке үлес қосса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, полиция мен халық бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан тұрғындарды белсенді болуға, құқық бұзушылыққа бейжай қарамауға, қажет жағдайда дер кезінде хабар беруге шақырамын. Себебі бір ғана дер кезінде айтылған ақпарат кейде үлкен қылмыстың алдын алуы мүмкін. Біздің мақсатымыз – халықпен бірге қауіпсіз қоғам құру.
– Сіздің ойыңызша, генерал қандай болуы керек?
– Генерал – бұл тек шен немесе атақ емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен сенім. Генерал ең алдымен әділ болуы тиіс. Себебі «Тура биде туған жоқ» деген сөз бекер айтылмаған. Сонымен қатар ол талапшыл, тәртіпті, кәсіби білікті болуы қажет. Ұжымға тек сөзбен емес, іспен үлгі көрсететін тұлға болуы керек. Өйткені басшының әр әрекеті – өзгелерге бағдар. «Басшы болу – бақ емес, сын» дейді. Генерал сол сыннан сүрінбей өтіп, халық пен ұжым алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі тиіс. Ең бастысы – халықпен ашық сөйлесе білу. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдай алмаған басшының жұмысы толыққанды болмайды. Генерал болу – мемлекетке қызмет етудің ең жоғары деңгейі. Сондықтан бұл лауазымға тек кәсіби ғана емес, адами қасиеттері жоғары тұлғалар лайық деп есептеймін.
– Бала кезіңізде генерал болуды армандадыңыз ба?
– Шынын айтсам, бала кезде дәл генерал боламын деп мақсат қоймадым. Бірақ елге қызмет етіп, қоғамға пайда келтірсем деген бала кезден қалыптасқан ұстанымым болды. «Арман – адамды алға жетелейді» дейді. Әр адамның өз жолы, өз бағыты болады. Менің жолым – құқық қорғау саласы болды. Қалғанының бәрі – жылдар бойғы еңбек, тәжірибе және табандылықтың нәтижесі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, әр жетістік – тынымсыз еңбектің жемісі. Сондықтан жастарға айтарым – нақты бір атаққа емес, елге адал қызмет етуге ұмтылу керек. Сонда өз нәтижесі де келеді.
– Полиция қызметіне қалай қабылдануға болады?
– Қазіргі таңда бұл процесс толықтай ашық әрі қолжетімді. «Ашықтық – сенім кепілі» деген қағиданы ұстанамыз. Qyzmet-Police.kz платформасы арқылы кез келген азамат бос лауазымдармен танысып, өтініш бере алады. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Талаптар да айқын: Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жас мөлшеріне сәйкес келуі, денсаулығы мықты, физикалық дайындығы жақсы, соттылығының болмауы және тиісті білімі болуы қажет. Үміткерлер бірнеше кезеңнен өтеді: құжаттарды тексеру, медициналық және психологиялық тексеріс, кәсіби тестілеу. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейді. Сондықтан бұл қызметте тек күш емес, білім мен парасат та маңызды. Ең бастысы – жауапкершілік пен елге қызмет етуге деген шынайы ниет.
– Полиция беделін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Полицияның беделі – халықтың сеніміне тікелей байланысты. Сенім бар жерде – тұрақтылық бар. Сондықтан біз ең алдымен ашықтық пен қолжетімділікке басымдық береміз. Тұрғындармен ке зде сулер, қоғамдық қабылдаулар, жеке өтініштерді тыңдау – барлығы жүйелі түрде жүргізілуде. Халықтың әрбір мәселесі назардан тыс қалмайды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілермен де тығыз байланыс орнатылған. Барлық ақпарат мүмкіндігінше ашық әрі жедел жарияланады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты біз үшін де маңызды бағыт. Басты мақсат – халыққа жақын, әділ, ашық және тиімді полиция қалыптастыру. Себебі қауіпсіз қоғам – тек бір тараптың емес, баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Сондықтан қоғам мен полиция бірлесе әрекет еткенде ғана біз шынайы қауіпсіздікке қол жеткізе аламыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Мақпал СҮЙІНБАЙ.