Мәдениет

Шаңырақ – ұлт бірлігінің белгісі

Наурызнаманың 10 күндігінің ішінде 17 наурыз Шаңырақ күні деп белгіленген. Ондағы мақсат – отбасы құндылығын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесі мен әрбір отаудың беріктігін насихаттау. Осы бағытта облысымызда да бірқатар мәні терең іс-шаралар ұйымдастырылды.

Шаңырақ күнінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Шаңырақ – ұлт бірлігінің белгісі» атты әдебитанымдық кеш өтті. Іс-шара аясында №69 орта мектептің оқушылары өнер көрсетіп, кештің мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар әндер шырқалып, ұлттық билер орындалып, тақырыптық көріністер қойылды.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар жастарға ұлттық бірлік, татулық, патриотизм және елге адал қызмет етудің маңыздылығы жөнінде мазмұнды ой-пікірлерін білдірді. Оқушылар да өз отбасыларындағы қызықты оқиғаларын айтып, ортақ мүддеге жұмылып, бірлікпен өмір сүрудің мазмұнын кеңінен әңгімеледі.

Қамар Қарасаева