Өзі – Гүлзат, жұмыс орны – «Ризат»
Өз ауылын әрқашан ардақтап, бәрінен артық санайтын патриот перзенттері болады. Олар үшін өзінің туған жері – мысыр шаһары. Сондай еңбек адамының бірі – мойынқұмдық Гүлзат Есназарова. Нәзік жан иесі бала күнінен алдына биік мақсаттар қоя білген екен, міне, сол жолда тер төгіп келеді.
Гүлзат Лазырқызы Мойынқұм ауылында туған. Әкесі Лазыр ауданға есімі белгілі мал дәрігері болса, анасы Зиякүл кітапханашы ретінде төңірекке тегіс танылған. Барша перзенттерімен қатар Гүлзатқа да берген тәлім-тәрбиесі аз емес. «Қыздардың қылығымен өмір сұлу» дегендей, қырмызы гүлдей құлпырған бойжеткеннің тал бойынан тәрбиесі көрініп тұратын. 20 жасында Әуесбековтер әулетіне келін болып түсті. Жолдасы Тайлақбай да ауылдағы жігіттің төресі болатын.
Гүлзаттың бар арманы – барған жерінде бақытты болып, үлкеннен алғыс алу. Солай болды да. Ұзақ жыл мал шаруашылығында еңбек еткен қайын атасы Алғаш пен енесі Жидекүл апаның екі қолын жылы суға малып, баталарын алды. Әсіресе Гүлзаттың өз қолымен әзірлеген тағамдары қандай, дәмі тіл үйіреді. Жас болса да ісі өнімді, жұмысы жинақы келін болды. Осы жағдайды байқаған Жидекүл әже де Жаратушыға шүкіршілік айтудан жалыққан емес.
2005 жылдары «Ризат» жеке кәсіпкерлігін ашып, жолдасы екеуі кәсіпкерлікке бет бұрды. Аудан орталығындағы сауда кешенінен бір орын алып ет сата бастады. «Істің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» дегендей, ниеттеріне қарай бастаған жұмыстары жүріп берді. Осылайша кәсіптерінің берекесі артып, табыстары да молая түскен. Табысы артқан Тайлақбай мен Гүлзат енді бір дәмхана, дүкен ашуды жоспарлайды. Қазіргі таңда «Ризат» дәмханасы мен дүкені аудан орталығында халыққа қатар қызмет етуде. Өмірлік серігі Тайлақбайдың ет сататын павильоны да бар.
Екеуі алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыздарды өсіріп, құтты ұяларына қондырды. Үлкен қыздары Мөлдір – Тараз қаласына танымал кәсіпкер, «Хунта» дүкенінің иесі. Баян болса – дәрігер, Ұлдана да медициналық университетті бітіріп, интернатурада білім алып жүр. Ризат – Алматы технологиялар институтының 3-курс студенті болса, Ерсұлтан – 11 сынып оқушысы. Жақында Гүлзат Лазырқызы үлкен қуанышқа кенелді, еңбегі еленді. Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Марапатты облыстың Құрметті азаматы, облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов тапсырды. Сонымен қатар ауданның дамуына сіңірген үлесі үшін аудан әкімі Ермек Карентаевтың арнайы қабылдауында болып, Алғыс хатына да ие болды. Көпбалалы ана, ауданға танымал кәсіпкер Гүлзат Есқараева жоғары құрмет пен марапаттарға лайық.
Есет ДОСАЛЫ
журналист.