Хмель өңірдің жаңа бренді бола ала ма?
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан қолдауды қордайлық бизнес өкілдері де сезініп отыр. Жоба мүмкіндігін арттыру, өнім көлемін ұлғайту мақсатында ауданда хмель өсіруші кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерінің қатысуымен семинар өтті. Онда хмель өндірісінің экспорттық әлеуетін арттыру және егіс алқабын арттыру жайы талқыланды.
Аталған өнімді халықаралық нарыққа шығарудың жолдарын қарастыру және ауыл шаруашылығында жаңа экономикалық бағыт қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиынды кәсіпкер Айгүл Ақшалова ашып, шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жеке фермерлердің халықаралық нарыққа шығуы қиын болғанымен, кооперация арқылы олар жеңілдетілген қаржыландырумен заманауи технологияларға қол жеткізе алады.
Семинар барысында мамандар өңірде хмель өндірісін дамыту бағытында нақты жоспарларды талқылап, жергілікті өнімді болашақта халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігі бар екеніне көз жеткізді. Мамандардың айтуынша, «жасыл алтын» аталып кеткен Қордай хмелі Жамбыл облысының жаңа аграрлық брендіне айналуы әбден мүмкін екен. Ал жиында сөз алған Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай аталған жоба өңірлердегі бірегей өнімдерді анықтап, оларды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыруды көздейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, Қордай ауданы хмель өсіруге қолайлы табиғи ре сурст арға ие және бұл өнімді экспортқа бағытталған өндіріс ретінде дамытуға мүмкіндік бар. Өз кезегінде Қордай аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмас Әлімходжаев пен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Сейдекеш фермерлердің жер, субсидия және өндіріс мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді. Мамандардың пікірінше, Қордайда экологиялық таза хмель өсіруді жолға қою өңір үшін жаңа экспорттық бағытқа айналуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе де бұл саланың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Қазіргі таңда хмель өндіруде Германия көш бастап тұр. Сонымен қатар АҚШ, Чехия, Польша және Словения елдері де сапалы хмель өндірісімен танымал. Хмельге деген сұраныс әлемде тұрақты өсіп келеді. Ол тек сыра өндірісінде ғана емес, нан пісіруде, тағам дайындауда, медицина мен косметология саласында да кеңінен қолданылады.
Жандос ОМАРОВ
журналист
Қордай ауданы