Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызмет сапасының көрсеткіші
Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет алдындағы жоғары жауапкершілікті талап ететін қызмет саласы. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында заң талаптарын сақтауы, жоғары әдеп мәдениетін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды берік ұстануы – мемлекеттік басқару жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайтудың маңызды шарты болып табылады.
Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттарын айқындайтын негізгі құжат болып табылады. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қоғаммен қарым-қатынасындағы, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі және ұжымдағы мінез-құлық қағидаларын белгілейді.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы орындауға, заңдылық қағидатын сақтауға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге, сондай-ақ қызметтік әдеп талаптарын мүлтіксіз ұстануға міндетті. Мемлекеттік қызметші өз қызметінде ашықтық, әділдік, сыпайылық және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтау ерекше маңызға ие. Осы бағытта «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттік қызметшілердің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған негізгі құқықтық тетіктерді айқындайды.
Аталған заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысына жол бермеуге, қызметтік өкілеттіктерін жеке пайдасына пайдаланбауға және заңмен белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға міндетті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттырумен тығыз байланысты. Әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын сақтай отырып, адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарын ұстануы қажет. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде мемлекеттік органдарда әдеп нормаларын сақтау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Жалпы, мемлекеттік қызметші үшін адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын сақтау – тек кәсіби міндет қана емес, сонымен қоғам алдындағы азаматтық борыш болып табылады.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі нормаларын және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын мүлтіксіз сақтауы – мемлекеттік қызметтің беделін арттырудың, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың және елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін айтқым келеді.
Абилсеит Тюлькиев,
ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша
департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл