Тамшылатып суару – ең тиімді тәсіл
Қордай ауданында көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетті. Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл ауданның егістік жер көлемі 137679 гектарды құрайды. Оның ішінде жер телімі – 97192 гектар ал суармалы жерлер – 40487 гектар.
Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында 104972 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар 27566 гектар жер парға қалдырылған. Жоспарланған егіс құрылымына сәйкес, дәнді және бұршақты дақылдар 66222 гектар алқапты қамтиды. Оның ішінде бидай – 19676, арпа – 35646, жүгері – 10900 гектар алқапқа орналастырылады. Бұдан бөлек, қант қызылшасы – 80, картоп – 3000, мақсары – 200, көкөніс дақылдары – 3720 гектарға, ал мал азығы дақылдары – 31400 гектар алқапқа егілмек.
Өткен жылдың соңында облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық кезеңде су тапшылығы қаупі бар екенін атап өткен болатын. Алдын ала болжам бойынша Георгиевский магистралды каналы арқылы вегетация кезеңінің ең қызған уақытында келетін су көлемі секундына үш текшеметрден аспайды. Бұл өз кезегінде алдағы маусымда су ресурстарының шектеулі болатынын аңғартады. Осыған байланысты қыс айларында аудан басшылығы, ауыл шаруашылығы бөлімі және су шаруашылығы саласының мамандары шаруалармен бірнеше рет кездесу өткізді. Кездесулер барысында биылғы жылға болжанып отырған су тапшылығын ескере отырып, ылғалды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Жиында көршілес Қырғызстан Республикасынан келетін су көлемі де өткен жылмен салыстырғанда аз болуы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшерінің төмен болуы топырақтағы ылғал қорының жеткіліксіздігіне әкелуі ықтимал екені ескертілді. Осыған байланысты шаруаларға егіс жоспарларын қайта қарастырып, суды көп қажет ететін дақылдардың орнына құрғақшылыққа төзімді баламалы дақылдарды таңдаудың маңыздылығы түсіндірілді. Себебі табиғи қолайсыздықтар салдарынан атқарылған еңбек пен жұмсалған қаржының нәтижесіз қалу қаупі бар. Аталған жағдайларды ескере отырып, «Қазсушар» РМК-ның «Қордай» өндірістік бөлімшесі биылға дақылдарды болжамды орналастыруды 14150 гектарға жоспарлаған. Ал «Қазсушар» облыстық филиалы ұсынған суармалы су жетпейтін каналдардың тәуекел картасына сәйкес, 13400 гектар жерге ғана су жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ауданның суармалы жерінің шамамен 35 пайызын құрайды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым қоры да толықтай дайындалған. Биыл 35700 гектар алқапқа себілетін арпа үшін 6069 тонна тұқым дайын тұр. Су тапшылығын азайту мақсатында аудан бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алуда. Биыл бұл технологияларды 18800 гектар жерге орнату жоспарланған. Оның ішінде тамшылатып суару әдісімен 11917 гектар, ал жаңбырлатып суару әдісімен 4767 гектар жер суғарылады.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары бойынша 5 шаруа қожалығы 294 миллион теңге көлемінде несие алуға өтінім берген. Жалпы алғанда, егіс құрылымын тиімді жоспарлау, су үнемдеу технологияларын енгізу, техникалардың толық дайын болуы және тұқым қорының жеткілікті болуы алдағы ауыл шаруашылығы науқанының табысты өтуіне негіз болмақ. Сонымен қатар су тапшылығы қаупін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілері суды үнемді пайдалану және егіс алқаптарын тиімді орналастыру бағытында нақты шаралар қабылдап отыр.
Жандос ОМАРОВ
журналист.
Қордай ауданы