Әлеумет

Қазақ даласында сағыныш дейтін шөп бар немесе Димекеңнен бата алған басшы

Қасиетті Әулиеата жерінде – Жамбыл облысының Жамбыл ауданында Билікөл деген айдын бар. Көнекөздердің айтуынша, ертеректе тап осы Билікөлдің жағасында елдің сөзін сөйлеген өңірдің би-шешендері бас қосып, көптің көкейіндегі түйінді мәселелерді шешіп, елдік істерді жоспарлап отырса керек. Жайдары жаз күнінде көл жақтан соққан кешкі самалға өтін төсеп, ақылы мен парасатына жүгінген билердің санасын сергітіп, дұрыс шешім қабылдауына оң әсер ететін тап осы айна көлдің тылсым құдіреті деседі. Содан болар, жергілікті халық бұл көлді «Биліккөл немесе «Билер көлі» деп атап кетіпті…

Әулиелі өңірдегі жергілікті күнкөріс көзіне айналған бірнеше көлдің үлкені де, суының тұщысы да осы – Биліккөл. Осынау тарихы терең, тағылымы мол, табиғаты тұма көл қай заманда да айналасына қоныстанған халықты балығымен асырап, егініне нәр беріп, қызу тіршіліктің қайнар көзі болыпты. Біздің кейіпкеріміз Алтынхан Оразқұлов сол берекелі көлді жағалаған елді мекендердің бірі – «Билікөл» колхозында 1935 жылы 14 наурызында дүние есігін ашқан.

«Тегінде бар тек кетпес» деген рас, әке қанымен біткен білімқұмарлық, оқуға, білуге деген талпыныс оның жанын жай таптырмады. 1947 жылы ағайындарын жағалап барып, «Тельман» колхозындағы бастауыш сыныпқа 12 жасында аяқ іліктірген Алтынхан оны бітірген соң, жоғары сыныптарда оқуын жалғастыру үшін 7-8 шақырым қашықтықтағы «ІІІ интернационал» колхозына жаяу қатынады. Ол уақытта көлік қайдан болсын?.. Табылса ат арбамен, болмаса жаяу-жалпылап, қыстың боранында белуардан келетін қарды кеудесімен омбылап, күз бен көктемде қара жолдың лайын кешіп жүріп, сабағынан қалмауға тырысты. «Талап пен еңбек бәрін де жеңбек» демекші, талабы таудай жас жігіт мектеп бағдарламасын бір деммен тез меңгеріп, сыныптан сыныпка секіріп, мектепті мерзімінен бұрын бітірді.

1955 жылы орта білім аттестаты қолына тиісімен арман қуып, Алматыға аттанды. Ауылдан ұзап шығып көрмеген жас жігіт алдындағы белгісіздіктен қорқынышқа бой алдырса да, алға қойған мақсатына жетелеген өршілдігі мен өжет мінезінің арқасында ару каладағы мал дәрігерлік институты зоотехникалық факультетінің студенті атанды. Алтынхан 1960 жылы институтты бітіріп, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Шаян (қазіргі Бәйдібек) ауданындағы «Шалдар» совхозының Жиенқұм бөлімшесіне жолдама алды.

Бұл кезде тұңғыш ұлы Нұрлан дүниеге келген еді. Үлкен қаладан әр жерде тарыдай шашыраған санаулы ғана үйлері бар аядай ауылға келген жас маман алғашында қарайған бұтасы жоқ, аңызақ желі тынымсыз соғатын далаға тосырқай қараған. 1961 жылы Алтынхан Оразқұлұлы шаруашылық орталығына мал тұқымын асылдандыру жөніндегі аға зоотехник болып ауыстырылды. Білгір де іскер маманның тәжірибесі осы өңірдегі тағы бір іргелі шаруашылық – «Жамбыл» совхозындағы бас зоотехник қызметінде де жемісті нәтижесін берді. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Лениннің туғанына 110 жыл» медальдарын кеудесіне тағып, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Грамотасымен марапатталуы осы шаруашылықтағы 10 жылдық еңбегінің ерен жеңісі. Мал шаруашылығының қыр-сырына жетік сала маманы 1974 жылы Шаян (қазіргі Бәйдібек) аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас зоотехник қызметіне тағайындалып, өзінің бай тәжірибесін ауданның шаруашылықтарымен бөлісе бастады.

Дегенмен, білікті маман қашанда шаруашылықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүргенде ғана пайдалы деп білетін Алтынхан Оразқұлұлы 1975 жылы өзі іргесін қалаған «Шалдар» асыл тұқымды қой совхозының директоры болып бекітілді. Соңғы жылдары экономикасы кенжелеп қалған шаруашылықты өзі басқарған 12 жылда кайта аяқтан тұрғызып, аудан, облыс қана емес, республика деңгейіндегі озық шаруашылықтардың қатарына жеткізді. Алтынхан Оразқұлұлының Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен болған дидарғайып кездесуі де екінің біріне бұйыра бермейтін тағдырдың ғажап тартуы екені даусыз. Бұл былай болыпты. Сексенінші жылдардың басында ауданның бірінші хатшысы Нұрмахан Әжіметов шақырып алып:

– Еліміздің басшысы Ахметұлы Димаш ағамыз Түркістанға келе жатыр екен. Үлгілі шаруашылық ретінде жолдан сендер күтіп алып, өз жұмыстарыңды көрсетіп, шай беріңдер, – деп тапсырады. Күтпеген жерден мынадай үлкен сенімге ие болған совхоз басшысы тез арада шаруашылықтағы озат койшының үйін дайындап, дастарханды жайнатып қояды. Күткен уакытында сүйріктей қара көлігімен келіп жеткен республика басшысы жайылған дастарханнан дәм тата отырып, жергілікті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сұрастырады.

Өз ісін бес саусақтай білетін Алтынхан Оразқұлұлы шаруашылықтың жайын, халықтың жағдайын, атқарылып жатқан жұмыстың бәрін тәптіштеп айтып береді. Оның жауабына риза болған Димекең алдына келген бастың құлағын кесіп алып ұсынып: «Әрдайым халқыңның мұң-мұқтажына құлағың түрік жүрсін!» деп бата берген екен. Алтынхан Оразқұлов басқарған жылдары «Шалдар» асыл тұқымды қой совхозы Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, Қазақстанның ауыспалы Қызыл Туын 3 рет, одақтың Қызыл Туын 2 рет жеңіп алады. Оның бергі жағында жыл қорытындысымен 1 рет облыстың Туын қанжығасына байлағаны тағы бар.

Осы жұмыстың бәріне шебер ұйымдастырушылық жасай білген іскер басшынын да еңбегі елеусіз қалмай, Алтынхан Оразқұлов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1988 жылы аудандық кеңестің атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметтерін атқарған білікті маман бұл орнында көп тұрақтамай, мемлекетке 16 миллион 500 мың берешек қарызы бар «Алғабас» совхозының директорлығына жіберілді. Әрине, шаруашылығы тұралап, жергілікті халқының тұрмысы нашарлап кеткен совхозды басқару оңай болған жоқ. Бірақ, бала күннен тағдырдың теперішін көріп, еңбекпен жетілген жанды ешқандай қиындықтың тоқтата алмасы белгілі еді.

Ә дегеннен елді жұмылдырып, бұрын-соңды егілмеген дақылдарды егіп, жергілікті халыққа таңсық шошқа шаруашылығын жолға қойған жаңа басшыға алғашқыда тосырқай қарағандар көп болды. Бірақ, осы тыңнан түрен түсірген тірліктерінің табыс түсіріп, жағдайларын жақсарта бастағанын түсінген еңбеккерлер ел ағасының әрбір бастамасына қолдау көрсетіп, шаруашылық қарызынан құтылып, жылды пайдамен қорытындылауға өлшеусіз үлес қосты. Алтынхан ақсақал жарық дүние есігін ашқаннан ауыр тағдырының қамытын киіп, ащы еңбектің дәмін татса да, өткен өміріне ешқашан кейіс білдірген емес. Аллаға шүкір, адал еңбегі асуларға жеткізіп, бедел биігіне шығарды. Сонау институт қабырғасында қол ұстасып, жаңа өмірге бірге қадам басқан Құдай қосқан қосағы Күлтай екеуі 3 ұл, 4 қызды ел қатарлы өсіріп-жеткізіп, перзенттерінен 19 немере, 8 шөбере көрді. Әке өнегесін көрген ұл-қыздары да адал еңбегімен елге абыройлы азамат, бір-бір шаңырақтың тұтқасына айналды. Сексеннің сеңгеріне аяқ басса да, бойынан қуат, жүзінен шуақ кетпей, айналасына аталық шарапатын төккен Алтынхан ақсақал қартайғанда да кітапты серік етіп, көкірек көзін ашудан шаршамады. Әрдайым қоғам тынысы, елдің ертеңі жайлы толғанып, орнықты ой, парасатты пайымдарын айтып отыратын қазына карттың әлі де кейінгіге айтар өнеге-өсиеті көп еді. Әттең, бірақ, бала күнгі азапты жылдар мен өмір бойғы ауыр еңбек ізсіз кетпепті. Қуат-күшін сарқыған ауыр дерттің құрығына ілінген Алтынхан ақсақал 2019 маусым айының 30 жұлдызында мәңгілік сапарына аттанды…

«Қазақ даласында сағыныш дейтін шөп бар. Ол шөптің иісі туған жерін әбден сағынып, сағыныштың шегіне жеткен кезде сезіледі. Сол кезде ғажайып бір иіс аңқиды. Ол сағыныш шөптің аты ЖУСАН» деген екен жат елде билік кұрса да, туған елін аңсап өткен асыл текті бабамыз Сұлтан Бейбарыс. Тағдыр айдап, Оңтүстік өңірінің дәмтұзы бұйырса да, кіндігімен туған жеріне байланған Алтынхан ақсақал қартайған шағында Алатау мен Қаратаудың мың бұлағынан нәр алып жатқан Билікөл туралы көп айтады екен. Сол «Билер көлінен» нәр алып өсіп, қанмен сіңген тектілік пен кенен кемеңгерлігімен, іскерлігі, ізгі істерімен биік белестерді бағындырып, ел жадында жарқын тұлғасымен сақталған біртуар азаматтың өмірі ұрпағының бойында жалғасып жатқанына күмән жоқ...

 

Балзия ТЫНЫШТЫҚБАЙҚЫЗЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі.