«Аңсаған сәби» бағдарламасы - ана бақытының бастауы
Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде неке құрған жастардың 15-20 пайызында бедеулік белең алады екен. Яғни бұл әрбір 5-ші немесе 6-шы отбасы бедеуліктің ащы дәмін татады деген сөз. Ойлап тұрсаң, ол – қасірет, ауыр трагедия. Баласыз отбасын көру, жанұяда сәбидің жарқын дауысы мен жарқын күлкісін естімеу көңілді жабырқатып, жүрекке салмақ салатыны рас.
«Балалы үй – базар» демекші, кез келген үйден жас баланың үнін, шаттыққа толы күміс күлкісін естігенге не жетсін?! Бұл бақ біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Кеш болса да табиғи жолмен ата-ана атанып жатады. Алайда, өкінішке қарай, табиғи жолмен балалы болу мүлдем мүмкін емес отбасылар да бар. Әйелдің – бедеулігі, еркектің – белсіздігі кейбір отбасыларды сәби сүю бақытынан шектейді, көңілге ауыр кірбің ұялатады. Өмірге келгеннен кейінгі әрбір адамның басты міндеттерінің бірі – мына жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, сол ұрпағы арқылы өмірлерін жалғастыру. Онсыз – дүние бос. Адамзат сабақтастығының алтын арқауын жалғап тұратын ұрпақ өрбіту – әрбір ата-ананың асыл арманы.
Өкініштісі, осы аңсаған арманына қол жеткізе алмай шерменде болған шаңырақ иелері бүгінгі қоғамда аз емес. Нақты дерекке сүйенсек, 2025 жылы елімізде бедеулік диагнозы қойылған 26 мыңнан астам әйел мен 4 мыңнан астам ер адам тіркелген. Олардың саны көбеймесе, азаяр емес. Тіпті соның себебінен жас отбасының 5-6 жылдан кейін шаңырағы шайқалып, бірін-бірі сүйіп қосылған екі жас ұрыспай-керіспей-ақ бейбіт жағдайда ажырасып жатады. Ал ондай қамкөңіл отбасылардың қатарын сейілтіп, шемен болып қатқан шердің түйінін сүйіншімен тарқатуға септігін тигізген шарапаты мол шара елімізде біраз жылдардан (2011 жылдан) бері қызмет етіп келе жатқан – «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы.
Жасанды ұрықтандыруды – медициналық терминмен «экстракорпоральды ұрықтану» (ЭКҰ) деп атайды. Заманауи әдіс сәбилі болсам деген ата-аналарға үлкен үміт сыйлады. Бүгінде Қазақстанда ЭКҰ бедеулікті емдеудің қолжетімді әдісі болып саналады. Иә, еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында енгізілген «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы бойынша бірқатар игі істер жалғасын табуда. Жалпы аталмыш бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылықдемографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу болатын. Сол үшін елімізде енгізілген «Аңсаған сәби» бағдарламасы көптеген шаңыраққа шаттық сыйлап, бала сүю бақытын бұйыртты. Қуанарлығы, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың қолдауымен соңғы екі жылда аталған бастама аясында экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ), бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны жылына 7 мыңға (бұрындары бар болғаны 1 мың болатын) дейін, яғни 7 есе ұлғайды.
Сөз ретінде ЭКҰ әдісі Қазақстанда біраз жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылғанын атап өткеніміз жөн. Сонда шамамен, бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қазіргі кезде 7 жылға татитын квота көлеміне мұқтаж отбасылар бір жылда-ақ қол жеткізіп келеді екен. Осы мақсатта республикалық бюджеттен жылына 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Бірақ бедеулік диагнозы бар науқастардың барлығы бірдей ЭКҰ әдісін қажетсіне бермейді, яғни тиімді ем қабылдауға болатынын кейбіреулер біле бермейді. Бедеулік. Оның себептері не? Міне, осы сұраққа жауап іздеп дәрігерлік тәжірибесі мол өңіріміздегі білгір акушер-гинекологтардың бірі Қаракөз Сағынғалиеваға жолықтық.
– Қарапайым халықтың түсінігінше отбасындағы ерлі-зайыптылардың ұрпақсыз өтуіне тек әйел ғана айыпты деп саналып келгені шындық. Бірақ, ғылыми-зерттеудің нәтижесінде әйелдің бала көтермеуінің үштен біріне еркек кінәлі екені анықталған. Сондықтан да бедеуліктің себебін білу үшін ерлі-зайыптылардың екеуінің де дәрігерге тексерілгендері жөн. Сонда ғана бедеуліктің кімге байланысты екені белгілі болмақ. Ал кейде, тіпті ері мен әйелін бірдей емдеуге тура келіп жатады. Әйел бедеулігінің себептеріне келсек, әйелдерде болатын бедеулік екі түрде кездеседі. Оның бірі – өмірлік бедеулік. Бұл ешқандай емдеуге көнбейді. Екіншісі, емдеуге болатын бедеулік. Егер тұрмысқа шыққан әйел үш жылға дейін себепсіз бала көтермесе, оны «бедеу емес пе?» деп күдіктену дұрыс емес. Өйткені, жаңа тұрмысқа шыққан әйелдердің он пайызы үш жылдан кейін ғана бала көтере бастайтындығын ғылым дәлелдеп отыр. Ал, кейбір әйел бір бала көтергеннен кейін қайтадан босанбай қалуы мүмкін. Бедеуліктің бірінші түріне ем қонбайтын себебі – әйелдердің жыныс мүшелерінің өсіп, кемеліне келмеуі немесе олардың туғаннан кеміс болып жаралуы. Бірақ, бедеуліктің бұл түрі өмірде сирек кездеседі. Кейде әйелдің жыныс мүшесі әдеттегідей жетіліп туғанымен де өмірде кездесетін түрлі қауіпті аурулардың әсерінен оны сақтау үшін әйелдің жатырын, яки түтігін немесе аналық безін операция жасап, алып тастауға тура келеді. Әрине, мұндай әйел бала көтеру мүмкіндігінен айрылады. Сөйтіп, бедеулікке душар болады. Дегенмен де дәрігерлік тәжірибеде емге көнбейтін үмітсіз бедеулік сирек ұшырасады. Бала көтермеудің себептері аз емес. Тіпті, режимсіз ішкен бірыңғай тағам, әсіресе онда А,С және Е тәрізді құнды витаминдердің жетіспеуінен жыныстық бездерінің қабілеті бұзылады. Туберкулезбен ауырған әйелдің де бала көтеру қабілеті бұзылады. Алайда, әйел негізгі науқасынан жазылғаннан кейін бедеулігі жойылып, бала көтереді. Сондықтан да туберкулезден әбден айыққанша, емделудің маңызы зор. Жыныс органдарының қабынуы да әйелдерді бедеулікке жиі ұшыратады. Өйткені, қабынған ағзаның тіндері қатты өзгереді. Олар бір-біріне және көрші ағзаға жабысып қалады. Міне, осының салдары еркек ұрығының (сперматазойд) әйелдің ұрығымен кездесуіне үлкен кедергі жасайды. Егер жатыр қанатының түтігі қабынса, оның қуысы бітеледі, сөйтіп еркектің ұрығы әйелдің ұрық клеткасына өте алмайды. Сол секілді жатыр мойнының сілекей қабығы қабынғанда да (эндоцервит) әйел бала көтермеуі мүмкін. Қабыну үдерісінде жыныс мүшесі сұйық затын көбірек бөледі. Ол сұйық зат ұрықтың жолын бөгейді. Тіпті, оның қышқыл қасиеті күшті болғандықтан, еркектің тұқым клеткаларын жойып жібереді. Бұл секілді жағдай жатыр мойнының жалағында да (эрозия) жиі аңғарылады. Өйткені, жалағы бар қынапқа жиналған ірің еркек ұрығын өлтіріп жібереді де, әйел бойына ұрық бітірмейді. Жатыр ішіндегі сілекей қабығының қабынуы (эндометрит) еркек пен әйел ұрығының қосылуына кедергі жасамайды. Бірақ сол тұқымдық екі клетканың қосылуынан пайда болған ұрық-клетка жатырдың ауырған сілекей қабығына жабысып, табиғи жағдайдағыдай өсе алмайды. Әйелдің бала көтермейтіндігінің тағы бір себебі осы. Кейде дәрігерсіз өз бетімен бала түсіргеннен кейін (аборт) қабыну үдерісі басталады. Ғылыми дерек бойынша, бедеуліктің 70 пайызы осы өз бетімен бала түсіргенге байланысты. Әсіресе, тұңғыш көтерген баланы алдыру өте қауіпті. Себебі – ондай әйел өмір бойы бедеу болып қалуы ықтимал. Сондықтан да себепсіз абортқа бару, әсіресе, оны дәрігерлік мамандығы жоқ адамға жасату әйелдің болашақ бала көтеруіне, тіпті өміріне қауіп туғызады. Еркек бедеулігінің себебі неде? Еркектің ұрығы клеткалардан тұрады. Олардың бір милилитрінде 60 миллиондай ұрық болуға тиіс. Егер ұрықтар саны одан кем болса, ондай ұрықтың бала жасауға шамасы келе бермейді. Жыныс клеткаларының кемдігі, яғни оның болмауы (азооспермия) кейбір ұзын бойлы, қыл мойын, жас жігіттерде жиі кездеседі. Бұл секілді жағдай олардағы уақытша құбылыстың, болмаса тұрақты бедеуліктің белгісі болуы мүмкін. Кейбір адамдардың жыныс қатынасы мен ішімдікке құмарлығы, денедегі қоректік заттардың алмасуының бұзылуы немесе сульфамиды секілді дәрілерді дәрігердің бақылауынсыз өз бетімен ұзақ ішуі де ұрықтың сапасын кемітеді, қасиетін жояды. Ұрықтың тіршілігін, оның санын және қабілеттілігін тек лабораториялық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Айталық, микроскоппен қарағанда, жыныс клеткалары шабан қозғалып жүрсе, олардың бала болуға шамасы келмейтіндігін аңғартады. Әйелдердегідей еркек бедеулігінің тағы бір себебі, жыныс органдарының қабынып ауруына байланысты. Әсіресе, дұрыс емделмеген және асқынған созылмалы ауруы бар еркектер бедеулікке жиі ұшырайды. Кейде бала кезде болған жыныс органының жарақаттануы да тіпті ол асқынбаса да, ұрық шығаратын жыныс бездерінің қабілетін нашарлатады. Мұндай еркектің жыныс қатынасында өзгеріс болмаса да әйелінің бала көтермеуі мұмкін. Сондықтан жастарды төбелестен және жыныс мүшесіне зиян келтіретін қимылдардан сақтай білу қажет. Бедеулікті емдеу – медицинадағы күрделі мәселенің бірі. Бедеулікті емдеп жазу оңай емес. Кейде оған ұзақ жылдар керек. Сондықтан біздің айтар кеңесіміз, дәрігердің белгілеген емін орындау, емнің ақырына дейін шыдау мақсатқа сөзсіз жеткізеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруші маманы, өңірімізге белгілі акушер-гинеколог Қаракөз Сағынғалиева.
Иә, экстракорпоральды ұрықтандыру әдісінің медицинада қолданылып келе жатқанына 50 жылдан асыпты. Алғаш жасанды ұрықтандыру саласындағы тәжірибелер 1890 жылдары жануарларға жасала бастаған. Алайда, алғашқы 100 пайыз дәлелді 1959 жылы қытайлық репродуктолог Мин Чу Чан келтірген. Ол жасанды ұрықтандыру әдісінің тәжірибесін қояндарға жасаған. Осы әдіспен туылған қояндардың өміршең болғаны дәлелденген. Адамның жыныс жасушалары бойынша құжатталған эксперименттер 1940 жылдары Америка Құрама Штаттарында басталды. Әйелді жасанды ұрықтандыру бойынша алғашқы тәжірибе 1973 жылы Австралиядағы Монаш университетінде өтті. Ұрықтанған жұмыртқа жатырға сәтті трансплантацияланды, бірақ жүктілік болмады, ұрық жатырға орнықпады.
Одан кейінгі уақыт ішінде ғалымдар ЭКҰ тақырыбы бойынша көптеген зерттеулер жүргізді, толық білім алды, тиімді препараттар мен жабдықтарды жасады. Бұл процедураны әйелдер үшін тиімді, ыңғайлы және қауіпсіз етті. Әрине, ЭКҰ процедурасын әркімнің қалтасы көтере бермейді, себебі ол қымбат. Қаражаты төмен отбасылар үшін квота ата-ана атанудың зор мүмкіндігі. Бағдарламаға ресми немесе азаматтық некедегі отбасылар, сондай-ақ жалғызбасты әйелдер өтініш бере алады. Жасанды ұрықтандыру процесі ерлізайыптылардың екеуінен де мұқият дайындықты қажет етеді.
Бұл бір айдан екі айға дейін созылатын шара. Оң нәтиже 35 жасқа дейінгі әйелдерде 45 пайыз жағдайда кездеседі. Жасы ұлғайған сайын бұл көрсеткіш төмендейді. Дәрігерлердің айтуынша, аталмыш процедура қалаған адамның барлығына жасалмайды. Оның да бірқатар қарсы көрсеткіштері бар. Бағдарламаға кімдер қатыса алады? «Аңсаған сәби» бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Ол квотаға ие болу үшін: – репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін; – қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер; – жоғары фолликулярлық резерві болуы керек. Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан базбіреулерге жолдама берілмеуі де мүмкін. Ондайда бірнеше мәселе ескеріледі. Мысалы, – жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары; – соматикалық және психикалық бұзылулар; – аналық без ісіктері, жедел қабыну және кезкелген локализация онкологиясы; – денедегі қатерлі өскіндер. 1978 жылдан бері дүниежүзінде 12 миллионнан астам ЭКҰ бала дүниеге келген.
Бүгінде ЭКҰ адамдар жиі жүгінетін шара-процедураға айналды. Әлемдегі балалардың 1 пайызы жасанды ұрықтандырудан кейін туылған. Егер бұрын ЭКҰ әдісін қолдану әдеттен тыс дүние болса, бүгінде жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінген жұптардың қатары артқан. Таяуда облыстық көпбейінді ауруханасының бір бөлімшесінде қызмет істейтін өзіме таныс бір мердігермен жолығып, әңгімеден әңгіме туындап жасанды ұрықтандыру, яғни ЭКҰ жайлы ой бөлістік. Сонда ол: – Сенесіз бе, мен бүгінде сол ЭКҰ арқылы екі сәби сүйіп отырмын. Ол үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Біз алғашқы сәбиімізді сегіз жыл күттік. Бала тілеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Түрлі медицина мекемелерінің табалдырығын тоздырып, әулиелі жерлерді де аралап шықтық. Отау құрған бастапқы үш жылда тек үмітімізге иек артып келдік. Бірақ біраз уақытымыз өтіп бара жатқанын сезіп, медицинаға да, қазақы емге де жүгініп көрдік. Әрине, бұл уақытта таныс дәрігерлеріміз ЭКҰ жасатуды ұсынғандары да болды. Алайда денсаулығымызды тексертейік, емделейік деп жүргенде арада біраз уақыт өтіп кетті. Осы кездерде күнделікті жұмыстарымыздан басқа да күйбең тіршілікпен әуре болып кеткеніміз де бар.
Бұл ретте білімді де білікті таныс дәрігеріміз біздің ЭКҰ арқылы балалы бола алатынымызға көз жеткізіп, Алматыға жолдама берді. Онда бізді Тамара Жүсіпова атты дәрігер қабылдап, көп көмек көрсетті. ЭКҰ жасатқан кезімізде бұл қалада біршама уақыт пәтер жалдап тұрдық. Құдайға мың да шүкір, көз жасымызды көрді, тілегіміз қабыл болды. Ал осыған себепкер болған мемлекеттен бөлінген квотаға көптенкөп алғысымды жаудырудан жалықпаймын. Екінші сәбиімді де сол ЭКҰ көмегімен өмірге әкелдім. Қазір енді «толық қанды» отбасымыз. Үлкен ұлым 4-ші сынапта болса, кішім өткен жылы мектеп табалдырығын аттады. Тәубе! Бақыттымыз. Баларымыз келешекте мына мың құбылған жарық дүниеден өз орындарын тауып, парасатты, білімді болып өсетініне сенемім, – дейді көздері күлімдеген мейірбике қуанышын жасыра алмай. Мейірбикенің айтуынша, айналасында бала күтіп жүрген өзі шамалас жастар баршылық. Сондай жұптарға ол тілеуқорлық ниетпен бұл бағдарламаның көмегін айтып, оған қалай қол жеткізуге болатыны жөнінде кеңесін де беріп жүр екен. ЭКҰ-ға жолдама қалай беріледі?
Бағдарлама аясында ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. Ондай медициналық орталықтар Алматы, Астана, Шымкент қаларында және біздің Таразда «Отбасы және неке» ЖШС-і (ТОО «Брак и семья») қызмет етуде. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы МӘМС бойынша жылына бір рет тегін өтуге болады. Егер талпынысыңыз алғашқыда сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз. Есіңізде болсын, бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы – ЭКҰ, яғни экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі. Ондай мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Қажет болып жатса аталған тәсіл көмегімен сәбилі болып, шаңырағыңыз шаттыққа толсын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ
дәрігер, медицина профессоры
Тараз қаласы