Қоғам

Жастар неге жалғыз жүруге құмар?

XXI ғасыр – технология мен ақпарат ғасыры. Бүгінде адамдар бір-бірімен жылдам байланыс орнатып, әлеуметтік желілер арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі адаммен сөйлесе алады. Алайда осындай мүмкіндіктердің көптігіне қарамастан, жастар арасында жалғыздық сезімі артып келеді. Бұл – қазіргі қоғамның маңызды әрі алаңдатарлық мәселелерінің бірі. Қазіргі қоғамда жастар ең белсенді, креативті және болашағы зор әлеуметтік топ болып саналады. Алайда сырт көзге ашық, заманауи, технологияны еркін меңгерген болып көрінетін жастардың арасында жалғыздық мәселесі күннен-күнге өзекті бола түсуде. Бұл құбылыс тек жеке адамның психологиялық жағдайына ғана емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік саулығына әсер ететін маңызды мәселе.

Жалғыздық – адамның өзін қоғамнан бөлек, түсінілмеген, қажетсіз сезінуі. Яғни адамның өзін қоғамнан, достарынан, тіпті отбасынан оқшау сезінуі. Бұл міндетті түрде адамның жалғыз өмір сүруін білдірмейді. Көп жағдайда мұндай адамдар көпшіліктің ортасында жүріп те ішкі жалғыздықты сезінуі мүмкін. Әсіресе жасөспірімдер мен студенттер осындай күйді жиі бастан кешіреді. Себебі бұл кезең – тұлғалық қалыптасу, өзін-өзі іздеу, болашаққа жоспар құру уақыты. Осы уақытта қолдау мен түсіністік ерекше маңызды. Жастар арасындағы жалғыздықтың негізгі себептерінің бірі – әлеуметтік желілер мен интернетке тәуелділік. Көптеген жасөспірімдер уақытын виртуалды әлемде өткізеді. Олар онлайн достар тауып, түрлі платформаларда белсенді болғанымен, шынайы өмірдегі қарым-қатынас әлсірейді. Әлеуметтік желілерде адамдар көбінесе өз өмірінің тек жақсы жақтарын көрсетеді. Мұны көрген жастар өздерін басқалармен салыстырып, өз өмірін кем санап, жалғыздық пен сенімсіздікке ұшырауы мүмкін.

Онлайн сөйлесу бетпе-бет әңгімелесудің орнын толық баса алмайды. Сонымен қатар урбанизация мен көші-қон үдерісі де бұл мәселеге әсер етеді. Көптеген жастар оқу немесе жұмыс мақсатында туған жерінен кетіп, жаңа ортаға бейімделуге мәжбүр болады. Жаңа қала, жаңа адамдар, жаңа талаптар – мұның бәрі психологиялық қысым туғызады. Әсіресе шетелге оқуға кеткен студенттер үшін мәдени айырмашылықтар мен тілдік кедергілер жалғыздық сезімін күшейтуі мүмкін. Үлкен қалаларда адамдар бір-біріне жақын өмір сүргенімен, рухани тұрғыдан алыстап кеткен. Әркім өз мәселесімен әлек, осылайша уақыт тапшылығы да қарым-қатынасты шектейді. Калифорния университеті ғалымдарының соңғы зерттеулері де халқымыздың ежелгі даналығын ғылыми тұрғыдан дәлелдегендей.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану адамның жүрек-қан тамырлары жүйесіне елеулі қауіп төндіреді. Қоғамнан шет қалған, айналасымен байланысы әлсіреген жандар инсульт пен жүрек ұстамасына жиірек ұшырайды екен. Демек, жалғыздық – тек жан дүниені жүдететін күй ғана емес, денсаулыққа да салмақ түсіретін фактор. Адам жүрегі тек қан айдайтын мүше емес, ол – сезімнің, жылылықтың, қарым-қатынастың символы. Ал сол жылылықтан айырылу жүрекке де ауыр тиетіні ғылым арқылы дәлелденіп отыр. Осылайша, медицина да әлеуметтік байланыс пен аралас-құраластықтың маңызын жоққа шығармайды. Керісінше, адамдар арасындағы қарым-қатынас, қолдау мен мейірім – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің маңызды кепілі екені айқындала түсуде.

Біздің бала күнімізде үйге қонақ келсе, бұл нағыз мереке сияқты еді. Ас үйден шыққан дәмнің иісі, анамыздың абыр-сабыр дайындығы, әкеміздің ерекше көңілді жүруі – бәрі бір бөлек әсер сыйлайтын. Қонақтар төрге жайғасқанда, біз басқа бөлмеде отырсақ та, олардың әр сөзін аңдап, әңгімелеріне құлақ түріп отыратынбыз. «Кел, сәлем бер», «Шай құйыс», «Бата тыңда» деген шақыруды тағатсыздана күтетінбіз. Себебі үлкендердің ортасына барып отыру – біз үшін мәртебе, жаңа әлемнің есігін ашқандай сезім еді. Олардың әңгімесі бізге ертегі сияқты көрінетін.

Өткен күндер, ауыл өмірі, қызықты оқиғалар, өмірден түйген өнегелі сөздер – бәрі-бәрі бала жүрегімізге жылу құятын. Біз сол әңгімелер арқылы өмірді таныдық, сөз қадірін ұқтық, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген ұғымдарды бойымызға сіңірдік. Қонақ отырған бөлмеге қайта-қайта кіріп, біресе су әкеліп, біресе бос кесені алып кетіп, тек сол әңгімеден бір үзік сөз естіп қалуды аңсайтынбыз. Әңгімеге араласып, өзімізді үлкендердің қатарына қосылғандай сезінгіміз келетін. Ал бүгінгі көрініс мүлде бөлек. Үйге қонақ келсе де, кей балалар үшін ол айрықша оқиға емес. Олар төрдегі әңгімеден гөрі, қолындағы жарық экранға көбірек үңіледі.

Смартфон мен планшет – олардың жеке әлемі, жеке қызығы. Сол шағын құрылғының ішіндегі сансыз бейне мен ойын, шексіз ақпарат тірі сөздің, шынайы күлкінің, жүзбе-жүз әңгімелесудің орнын басып кеткендей. Қонақтардың әңгімесі оларға баяу, тіпті қызықсыз көрінуі мүмкін. Өйткені экрандағы әлем жылдам, жарқын, үздіксіз жаңарып тұрады. Ал үлкендердің әңгімесі сабырлы, мағыналы, кейде терең ойға жетелейді. Бірақ дәл сол баяулықта өмірдің дәмі, тәжірибенің салмағы, сөздің құны жатыр емес пе? Заман өзгерді, технология дамыды. Оған қарсы тұру мүмкін де емес.

Дегенмен адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынас, үлкендердің ақыл-кеңесі, дастарқан басындағы әңгіме – ешқандай құрылғы алмастыра алмайтын құндылық. Бәлкім, мәселе балалардың қызығушылығында ғана емес, мүмкін біз сол әңгімелердің қадірін оларға сезіндіре алмай жатқан шығармыз. Қонақ келген үйдің қазанынан шыққан бу мен төрдегі әңгімеден тараған жылылық – тәрбиенің көрінбейтін мектебі еді. Сол мектептің есігі мүлде жабылып қалмаса екен дейсің кейде. Себебі адамды адам ететін – экран жарығы емес, шынайы эмоцияға негізделген әңгіме-дүкен құру емес пе?! Отбасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі де жалғыздықтың маңызды факторлардың бірі. Қазіргі таңда ата-аналар көбіне жұмыспен айналысып, балаларымен ашық сөйлесуге уақыт таба бермейді.

Бұрын отбасының өзіне тән бір іргетасы болатын. Ол – ортақ дастарқан, кешкілік әңгіме. Әкенің бір ауыз сөзі, ананың бір жылы көзқарасы бала жүрегіне өмірлік бағдар болатын. Отбасылық қарым-қатынастың фундаменті дәл осындай қарапайым, бірақ мағыналы сәттерден қаланатын. Ал бүгінгі көрініс мүлде бөлек. Отбасы мүшелері бір шаңырақтың астында отырғанымен, әркім өз әлемінде. Ата-ана жұмысбасты. Таңнан кешке дейін тіршілік қамымен жүріп, кешке шаршап оралады. Бірақ демалыстың өзі де үнсіз өтеді – қолда телефон, көз экранда. Баласының не ойлап жүргеніне үңілуге уақыт жоқ, ал кейде күш те жетпейді. Балалар да сол күйде. Олар да гаджетке телміріп, виртуалды әлемде өмір сүреді.

Бұрынғыдай үлкендердің әңгімесіне араласып, сөздің мәнін ұғып, тәлім алатын орта азайды. Бір үйде отырып, бір-бірімен сөйлеспейтін жағдай қалыпты көрініске айналды. Осылайша отбасының көзге көрінбейтін іргетасы әлсірей бастады. Себебі фундамент тек материалдық жағдаймен емес, ортақ уақытпен, ортақ күлкімен, ортақ естеліктермен қаланады. Ал ол жоқ жерде жақындық та жұқарады. Қарым-қатынас азайған сайын, түсіністік те азаяды. Ал түсіністік жоғалған жерде тіпті бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатса да жалғыздық басталады. Бәлкім, бүгінгі жастардың ішкі жалғыздығы да осындай үнсіз отбасылардан бастау алатын шығар. Себебі адам ең әуелі сөйлеуді, тыңдауды, түсінуді өз үйінде үйренеді. Егер сол мектеп әлсіресе, қоғамдағы байланыс та әлсірейді. Нәтижесінде жастар өз мәселелерін іште сақтап, ешкіммен бөліспейді. Уақыт өте келе бұл ішкі күйзеліс жалғыздыққа ұласады.

Ең жақын адамдарыңнан эмоционалдық қолдаудың болмауы жалғыздық сезімін күшейтеді. Жалғыздықтың салдары өте күрделі болуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы жалғыздық сезімін бастан кешірген жастар депрессияға, күйзеліске, өз-өзіне сенімсіздікке ұшырайды. Кейбір жағдайларда бұл суицидтік ойларға дейін алып келуі ықтимал. Сонымен қатар жалғыздық адамның оқу үлгеріміне, әлеуметтік белсенділігіне және жалпы өмір сапасына кері әсерін тигізеді. Бүгінгі қоғамда жастар арасындағы жалғыздық мәселесі тек қарым-қатынастың жетіспеушілігімен ғана емес, өмірлік маңызды шешімдерді кейінге қалдырумен де тығыз байланысты. Соның бірі – үйлену мәселесі. Бұрынғы буынмен салыстырғанда қазіргі жастар некеге тұруға асықпайды. Бұл құбылыстың астарында бірнеше әлеуметтік әрі психологиялық себептер жатыр. Ең алдымен, жастар үшін білім мен мансап бірінші орынға шықты.

Қазіргі заманда тұрақты табысқа, кәсіби жетістікке жету оңай емес. Жастар алдымен өз орнын табуды, қаржылық тәуелсіз болуды қалайды. «Алдымен өзімді қалыптастырып алайын» деген ұстаным – олардың басты қағидасы. Себебі отбасын құру тек сезіммен ғана емес, жауапкершілікпен де өлшенетінін олар жақсы түсінеді.

Екіншіден, әлеуметтік желілер мен цифрлық технологиялар қарым-қатынас мәдениетін өзгертті. Онлайн танысу дәстүрлі танысу түріне айналды. Бірақ виртуалды байланыс шынайы жақындықтың орнын баса алмайды. Адамдар бір-бірімен тез танысып, тез суынады. Таңдау мүмкіндігінің көптігі кейде тұрақты шешім қабылдауға кедергі келтіреді. «Бәлкім, одан да жақсысы бар шығар» деген ой сенімді қарымқатынастың қалыптасуына тосқауыл болады.

Үшіншіден, жастар еркіндікке жоғары мән береді. Жеке даму, саяхаттау, өзін-өзі тану, психологиялық жайлылық – осының бәрі қазіргі буын үшін маңызды. Олар отбасын құруды өмірдің міндетті кезеңі емес, саналы түрде жасалатын қадам ретінде қабылдайды. Сондықтан асығыстықтан гөрі, дайындықты жөн көреді. Сонымен қатар ажырасу статистикасының жоғары болуы да әсер етпей қоймайды. Көптеген жастар сәтсіз некеден қорқады. Бала күнінен жанжалға толы отбасын көргендер үшін бұл шешім тіпті күрделі. Олар қателесуден қорқады, сол себепті ұзақ ойланады. Алайда үйленуге асықпау әрдайым жауапсыздықтың белгісі емес.

Керісінше, бұл – саналы таңдау жасауға ұмтылыс. Бүгінгі жастар махаббат пен отбасын кездейсоқтық емес, өмірлік серіктестік ретінде қарастырады. Олар үшін маңыздысы – уақыт емес, сапа. Дегенмен дәл осы «дайындық кезеңі» кейде ұзаққа созылып, жалғыздық сезімін тереңдетуі мүмкін. Жеке жетістікке ұмтылу барысында рухани жақындықтың жетіспеуі, эмоционалдық қолдаудың болмауы жастар арасында ішкі бос кеңістік қалыптастырады. Сондықтан үйленуге асықпау – бір жағынан еркіндік пен саналықтың көрінісі болса, екінші жағынан жалғыздықтың да себептерінің бірі болып отыр.

Алайда бұл мәселені шешудің жолдары бар. Ең алдымен, жастар шынайы өмірдегі қарым-қатынасты дамытуы қажет. Достармен жиі кездесіп, ашық сөйлесу, ортақ қызығушылықтар табу маңызды. Спортпен айналысу, шығармашылық үйірмелерге қатысу, қоғамдық іс-шараларға араласу – жаңа адамдармен танысуға мүмкіндік береді. Волонтерлік қызмет те адамның өзін қоғамға пайдалы сезінуіне ықпал етеді. Сонымен қатар психологиялық көмекке жүгіну – әлсіздік емес, керісінше, батылдықтың белгісі. Қазіргі уақытта мектептер мен университеттерде психолог мамандар жұмыс істейді. Олар жастарға эмоцияларын түсінуге және қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Отбасы мүшелері мен ұстаздар да жастарға қолдау көрсетіп, олардың пікірін тыңдап, түсіністік танытуы қажет.

Қоғам деңгейінде де бұл мәселеге назар аудару маңызды. Жастар саясатын дамыту, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған бағдарламалар құру, психологиялық сауаттылықты арттыру – жалғыздықтың алдын алуға көмектеседі. Әр адам айналасына мейірім мен қамқорлық танытса, бұл мәселенің ауқымы азаяр еді. Қазақ халқы қашанда жалғыздықты құп көрмеген. Себебі халқымыздың танымында «Жалғыздық – Құдайға ғана жарасқан». Адам баласы жаратылысынан қоғаммен біте қайнасқан, бір-біріне сүйеніп, бір-бірінен медет тапқан тіршілік иесі. Сондықтан да «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп, елден оқшау жүргеннің еңбегі еленбей, үні алысқа жетпейтінін меңзеген.

Дала философиясында бірлік – тіршіліктің тірегі. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген сөздің өзінде терең мән бар. Өйткені адам кейде қателесуі мүмкін, бірақ көптің ішінде жүріп, ақыл қосып, кеңес тыңдап, түзу жолды табу жеңіл. Көпшілік – қорған, жұртшылық – тірек. Қазақ үшін жалғыздық – мұң, ал көптік – қуат. Ағайынтуыс, ауыл-аймақ, ел-жұрт болып жұмылу – ұлттық болмыстың өзегі. Қиындықта сүйеу, қуанышта тіреу болу – бабалардан қалған салт. Сондықтан халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп, елді ынтымаққа шақырып отырған. Осылайша, қазақ даналығы жалғыздықты емес, көпшілікпен бірге болуды, бірлікті, ынтымақты биік қояды. Өйткені адамды адам ететін – айналасындағы жұрты, ал елді ел ететін – татулық пен бірлік.

Бүгінгі күні жастар арасындағы жалғыздық – заман талабынан туындаған күрделі әлеуметтік мәселе. Технология дамығанымен, шынайы адамдық қарым-қатынастың орны бөлек. Сондықтан әрбір жас өзін жалғыз сезінбеуі үшін отбасы, достар және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Себебі адам – қоғамда өмір сүретін әлеуметтік тұлға, ал түсіністік пен қолдау – бақытты өмірдің негізі.

 

Арна ЖҰМАТАЙ