Көлік-логистика хабын қалыптастыру – стратегиялық міндет
Елімізде 95 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар, оның 25 мың шақырымы Көлік министрлігіне қарайтын республикалық маңызы бар жолдар. Олардың нормативтік жағдайы 94 пайызды құрайды. Ал 70 мың шақырымы облыстық және аудандық жолдар жергілікті органдарға қарайды. Оның нормативтік жағдайы 91 пайыз. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, алдағы үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмыстарын 5 есе арттыру жоспарланған. Жұмыстың нәтижесінде 32 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейі 95 пайызға дейін жеткізілмек.