Аймақ

Жамбылдық оқушылар үздік команда атағын ешкімге бермей келеді

Облысымыздың педагогтері мен оқушылары білім бәйгелерінде жетістіктерге қол жеткізіп, өнер жарыстарынан топ жарып келеді. Халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог жеңімпаз атанған. Облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль иеленген. Сонымен қатар облыс командасы республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша 16 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Ал республикалық олимпиада қорытындысында облыс оқушылары «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды. Облыстың білім саласындағы жетістіктері мен жүзеге асырылып жатқан жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков мәлімдеді.

Өңірде дарынды балаларды қолдау бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтқан басқарма басшысы облыста алғаш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернат ашылып, «Дарын» лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшірілгенін жеткізді. Сонымен қатар ІТ лицей-интернатына 300 орындық қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы оқу жылында ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 10073-ке жетіпті. Олардың 76,7 пайызы біліммен және тәрбиемен қамтылған. Қазіргі таңда мемлекеттік мектептердің 95 пайызы, балабақшалардың 82,5 пайызы және колледждердің 100 пайызы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған. Өткен жылы екі арнайы мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық техникалық базалары жаңартылған. Сонымен қатар екі мектептің базасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеттері ашылып, бір балабақшада көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы топ құрылыпты.

Тараз қаласында психологиялықмедициналықпедагогикалық консультация ашылған және алдағы уақытта тағы біреуін ашу жоспарланып отыр екен. Білім беру саласындағы барлық жұмыстардан хабардар еткен басқарма басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда екенін атап айтты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА