Пресс-релизде қате өріп жүр. Кім кінәлі?
Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасында пресс-релиз маңызды құралға айналды. Әсіресе басқармалар, бөлімдер және аудандық әкімдіктермен тікелей жұмыс істейтін редакциялар үшін ресми мекемелерден келетін пресс-релиздер – ақпараттың алғашқы көзі. Алайда соңғы уақытта кейбір мекемелерден жолданатын пресс-релиздердің сапасы сын көтермей жатқаны жасырын емес.
Журналистер арасында «келген ақпаратты түзетумен уақыт өтеді» деген әзіл аралас өкпе де жиі айтылады. Себебі кейбір пресс-релиздерде қарапайым орфографиялық қателер өріп жүреді. Бір сөйлемнің ішінде бірнеше грамматикалық қате кездесетін жағдайлар да кездеседі. Мұндайда журналист мәтінді түгелдей қайта жазуға мәжбүр болады. Одан да сорақысы – әлі өтпеген іс-шараның өткен шақта жазылуы.
«Кеш өте жоғары деңгейде өтті», «қонақтар керемет әсер алды», «шараға қатысушылар ерекше ризашылықтарын білдірді» деген секілді дайын «қалыптағы» сөйлемдерді алдын ала жіберетіндер де бар. Яғни іс-шара әлі басталмағанымен, пресс-релизде бәрі әсер қалдырып «өтіп кеткендей» көрінеді. Бұл – ақпараттың нақтылығына күмән туғызатын жағдай.
Журналистиканың басты қағидаларының бірі – шынайылық пен дәлдік. Ал ресми мекемелер жіберген ақпаратта мұндай олқылықт ардың болуы тек журналистердің жұмысын қиындатып қана қоймай, қоғамға тарайтын ақпараттың сапасына да кері әсерін тигізеді. Жазушы, публицист Елен Әлімжан пресс-релиздің мәнін журналистиканың кәсіби тұрғысынан түсіндіреді. Оның айтуынша, пресс-релиз – дайын мақала емес, тек журналисті бағыттайтын құрал ғана.
Шынында да, кәсіби журналистикада пресс-релиз сол күйінде жариялана салатын материал емес. Ол – ақпараттың бастапқы нүктесі ғана. Алайда пресс-релиздің өзі сауатты әрі нақты жазылмаса, журналистің ізденісі де күрделене түседі. Ал тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты Әзизә Кәрібаева пресс-релиз жазудың белгілі бір талаптары бар екенін айтады. Оның пікірінше, бұл – ресми ақпараттық жанр, сондықтан құрылымы мен тілі нақты болуы тиіс.
Маманның айтуынша, жақсы пресс-релиз бірнеше негізгі қағидаға сүйеніп жазылады:
Біріншіден – нақтылық. Ақпаратта «кім?», «қашан?», «қайда?», «не болды?», «неге маңызды?» деген сұрақтардың жауабы нақты көрсетілуі керек.
Екіншіден – қысқалық. Пресс-релиз артық эпитеттер мен әсірелеуге толы болмауы тиіс. «Керемет әсер қалдырды», «жоғары деңгейде өтті» деген секілді жалпылама тіркестерден гөрі нақты дерек маңызды.
Үшіншіден – уақыт формасының дұрыстығы. Әлі өтпеген шараны өткен шақта жазу – кәсіби қателік. Егер іс-шара алда өтетін болса, мәтін келер шақта берілуі тиіс.
Төртіншіден – сауатты тіл. Әріптік және грамматикалық қателер ақпараттың беделін түсіреді. Сондықтан пресс-релиз міндетті түрде бірнеше рет тексерілуі қажет. Әзизә Кәрібаева сондай-ақ ресми мәтінде эмоциядан гөрі нақты дерек басым болуы керек екенін де айтты. Өйткені журналист материал дайындағанда дәл осы деректерге сүйенеді.
Бүгінде мемлекеттік органдарда баспасөз хатшылары институты қалыптасып келеді. Бұл – қоғам мен билік арасындағы ақпараттық көпір. Сондықтан олардың дайындайтын материалдарының сапасы да жоғары болуы тиіс. Ақпараттық кеңістікте жылдамдық қана емес, сапа да маңызды. Сауатты, нақты әрі кәсіби жазылған пресс-релиз – журналистің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамға тарайтын ақпараттың да сенімді болуына ықпал етеді. Ал сапасыз пресс-релиздер керісінше, журналисті шатастырып, ақпараттың құнын түсіреді. Сондықтан ресми ақпарат дайындайтын мамандар үшін бір қағида әрдайым есте болуы керек: пресс-релиз – формалдылық емес, жауапкершілік.
Мақпал СҮЙІНБАЙ