Қайырымдылық күні: Таразда ҚАЖ қызметкерлері жазасын өтеушіге көмек көрсетті
15 наурыз – «Наурызнама» онкүндігі аясындағы Қайырымдылық күні. Бұл күні мұқтаж жандарға көмек көрсету, донорлық акциялар мен экологиялық шараларды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Басты мақсат – қоғам арасында мейірімділік, жанашырлық пен бауырмалдық қасиеттерді дәріптеу.
Осы күнге орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекемесінің жеке құрам қызметкерлері мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық іс-шарасын жалғастырды. Дәлірек айтқанда, бұл күні ҚАЖ қызметкер жақын-жуығы жоқ тараздық жазасын өтеушіге қол ұшын созып, аса қажетті киім-кешегін алып берді. Өз кезегінде сотты болған азаматша құқық қорғау қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
– Наурыз – игі істер мен қолдау көрсететін уақыт. Біз бұл күні көмекке мұқтаж жандарға назар аударуды маңызды деп санаймыз. Осындай бастамалар қазақстандықтарды біріктіріп, мейірімділік пен алғыс білдірудің құндылығын еске салады, – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, жамбылдық ҚАЖ қызметкерлері көмектескен 53 жастағы Т есімді нәзікжанды Қылмысты Кодекстің 106 бабының 3-бөлігіне сай кінәлі деп танылып, сот шешімі негізінде 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.