Сыршыл ақынның сыбызғы әндері мен жырлары
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақын, сазгер Сақыпжан Аймаханқызының шығармашылығына арналған «Сыршыл ақынның сыбызғы әндері мен жырлары» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шығармашылық кеште өнер адамының бастауыш сынып оқушыларына арналған логикалық кітаптары туралы да айтылды. Іс-шара барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылық белестері таныстырылып, арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Ақынның поэзиялық және сазгерлік мұрасын кеңінен насихаттауды, ұлттық өнерге қо сқан үле сін көпшілікке таныстыруды және жас ұрпаққа рухани тағылым беруді мақсат еткен кешке қаламгердің шығармашылықтағы до стары, әріптестері келді. Кеш шымылдығы «Қазақ қызы» әнімен ашылып, ақынның жүрек тербеген «Қарақат көзіңнен» әні орындалды. Бұл туындыны қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов орындап, халық жүрегіне жол тартқан болатын. Әдеби кеш аясында ақынның кітаптарына шолу жасалып, жырлары мәнерлеп оқылды. «Ақынмен сырласу» бөлімінде қаламгердің шығармашылық әлемі, өмірлік ұстанымы мен өнер жолы жайлы тағылымды әңгіме өрбіді. Сонымен қатар автордың өз орындауындағы әндер көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кеш барысында Сақыпжан Аймаханқызының «Көзмоншақ» атты жаңа жинағының тұсауы кесіліп, зиялы қауым өкілдері ізгі тілектерін білдірді. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, филология ғылымының докторы Сәмен Құлбарақ, ақынжазушы Меңдібай Әбілұлы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Поэзия мен парасат салтанат құрған бұл рухани кеш көрерменге ерекше әсер қалдырып, ұлттық өнерге деген құрметті арттыра түсті. Әдеби-сазды басқосуды әсерлі етіп жүргізген ақын, кітапханашы Марал Хантөреқызы кеш кейіпкері туралы терең зерттегенін байқатты.
Кеш барысында тек өлең оқылып, ән шырқалып ғана қоймай, оқырмандар Сақыпжан Аймахан қызына сұрақтарын қойып, ашық пікірлесті. Өнерпаз ұстаз қонақ кәде ретінде өзі де домбырамен ән шырқады. Қызылордадан арнайы келген мәдениет қайраткері, Жалағаш аудандық Қазантаев атындағы мәдениет үйінің балетмейстері Роза Боранбаева мен Жалағаш аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Алтын Арай» халық ән-би ансамблінің алғашқы мүшесі Сафура Абсатарова ізгі тілектерін білдірді. Ақынның жүрек тербеген жырлары мен әсем әндері әдеби кеш қатысушыларын сырға толы әлемге жетеледі.
Қамар ҚАРАСАЕВА