Мәдениет

Ұлы дала абызының жырлары поэзия марафонында оқылды

Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» жыр алыбы, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлы дала абызы» поэзия марафонын ұйымдастырды. Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында өткен марафон жыр алыбының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильммен басталды. Сонымен қатар облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының шәкірті Даниал Сұлтанхан арнау орындап, облыстық А.Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры «Халық менің шын атым» атты сахналық қойылым көрсетті. Сондай-ақ жыршытермеші Бекарыс Көштаев Жамбылдың жырларын нақышына келтіріп орындап, көпшілікті тәнті етті.

Жамбыл шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті, ана тілінің көркемдік ерекшелігі мен бай сөздік қорын насихаттауды, ақынның мол мұрасын жас ұрпаққа танытуды және рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен марафонға 20- дан астам қатысушы мәнерлеп өлең оқыған бейнероликтерін жолдаған. Поэзия марафоны аясында бір ай бойы облыстың әр өңірінен қатысқандар Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқып, өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында бейнероликті жариялаған. Олардың арасынан қазылар алқасының шешімі бойынша үздік 11 қатысушы марапаттау кезеңіне өтіп, қорытынды кезеңде сол жаттаған жырларын көпшіліктің алдында оқып, өзара сайысқа түсті.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы Камила Абдуалиева жеңіп алды. Ал екінші орынды Жамбыл ауданының Айша бибі орта мектебінен қатысқан Мерей Жамалбек олжалады. Жүлделі үшінші орынды Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Әлия Отарбаева мен Жуалы ауданынан келген Т.Әкімов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Кристина Чакова иеленді. Өзге де қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА