Аймақ

Былтыр құрылыс сапасына 63 мыңнан астам шағым түскен

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысы саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралып, бірінші кезекте Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға назар аударылды. Жиында мемлекеттік органдардың негізгі міндеті азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтижелерге қол жеткізу екені атап өтілді. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

185 мың отбасы баспана жағдайын жақсартқан

Үкімет отырысында Премьерминистр мемлекеттік органдардың назарын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын орындаудың маңыздылығына аударды.

Жиында Олжас Бектенов құрылыс қарқынын сақтап, сапаны бақылауда жасанды интеллект жобаларын жеделдету мәселесін де сөз етті.

Айта кетсек, Үкімет ел азаматтары үшін мемлекеттік қолдау құралдарын алуды оңайлатуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдаған болатын. Атап айтқанда, тұрғын үй саясатында негізгі рөл атқаратын «Отбасы банкі» АҚ ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Тізімдерді цифрлық форматқа көшіру адам факторын барынша азайтып, тұрғын үйді есепке алу мен бөлу рәсімдерінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша жалпы көлемі 233 миллиард теңгеге 8,5 мыңнан астам несие берілді.

Үкімет отырысында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды.

Бүгінде Құрылыс кодексі аясында мемлекеттік бақылау күшейтіліп, тексеруші органдарға жаңа құралдар, оның ішінде цифрлық технологиялардың кең ауқымы ұсынылып отыр. Мәселен, нысандарды қабылдап алу кезінде құрылысты бақылау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің міндетті түрде қатысу тетігі енгізілді. Бұл апаттар мен өрт қаупін азайтуға мүмкіндік беретін болады.

Үлестік құрылыс саласында талаптар қатаңдатылды

Бұдан кейін мемлекеттің тиісті рұқсаты мен кепілдігі болмаса, құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тарта алмайтын болды, ал банктер ипотека бермейді. Бұл туралы Премьер-министр үкімет отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ ретсіз және заңсыз құрылыстардың алдын алу, сондайақ мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сияқты жағдайларды болдырмау үшін түбегейлі жоспарлау жобаларын түзетуге бақылау барынша күшейтілді. Құжатта сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге баса назар аударылған.

Сонымен қатар құрылыс саласын цифрландыру ісіне ерекше көңіл бөлінеді. Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырып, әртүрлі жүйелерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіруге және артық бюрократия мен мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне биылғы шілде айының соңына дейін жобаларды сараптау бойынша жасанды интеллект модульдерінің пилоттық режимдегі жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар өңірлер әкімдіктеріне 1 маусымға дейін бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарларды Қала құрылысы кадастрына көшіруді жалғастырып, саланы цифрландыру бойынша барлық жоспарды жеделдету тапсырылды.

Үкімет отырысында Премьерминистр бірқатар тапсырма берді. Екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекасын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірлеуде мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту мақсатында қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, көлемін ұлғайту қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын және тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарын одан әрі жетілдіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуі тиіс.

Сонымен қатар «Отбасы банк» АҚ өз кезегінде халықтың осал санаттарын қолдауға баса көңіл бөлуі қажет. Құрылыс кодексі аясында нормативтік актілерді уақытылы жаңарту бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 1 шілдеге дейін нормативтік актілерді жаңартып, қабылдауды, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде үздіксіз бақылап отыруды қамтамасыз етуі тиіс. Құрылыс көлемінің жыл сайын өсуіне байланысты құрылыс материалдарына да сұраныс артып келеді. Сондықтан тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мақсатында қажетті құрылыс материалдарын өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Биыл елімізде осындай 38 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Өнеркәсіп министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, олардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Қазақстандықтарға 18 мың жеңілдетілген ипотека беріледі

Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, саланы жандандыру үшін құрылысты қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейту бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар биылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу және инженерлік инфрақұрылым тартуды қаржыландыру өңірлер мен жергілікті бюджеттерге берілген жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты министр өңір әкімдіктеріне аталған бағыт бойынша жеткілікті қаржыландыруды алдын ала пысықтауды тапсырды.

Биыл 18,5 миллион шаршыметр тұрғын үй салынады

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Үкіметке жеті жыл ішінде 111 миллион шаршыметр тұрғын үй салуды тапсырған болатын. Осы мерзім аралығындағы үш жылда тұрғын үй құрылысы жоспарланған көрсеткіштен асыра орындалуда. Мәселен, былтырғы жоспар 19,2 миллион шаршыметр болған болса, жыл қорытындысы бойынша ол рекордтық көлемде жүзеге асқан, яғни 20,1 миллион шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, жоспарлы көрсеткіш 18 өңірде артығымен орындалды. Биылғы тұрғын үй құрылысының болжамды көлемі 18,5 миллион шаршыметрді құрамақ және қосымша шаралар қолданылған жағдайда бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Ең жоғары көлем Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болады деп болжанып отыр.

Жалпы, тұрғын үй с аяс атын біртіндеп жүзеге асыру азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өте маңызды. Мысалы, өткен жылы мамырда заңнамаға түзетулер енгізіліп, әкімдіктердің тұрғын үйді есепке алу және бөлу функциялары «Отбасы банкке» берілген болатын. Сонымен қатар, тұрғын үй туралы заңға түзетулер енгізіліп, бұрын «сатып алу құқығы жоқ» жалдамалы тұрғын үйді жеке меншікке аударуға рұқсат берілді. Нәтижесінде өткен жылы 15 мыңнан астам азамат аталған құқықты пайдаланған.

Сонымен қатар тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау арқылы 11 мыңнан астам азамат көмек алған, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге бөлінді. Биыл да жалдау ақысын сол көлемде субсидиялау жоспарланып отыр.

Құрылыс саласындағы қызметтер онлайн-форматқа көшірілді

Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің құрылыс саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер толығымен онлайн-форматқа көшірілгенін хабарлады.

Министрдің айтуынша, бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі жəне барлығы онлайн форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнес үшін қызмет алуды жеңілдетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызметтердің 96 пайызы электрондық форматта көрсетілді. Бұл саланы цифрландыру деңгейінің жоғары екенін аңғартады. 2026 жылғы 9 қаңтарда 2026-2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландыру жоспары бекітілді.

2025 жылдың соңында Астана қаласында құрылыс барысын компьютерлік көру жəне жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Жыл соңына дейін жобаны кеңінен тарату жоспарлануда. Жүйе жер учаскелерін мақсатсыз пайдалануды жəне қала құрылысы жоспарларынан ауытқуларды ерте кезеңде автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл превентивті бақылау құралын қалыптастырып, құрылыс барысына жедел мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

Оның айтуынша, құрылысты цифрландыру саланы барлық қатысушылар үшін тиімдірек, ашық əрі қауіпсіз етеді. Мемлекетке жер мен бюджет қаражатын пайдалануды қадағалау жеңілдейді. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тəуекелдері азаяды. Цифрлық шешімдер бизнеске бюрократияны болдырмауға, рұқсаттарды тезірек алуға жəне дизайн шығындарын азайтуға көмектеседі. Азаматтар үшін бұл цифрлық бақылаудың арқасында құрылыс сапасының артатынын жəне тұрғын үйді сатып алар алдында нысан туралы толық ақпаратты алдын ала білу мүмкіндігінің бар екенін білдіреді.

«Тұрғын үй бағасы төмендемейді»

Үкімет отырысында осылай деген «Отбасы банк» АҚ басшысы Ляззат Ибрагимова тұрғын үй бағасына қатысты болжамын айтты. Оның айтуынша, 2026 жылы нарыққа 2000 жылдары туған балалар келеді.

«2000 жылы бізде 222 мың бала дүниеге келген. Ал 2007 жылға қарай 321 мың 900 бала туды. Яғни, сол жеті жыл ішінде өсім 15-20 мыңға жетті, ал қазір сол жастар нарыққа енуде. 2000 жылы туғандар қазір 26-27 жаста, олар тұрғын үй нарығында жоғары сұраныс тудырып жатыр», – деп атап өтті ол.

Ляззат Ибрагимованың сөзінше, былтыр Қазақстанда 20,5 миллион шаршыметр тұрғын үй немесе 150 мыңнан астам пәтер салынды. Ал олар түрлі бағдарлама бойынша және екінші деңгейлі банктер арқылы белсенді түрде сатылып жатыр.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП