Шахмат жасқа қарамайды
Таразда классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық кезеңі аяқталды. Бәсеке 14 жастағы Айару Алтынбек пен 15 жастағы Дінмұхаммед Түлендиновтың жеңісімен аяқталды.
Соңғы тур алдында Қазақстан чемпионатының финалына жолдама беретін үш үздік орынға үміткерлер әйелдер арасында 8 адамға, ерлер арасында 11 адамға дейін қысқарды. Айару Алтынбек Кристина Киммен әдеттегі шабуыл стилінде ойнап, 7-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал 2-орынды 13 жастағы Ақнұр Мамакова иеленді. Сондай-ақ 2009 жылғы Қазақстан чемпионы Мадина Давлетбаева мен 20 жасқа дейінгі (U20) жасөспірімдер чемпионатының жеңімпазы Жанбота Камарованың партиясы ұзақ күреске қарамастан, толық позицияда тең аяқталды.
Ерлер арасында соңғы тур алдында Сәтбек Ахмединов, Асман Баянтас және Дінмұхаммед Түлендинов үшеуі көш бастады. Құрметті тұғырға Дінмұхаммед Түлендинов көтерілді. Халықаралық гроссмейстер тараздық Мадина Давлетбаевамен сөйлестік.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 3,3 миллион теңге. Екі жеңімпаз әрқайсысы 750 000 теңгеден бөліп алды, 2-орын иегерлері – 550 000 теңге, 3-орын иегерлері 350 000 теңге иеленді. Ақшалай сыйлықтардан бөлек, әр санаттағы үш жеңімпаз 2026 жылғы Қазақстан Республикасы чемпионатының финалына қатысуға жолдама алды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА