Қоғам

Әйел жаны – өмір айнасы

Көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында «Әйел жаны – өнер айнасы» атты суретшілер мен қолөнершілер арасында ұжымдық көрме ұйымдастырылды. Халықтың ұлттық құндылығын қайта жаңғырту, қолөнершілер мен суретшілердің және жас дарынды шеберлердің әлеуетін арттыру мақсатындағы көрмеде өңірдің көркем өнері мен мәдениетін өркендету көзделді. Шығармашылық өнер адамдары арасында біліктілік және әлеуетін дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сағаттары да өткізілді. Көрмеге Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, облыстық қолөнершілер одағы, «Қолөнер-Тараз» қоғамдық бірлестігі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, «Шебер-шаңырақ» қоғамдық бірлестігі, Бейнелеу өнер мектебі, оқушылар сарайының мұғалімдері қатысты.

Суретшілер одағы мүшелерінің кескіндемелері, графикалық, акварельдік жұмыстары, жас суретшілердің арт-дизайн смаладан жасалған туындылары, гипс, бисер, батик, габилен стильдегі жұмыстары қойылған көрме келушілерге көркемдігімен көтеріңкі көңілкүй сыйлады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің зергерлік бұйымдары, тоқыма-сәнді қолданбалы өнердің әшекей бұйымдары, ұлттық нақыштағы әйелдердің киім үлгілері, кестелеп тоқылған қолөнер түрлері, қыштан жасалған бұйымдары да осы көрмеден орын алды. Қолөнердің әр түрінен өткен шеберлік сағаттарда үздік жұмыстардың жасалу тәсілдері көрсетілді.

Атап айтсақ, Бейнелеу өнер мектебінің мұғалімдері Бағила Орманова мен Меруерт Бақтиярова киіз басу және ағаштан әшекей түйреуіш жасау әдісін үйретсе, ісмер Салима Усибалиева өрмек тоқу бойынша, шебер Рамина Файзулова кенеп бетіне майлы бояуда кофемен сурет салу әдісін, «Шебер-шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ши тоқу тәсілін көрсетті.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолөнер нұсқаушысы Айгүл Базарбекова бастаған аналар қазақтың ұлттық киімдерінен сән көрсетілімдерін ұсынды. Жалпы 50 шебердің 200- ден астам жұмысы қойылған көрмені құттықтау сөзімен ашқан облыс бойынша креативті саланың үйлестіруші өкілі Сара Мәдиева қолөнердің мән-маңызына тоқталды.

Суретшілер одағының мүшелері Сейдрахман Азизов пен Мұхтар Егезеков, Қазым Аманқосов барша қызкеліншектерді мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА