Бүкіл құжатты жатқа біледі
Шайдана ауылындағы орта мектептің іс жүргізушісі Гүлшат Абжапарованы әріптестері «Архивтің бастығы» деп атайды. Олай деуге негіз де жоқ емес. Жиырма жыл мектептің іс жүргізушісі болып жұмыс істеген оның қолынан өтпеген құжат жоқ. Қазір де бәрін жатқа біледі. Мектеп директорынан бастап ұжымның кіші қызметкеріне дейін іздегенін осы кісіден табады.
Гүлшат Айтжанқызы Жамбыл медициналық колледжін «фармацевт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын қаладағы дәріхананың бірінде қабылдау қоймасының қойма меңгерушісі болып бастайды. Одан кейін «Пионер» совхозында аспаз болып еңбек етеді. Ал 2006 жылы Шайдана бастауыш мектебіне іс-жүргізуші болып орналасады. Зейнет жасына жақындаған ол бүгінде орнын жас маманға беріп, өзі лаборант болып жұмыс істеп жүр.
Еңбегі елеусіз емес. Жұмыс барысында басшылық тарапынан алған марапаттары бар. Ал Гүлшат Айтжанқызының жұбайы Еркін Юсупов «Еділ» шаруа қожалығының жетекшісі. Егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Олар немере сүйіп отыр. Мектеп директоры Сандуғаш Есбулаеваның айтуынша, Гүлшат өз ісін жақы білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын маман.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы